Айнұр Кәкенқызы, дәрігер: «Адамға көмек көмек көрсету – басты міндет»

Oinet.kz 23-12-2017 876

Screenshot_40.jpg

Айнұр Кәкенқызы, Талғар аудандық емхананың бас терапевт-дәрігері, күндізгі станционардың меңгерушісі        

Терапевт дәрігердің бізге айтары көп. Аурудың пайда болу себебінен басталған әңгімеміз бүгінгі созылмалы ауруға шалдығатын науқастардың жасарып келе жатқаны туралы мәселені де айналып өтіп кете алмады. Сырқаттанған жан үшін алғашқы медициналық қызметтің дереу әрі сауатты көрсетілуі – өте маңызды. Үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап ететін бұл мамандықтың қыр-сырын түсіну үшін осы сала маманының да пікір-пайымын ортаға салғымыз келді. 

– Тегінде медицина саласына кездейсоқ адам келмейді. Сіз де бұл салаға аяқ асты келе қалмаған боларсыз. Дәрігер болсам деген арман қай кезден сізді алға жетеледі?

– Бұрынғы Талдықорған облысы, Сарыөзек ауылында дүниеге келдім. Ауылымыздағы дәрігерлер, ауылдың аурухана мен емхана – маған қатты ұнайтын. Нақты қай жасымнан дәрігер боламын деп шешкенім есімде жоқ, бірақ, есімді білгелі болашағымды тек осы мамандықпен байланыстырған едім.

Біздің оқушы кезімізде мектепте үлгерімі нашар болу – ұят саналатын. Сондықтан, кішкене күнімнен талмай оқып, білімді шаршамай игеруді әдет қылдым. Мектепте кілең бестікпен ғана оқу жеткіліксіз болып көрініп, түрлі үйірмелер мен қоғамдық жұмыстардан да сырт қалмайтын едік. Осылайша, мектепте озат оқып, 1992 жылы тоғызыншы сыныпты үздік бағамен бітіріп,   Алматы қаласындағы  республикалық медицина училищесіне түсіп, оны 1995 жылы қызыл дипломмен аяқтадым. Осылайша, бала кезден дәрігер болсам деген арманым орындалып, Алматы қаласындағы Педиатрия иститутына медбике болып жұмысқа тұрып, осы жерде 2002 жылға дейін жұмыс істедім. Жұмыс істей жүріп, білімімді одан да әрі шыңдай түсу керегін сезіндім. Сөйттім де, 1996 жылы С.Асфендияров атындағы медицина университетінің «Емдеу ісі» факультетіне құжаттарымды тапсырып, сынақтан сүрінбей өтіп, тағы да студент атандым. Енді күндіз медицина мамандығының қыр-сырына үңіліп, білімімді шыңдасам, кешкісін Педиатрия институтында  медбике болып жұмысымды жалғастыра бердім.

2002 жылы жоғарғы оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, Алматы қалалық №7 Жедел жәрдем стансасында дәрігер болып қызметке тұрдым. 2005 жылдан Алматы қаласындағы Президент Іс басқармасының ауруханасының кардиология бөлімінде дәрігер-кардиолог болып еңбек еттім. 2015 жылдан Алматы облысы, Талғар аудандық ауруханасының бас терапевт дәрігері, күндізгі стансионардың меңгерушісі болып қызметке келдім.

– Мұнда емделушілердің саны көп пе?

– 20 төсекке арналған күндізге емдеу станционарына келіп емделетіндер саны көп. Орта есеппен айына 130-140 адам келіп, ем-дом алады.

– Олардың орта жасы нешеде?

– Басым көпшілігі орта және егде жастағы адамдар. Жастар да жоқ емес. Жалпы, қырық жастан соң, ал кейбірінде отыз-отыз бес жастарда көптеген адамдарда созылмалы ауру түрі көбейеді. Мұның негізгі себептерінің бірі нашар экология, үлкен қалалардың стерске бейім өмірі. Соның себебінен бір адамға аурудың бірнеше түрі қоса жабысады. Нәтижесінде адам дәрі-дәрмекті көптеп тұтына бастайды. Дәрігермен кеңесіп, солар ажызп берген дәріні ішсе жақсы ғой, көп жағдайда өздері дәріханалардан сатып алған дәріні тұтына бастайды.

Жалпы, адамның жасы қырықтан асқан соң жылына ең болмағанда екі рет медициналық тексерулерден өтіп тұруды әдетке айналдырған абзал. Дәрігердің еміне ғана жүгінбей, салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі шипажайларға барып, күніне бір сағат уақыт тауып таза ауада серуендеуді айналдырса, бізге келетін науқастардың да жасарып бара жатқанын айтып, дабыл қақпас едік...

– Халықты негізінен қандай ауру түрі мазалайды? Жалпы, кімдерге бірінші кезекте көмек көрсетесіздер? Және ол көмекті қалай бересіздер?

– Күндізгі стационарда тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында халыққа жалпы терапиялық бейін бойынша ауруханада тәулік бойы болуды талап етпейтін жіті және созылмалы аурулары бар, бірақ күндізгі мезгілде және үйінде емдеу тағайындалған науқастарға көмек көрсетіледі. Бөлімше қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген, яғни  алаңсыз ем-дом алып, денсаулықтарын түзетуге толықтай жағдай жасалған. Жүректің ишемиялық аурулары, артериалды қан қысымы, суық тию, бүйрек, өт жолдарының қабынуы сияқты, сайып келгенде саматикалық ауру түрлері жиі кездеседі. Стационар жұмысы таңертеңгі сағат сегізде басталып, түс ауа сағат үште аяқталады. Көп жағдайда  науқастың диагнозын дұрыс анықтау үшін анализдердің қорытындысына жүгінемін. Белгіленген дәрі-дәрмек пен  емдік шаралардың тиімділігі, емделушінің денсаулығының тәуір болуына, тіпті дертінен айығып кетуіне жол ашады.

«Дәрігердің дәрісі емес, сөзі ем» дегенді халық тегін айтпаса керек. Мұнда қызмет көрсететін білікті де тәжірибелі мейірбикелер Ләззат Ережепова, А. Жайлаубаева, Г. Көпбосыновалар жаны күйзеліп келген әрбір науқасқа айрықша мән беріп, мейірімділік таныта отырып дәрігер тағайындаған емдік процедураларды жүзеге асырады. Сырқат түріне қарай берілетін екпелерді айтпағанда, тамырға жіберілетін үлкен құтыдағы түрлі дәрілік қоспалар, олардың тамырға жіберілу мөлшері, сырқаттың ем алу кезіндегі жағдайы-бәрі осы жандардың жіті қадағалауында.  Сондықтан да мұнда келіп, шипа көрген жандар рахметін айтып, ризашылықтарын білдіріп жатады.

– Қиындығы мен сауабы қатар жүретін ізгі мамандық иелеріне қойылатын талап та, жүктелетін жауапкершілік те  қашан да жоғары.  Жанын мазалаған дертке шипа іздеп келетін сырқат жандарға  мейірім шуағын  төге отырып, тиесілі ем-домын жасап, айығып кетуіне жол аша білетін дәрігердің еселі еңбегі зор құрметке лайық. Осындай биік үрдістен көріне білу үшін қандай білім мен білік керек?

– Дәрігер-терапевт – сырқаты меңдеген жанның ауруы туралы алғашқы диагноз қоятын және емделу үшін ары қарай не істеу керегі туралы мағлұмат беретін маман. Науқастың айтуы бойынша оның көңіл-күйі жайында ақпарат алып, дене қызуы мен қан қысымын өлшеп, өкпе тұсын тыңдап, қажет болған жағдайда басқа да тексерулерден өткізіп, науқасқа тиесілі емдеу әдісін анықтайды, не болмаса, басқа да тексерулерге бағыт беретін маман терапевт.

Дәрігерлер даярлайтын ЖОО барлығында дерлік терапевт дәрігерлер даярланатынына қарамастан, бұл маман иелеріне деген сұраныс, жыл сайын артып келеді.

Енді бұл саланың негізгі ерекшелігіне тоқталайын. Менің ойымша, терапевт әр пациенттің денсаулығына ерекше жауапкершілікпен қарауы тиіс маман болғандықтан, бұл салаға көпшілік ерекше құрметпен қарайтын секілді. Сондай-ақ, дұрыс диагноз қоя білу үшін терапевтке жақсы есте сақтау қабілеті мен өте ауқымды ақпаратқа бейімделе білу қасиеті қажет. Кей жағдайда, жағдайы өте ауыр науқасты қабылдаған кездерде, өзін эмоциональды тұрғыдан берік ұстайтын, науқаспен бірлесе отырып, тез және дұрыс шешім қабылдайтын біліктілік керек болады. Терапевт адамдармен тікелей жұмыс істейтін маман болғандықтан, оған биязы және ашық жарқын мінез қажет деп ойлаймын.

Дәрігер-терапевт пациентті алғаш қабылдағанда оның хал-жағдайын бағалау үшін тексеру жүргізеді және пациенттің шағымын негізге алады. Осы алғашқы тексерудің нәтижесімен тәжірбиелі дәрігер алғашқы диагнозды қоя алады, ал қойылған диагнозға сенімді болған жағдайда ем жасау жұмысын бастайды. Сондай-ақ, аурудың туындау салдарын толық ашу үшін анализ тапсыруға және басқа да емдеу шаралары үшін жолдама береді. Дәрігер-терапевт пациенттің шағымы мен тапсырған анализіне байланысты, ары қарай, пациентке қай маманға жолдама беру керектігін жақсы білуі керек. Бұл мамандар пациенттің ауру тарихы құжатын толтыру, рецепт жазу секілді қағазбастылық жұмысты игеруі де міндет. Сондықтан, терапевт дәрігер үнемі өзін-өзі жетілдіріп және дамытып отыратын мамандық иесі дер едім.

– Сіздің ойыңызша жақсы дәрігер деген кім?

– Ол өз ісіне адалдықпен қарай алатын маман. Денсаулығына қатысты әр науқастың сұрағына жауап таба білетін, өзін-өзі ұдайы жетілдіріп отыратын, өз саласына қатысты барлық соңғы жаңалықтардан хабардар, емдеудің жаңа методикасын зерттеп, біліп жүретін, әрбір науқасты сол науқасқа керек әдіспен емдейтін маман дер едім.

Осы жұмыс барысында әр жастағы, білімі де, әлеуметтік жағдайы да әртүрлі науқастармен кездестім. Олардың әрқайсысымен түрлі жағдайда тіл табыса білуің керек. Терапевт тек дәрігер ғана емес, психолог және әлеуметтік қызметкердің де білігін ішінара білуі тиіс.

– Науқасқа нені түсіндіріп айту қиын деп ойлайсыз?

– Бүгінгі замануи адамды салуатты өмір салтын ұстаныңыз деп көндіру қиынның қиыны. Қарбалас тіршілікте олар ең маңызды денсаулық екенін ұмытып кетеді де, сырқаты меңдеген соң сол аурудың жабысуына ең алдымен өзі кінәлі болғанын ұмытып, емдеп жаза алмаған дәрігер қауымға кінә артқысы келіп тұрады. Мықты денсаулық – адамның тікелей өзіне байланысты екенін ұзақ айтып жатып түсіндіреміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы

Мадина Сәдуақасова: «Ән – айтушының да, тыңдаушының да жанын емдейді»
Мұқан Егізбаев: «Оңтүстікке шипа іздеп келетіндер көбейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу