Жаураған оқушылар, айра-жайрасы шыққан мектеп

Oinet.kz 25-11-2021

Түркістан облысының білім саласы қай кезде де айқай-шудан, дау-дамайдан көз ашпағалы қашан. Рас, өңірдің білім саласында өзіндік өзгешеліктер жетерлік. Оқушының санының көптігі мен ұстаздар біліктілігінің төмендігінен бастап, облыстық білім басқармасының «адами әлуетті дамыту басқармасы» деген елде жоқ ерекше атауына дейін... 

200324094808636e.jpg

Директорлардың сыбайластыққа барды деген айыппен тұтқындалуын былай қойғанда, жуырда бір аудандық адами әлуетті дамыту бөлімінің басшысы пара алды деген күдікке ілікті. Оқушылар арасында суицид оқиғалары бойынша облыс республикада үшінші орында тұр. Енді міне, бюджеттің бүйірі тоқ заманда  мектептегі жөндеу жұмыстары  уақытында қаржыландырылмай, оның зардабын оқушы мен ұстаздар тартуда. Ал, жұртшылық үлкен сенім артқан, «ерекше» басқарманың басшысы Рахымбек Жолаевтың өкінішке қарай,  жолы ауыр болып тұр.

«Рейтинг» газетінің редакциясына осы аптада Мақтаарал ауданы тұрғындарынан хат келді. «Дабыл қағамыз!» деп басталған хатта Өркениет, Пернебаев ауылдарында тұратын ата-аналар ұл-қыздары білім алатын Бірлік мектебіндегі жағдайға алаңдаушылық білдіріпті.

Мәселенің мәнісі былай, биыл мамырда 570 оқушы білім алатын, іргетасы жетпісінші жылдары қаланған аталған білім ұясын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Тендер өтіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуді «Азия строй» компаниясы мойнына алған.  Жұмыстарына қызу кіріскен құрылысшылар ә дегеннен мектептің ескі шатырын, есіктерін алып, парталарды далаға шығарып тастаған. Мектеп ауласы күл-қоқысқа үйіліп қалады.  Жоспар бойынша күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекте аяқталып, оқушылар жаңа оқу жылын жаңарған білім ұясында қарсы алуы тиіс болған. Алайда құрылысшылардың екпіні су сепкендей басылған, берілген уәде созбұйдаға салынған. Мектеп әлі күнге айра-жайрасы шыққан күйі жатыр. 570 оқушы санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда білім алып жүр.

– Үш ғимаратқа қатынап, 2-3 шақырымнан келіп оқитын оқушыларға, мектеп мұғалімдеріне жаның ашиды. Ал, осы құрылыстың уақтылы аяқталуына жауапты басшылардың неге жандары ашымайды, неге ойланбайды?  Білім саласына жауапты басшылардың тірлігі не деген салғырттық! Облыстық адами әлуетті дамыту басқармасы қайда қарап отыр? Мен құрылыстың басына бүгін барып қайттым, жұмысшылар шатырын енді жаба бастапты. Бірақ, мектеп ішінің бәрі талқандалып жатыр. Құрылыс жұмыстары жаңа жылға дейін созылатын сияқты. Егер басшылар ертерек қимылдап, жауапкершілік танытқанда оқушылар мен ұстаздар бұлай қиналмас еді ғой,– деді бізбен хабарласқан Пернебаев ауылының биі Ыдырысхан Нұрхожаев. Елдің көкейіндегі жанайқайды жеткізген  Өркениет ауылының биі Серік Қошқаров пен Пернебаев ауылының тұрғыны Қаныбек Иманбердиев те осындай пікірлерін білдірді. Ал бұған білім саласындағы басшылар не дейді?

Біз хабарласқан Бірлік мектебінің директоры Дінмұхамед Сариев ата-аналардың айтып отырған жанайқайын жоққа шығарған жоқ. Оның айтуынша, құрылыстың кешігуіне қаржының уақтысында түспеуі себеп болған. Яғни, мердігер тарапынан ешқандай ағаттық кетпеген сияқты.

Screenshot_1.jpg

– Құрылыс шілдеде басталған. 1 қыркүйекте бітуі тиіс еді. Құрылысшылар жұмысты өз қаржысымен бастап кеткен. Бірақ, бюджеттен бөлінуі тиіс қаржы кешікті. Оны неге уақытында бөлінбегенін білмеймін. Аудан әкімі, депутаттар араласып жүріп, қаржы өткен аптада мердігерге аударылды. Қазір жұмысшылар шатырын жауып жатыр. Шамамен 70-80 пайызы жабылып қалды. «Жаңа жылға дейін құрылысты толық бітіріп береміз» деп отыр. Ал, оқушылар бірінші тоқсанды Болашақ мектебінің ескі ғимаратында оқыған. Бірақ, оның жылу жүйесі жоқ. Күн суып кеткен соң бастауыш сыныптар мектеп жанындағы қосымша ғимаратта, жоғары сыныптар көрші Қоңырат ауылындағы мектепте білім алып жатыр, – деген директор ұстаздардың ары-бері сабылып жүргенін де жасырған жоқ.

Мақтарал аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаевтың айтуынша, Бірлік мектебіндегі жөндеу жұмыстарына қаражат «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаралуы тиіс болған. Республикадан бөлінген қаржы облысқа, одан әрі ауданға келіп түскенше көп уақыт өтіп кеткен көрінеді.

– Ақшаны осы айдың басында түсіріп берді. Мердігердің істеген жұмысына ақша аударылды. Қазір шатырын жауып бітірді. Енді ішкі әрлеу жұмыстарына кіріседі. Дүйсенбіде газ қосамыз. Тәуелсіздік күніне қарай толық бітіреміз деп отыр, – деді бөлім басшысы.

Директор «шатыр 70-80 пайызға жабылды» дейді, ал бөлім басшысы «толық бітті» деп отыр. Бірі жөндеу жұмыстары «жаңа жылда бітеді» дейді, екіншісі «16 желтоқсанда аяқталады» дейді. Қайсысына сенуге болады?  

Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, құрылыс жұмыстары кеш басталып, соның зардабын оқушы мен мұғалімдер тартып жатқан білім нысандары бұл ғана емес. Облыста бірқатар мектептердің жылу жүйелері енді жаңартылып жатыр. Соның салдарынан оқушылар суық сыныптарда білімдерін толық ала алмай отыр. Ертең қар жауып, аяз қысса не болмақ?

Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаевтың кешегі күні «Nur Otan» партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссисы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен жиынында берген есебіне қарағанда, білім нысандарын жөндеуге қаржы кеш бөлінген.

Биылдан бастап барлық білім ұяларының тікелей Адами әлеуетті дамыту басқармасының құзырына көшкені белгілі.  

Облыстың бас мұғалімінің өзі мойындағандай, бұл өзгерістен кейін басқарманың жүгі ауырлаған. Білім сапасын бақылау жайына қалып, басшылар «завхоздың» деңгейіне түсіп жүр. Қанша дегенмен бір басқарманың мыңға жуық мектепті бақылауға шамасы жетпейді. Ал, балабақшалардың жайы тіптен бетімен кеткен. Сонда білім саласын орталықтандырудың ақыры осындай былық-шылыққа алып баратынын жоғарыдағы басшылар уақытында ойланбаған ба? «Көтере алмас шоқпарды беліне байлап алған» басқарма басшысы Рахымбек Жолаев баттасқан былық-шылықтан шығудың жолын таба ала ма? Жүгі ауыр сұрақтың жауабы жоқ.

"Рейтинг" газеті, №47, қараша, 2021 ж

Назарбаев билікті Тоқаевқа тапсыратын болды
Махажанов пен Есбаевқа «екі қойың бір сом» болып жүр


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×