Асанбай АСҚАРОВ: Халқым аман болса, мен де аманмын

Oinet.kz 15-09-2022 911

Биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың дүниеге келгеніне – 100 жыл! 15 қыркүйек – туған күні! Бірақ, елімізге өлшеусіз еңбек сіңірген, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын басқарған Асанбай Асқарұлын бүгінгі билік ескерусіз қалдырды десек те болады

Screenshot_1.jpg

Әйтпесе, өмірі ұлтқа адал қызмет етудің өнегесіне айналған тұлғаның ғасырлық тойын республикалық деңгейде дүркіретіп өткізуге кім кедергі?! 100 жылдығы қарсаңында есімін қолтаңбасы қалған Шымкенттің бір ауданына берсек те жарасар еді. 90 жылдығы қарсаңында зиялы қауым өкілдері қолдап, біраз белсенділер Еңбекші ауданын Асанбай Асқаровтың атымен атау туралы «Рейтинг» газетінде бастама көтерген. «Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданын биыл 90 жылдығын ел болып еске алатын аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстары партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметтерін абыроймен  атқарған атақты Асанбай Асқаровтың атындағы аудан деп ауыстырсақ...» деген белгілі жазушы Серік Жанәбілдің ұсынысынан соң редакциясына хабарласқан оқырмандар легі толастамап еді. Біреулері хат жазса, енді біреулерімен телефон арқылы тілдесіп көзқарастарын жеткізді. Солардың арасынан Асекеңнің өзімен өмірде аралас-құралас жүрген, үзеңгілес серігі болған, тәлім-тәрбиесін көрген  шәкірті атанған азаматтардың қатарында еңбек ардагерлері Николай Кабиров, Нұрмахамбет Әжіметов, Шымкент қаласының құрметті азаматы Клара Әліпова, сол кездегі облыстық мәслихаттың депутаты Сұлтанбек Сүгірбаевтың жүрекжарды лебіздерін оқырман назарына ұсынғанбыз. Ескерілмеді. Дегенмен, әлі де кеш емес, Еңбекші ауданын Асанбай Асқаровтың атымен аталады деген үміт бар...

Төртінші аудан құрылғанда да, Қаратау аталмай тұрып та айтылды. Өтпеді. Биыл да енді құрылып жатқан мегаполистың бесінші ауданына ұсынылды. Халықпен санастық деп жұртты алдаусыратқан билік бесінші ауданды Тұран деп атауды құп көрді. Өзі салдырған ипподромды қиратып, дендросаябақты қуратып, демалыс аймағына төрт жыл бұрын есімін бергеніміз болмаса, Асқаров осылай аудансыз, атаусыз қалды. Тіпті таяуда Үкімет қаулысымен білім және мәдениет ұяларына есімдері берілген белгілі тұлғалардың қатарына да енбеді. 

Ақиық азаматтың қапаста қаншама азап шексе де өзінің азаматтық болмысын сақтап қалғаны, қайта қайратта, жігерлене түскені таңқаларлық. Оған күш берген халықтың ыстық ықыласы еді. Осындай елдің сүйіспеншілігіне бөленген Асанбай Асқаров 1985 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан зейнеткерлікке шығып, 1987 жылы Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырды деген жалған айыппен тұтқындалып, Алматы, Мәскеу, Бішкек түрмелерінде төрт жарым жыл қамауда отырды. Бүгін жазушы Серік Жанәбілдің 10 жыл бұрынғы ұсынысын, сол бір қиын «тар жол тайғақ кешуде» Асекеңмен бірге болған, қолтығынан демеген жора-жолдастарының хаттарын, естеліктерін «Рейтинг» газетінің мұрағатынан алып, назарларыңызға қайта ұсынып отырмыз. 

Асанбай Асқаров ауданы деп ауыстырсақ...

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерi, Социалистiк Еңбек Ерi Асанбай Асқаровтың Оңтүстік Қазақстан облысын өркендетуге, өзіндік өшпес ізі мен өлмес қолтаңбасын қалдыруға есепсіз тер төккені, ерен еңбек сіңіргені жұртқа жақсы  мәлім. Аласапыранға толы дүбірлі ғасырда  айтулы тұлға Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстары партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметтерін   абыроймен  атқарып, тұтас Оңтүстiк өңiрiнiң, оның ішінде, әсіресе, Шымкенттiң әлеуметтік-экономикалық және мәдени өркендеуiне ерекше серпін берді. Шымкенттің  шырайлы шаһарға айналуына Асекеңнің өлшеусiз еңбек сiңiргенiн дәлелдеп жатудың өзі артық..  Ұйымдастырушылық қабiлетi жоғары басшының iскерлiгiмен қалада көптеген әлеуметтiк құрылыстар, шағынаудандардың бой түзеп, кәсiпорындардың салынғаны өз алдына, ардақты азаматтың бастамасымен облыс орталығында көпшіліктің  көз қуанышына айналған дендросаябақ, зообақ, «Тұлпар» жасанды көлi, балалар темiржолы халықтың игілігіне тапсырылды. Өгем өзенiнен су тартатын канал қазылды, «Шымкент-Ташкент» күрежолы iске қосылды. Бүгінде  Шымкенттің еліміздегі үшінші қала мәртебесіне ие болуы да Асқаровтың еңбегінің арқасы десек артықтық етпейді. Айта берсе, А.Асқаровтың Оңтүстiктi өркендетудегi iзгi тiрлiктерiнiң iзi сайрап жатыр. Тіпті қазір де Асекеңнің кезінде жасап кеткен жобаларының біразын жүзеге асыруға әбден болады.  

Тірі болғанда биыл Асанбай Асқаров 90 жасқа келер еді. Шымкенттіктер Асекеңнің есімі мен оның ел-жұртына жасаған ерен еңбегін ешқашан ұмытпайды. Асыл азаматымыздың өзі дүниеден озса да, артына қалдырған рухани дүниесі тозбайды.  Асқаровтың мол мұрасы келешек ұрпақ тағылым алар Отан байлығына, халық қазынасына айналды. Бүгінде Шымкент қаласында халық жанашырының атында көше, мектеп бар. Әйткенмен, ұлтымыздың біртуар ұлының алдағы қыркүйек айында аталып өтетін 90-жылдық мерейтойы қарсаңында облыс орталығы Шымкенттегі Еңбекші ауданын Асанбай Асқаров ауданы деп ауыстырсақ.... Осы мәртебеге тірісінде аты аңызға айналған тұғырлы тұлға әбден лайық деген ұсынысым бар. Бұл бастаманы көзі ашық, санасы ояу қазақ елінің игі жақсылары, зиялы қауым өкілдері, ең бастысы қарапайым халық  бірауыздан қолдайтынына сенімдімін. Елімізде Сәбит Мұқанов атындағы аудан бар. Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев, Қарасай батыр, Әуезов,  Махамбеттің, Құрманғазының  атында аудандар бар. Ал Шымкентте Әл-Фарабидің, Абайдың атындағы аудан бар. Ендеше Еңбекші ауданын Асқаров ауданы деп ауыстыруды ел болып талқылап көрейікші. 

Серік ЖАНӘБІЛ,

жазушы, мәдениет қайраткері, 

Алматы облысы Ақсу ауданының құрметті азаматы. 

«Достарыңыз тілеулес»

«Ардақты аға Асеке! Жаратушы Құдырет үстінен жалақор арыз түскен Иов деген пайғамбарды сынамаққа неше түрлі азапқа салған. Ақыры ақ екеніне көзі жетіп, бақытты ұзақ өмір сүрген. Құдырет Сізге шарболаттай төзім, қайсар қажырлық бергей деп тілейміз. Ақиқатқа көз жеткізу қиын әрі ұзақ болса да шыдамыңыз таусылмаса екен, баяғы батыр бабалардың рухы қолдап, әділеттік жеңгенше мойымасаңыз екен деген үміттеміз. Достарыңыз тілеулес. Дұшпандарыңыз Сізді қажып-қалжырап, пенде болғаныңызды қалайды. Ендеше досқа күлкі, дұшпанға таба болмас үшін де шыдап бағыңыз. «Қызыл Жебенің» соңғы кітабының алғашқы тарауларын беріп жібердім. Қолыңызға тисе, бәлкім, аз да болса қуат берер деп едім. Сізге Құдыреттен жігер тілеуші – Шерхан Мұртаза». 

«Сіздің қылмысыңыз жоқ» 

«Қымбатты Асанбай аға! Денсаулығыңыз қалай? Халқыңыз бәрін біліп отыр, тек жекелеген адамдар болмаса. Бірақ түбі бәрі орнына келеді, мен бұған сенемін. Әйелдерді ұйымдастырып хат жазып, барам ба деп отырмын. Аға, тек өзіңіз берік болып, саулығыңызды күтіңіз. Уайым ететіндей Сіздің қылмысыңыз жоқ қой. Сондықтан да ыңылдап ән салып, Әділеттің жеңетініне берік сеніп жүріңіз. Біз Сізбен біргеміз. Аман қауысалық, аға! Бетіңізден сүйдім. Сәлем жолдаушы қарындасыңыз – Фариза (Оңғарсынова)».

«Жаны ізгілер түрмеде жатпауы керек» 

«Бір күні күтпеген жай болды. Сот залына жас шамасы сексеннен асқан, таяққа сүйенген ақсақал кемпірін жетелеп кірді де, айыпталушылар отырған жаққа беттеді. Қос қапталда тұрған солдаттар бөгемек болып қоғала бергенде, шал бір қолын созып, «сынок, не стреляй» деп отырғандарға жақындап барды да «Шырақтарым, Асанбай Асқаров қайсысың?» деп көздерін сығырайтып жағалай қарады. Асекең орнынан тұрып, «Асқаров менмін, ақсақал. Ел-жұртыңыз аман-есен бе?» деп қолын ұсынды. Қария сәлемін алып, «Шырағым, мына жаман кемпірім екеуміз Қордай ауданындағы Сұлутөрден өзіңді іздеп келдік. Елдегі жақсы істеріңе бұрыннан құлағым қанық. Өзіңді бір көрсем деп жүруші едім. Құдайдың жүздестіргеніне мың да бір шүкір. Жаны ізгілер түрмеде жатпауы керек. Қолыңды жай, қарағым! Батамды берейін!» деп тілегін айтты. Залда отырғандардың бәрі қолдарын жайып, беттерін сипап, «әумин» десті. Қария кемпіріне бұрыла қарап, «Әй, кемпір, сөлпимей әкелген құрт-майыңды берсеңші» деді. Кемпір қолындағы орамал түйіншегін Асқаровқа бермекші болып қалбалақтап тұрғанда, оны солдаттар алып бір шетке қойды. Шал қоштасып, «Алла тілеулеріңді берсін, шырақтарым! Енді біз жарық барда елге жетіп алайық» деп аяңдап есіктен шығып кетті. Асқаров қарақан басын ойлаған басшы болса, еліне еңбегі сіңбесе, халқының қамын ойламаса, қыстың көзі қырауда таяққа сүйенген қарттар ит арқасы қияннан іздеп келер ме еді?» (Асанбай Асқаровтың қоғамдық қорғаушысы Бекбосын Көбеевтің естелігінен).

«Ары биік Асқаров» 

«Қарағым, аса құрметті қызым, әділ биім Нәйлә Әлімовна! Мен осы 80-нен асқан жасымда жалғыз-ақ қасиетіме ырзамын. Ұзақ өмірімде жалған сөйлеп көрген емеспін, адал достардан жанымды аяп қалған емеспін... Мен, Сіздің алдыңызда іні досым болған Асанбай Асқаровтың жаны жайсаң, халық үшін ғана туған аса парасатты кемеңгер азамат екенін растап ант етемін. Сеніңіз, қызым, менің аталық антыма!..  Аса білімдар, гуманист, барынша ақын жанды, ғалым, адамшылық арын биік ұстайтын Асқаровты парақор қатарына қосу – шегінен асқан ұятсыздық. Мен, қызым, әділ сотым, сізден ерлік-әділдік күтіп алдыңызда аппақ шашты басымды иемін» (Қазақстанның халық ақыны Әбділдә Тәжібаевтың Асқаровтың ісін қараған судья Н.Ибрагимоваға жазған хаты).

«Халқымнан айналайын»

«Мен сондай қорлықты көрсем де, сол жерде жатып, елімнен ешбір күдерімді үзгенім жоқ. Мен халқымнан айналайын. Халқым үшін керек болса, қазір де садаға болуға дайынмын. Халқымнан басқа күннің де, түннің де маған керегі жоқ. Халқым аман болса, мен де аманмын. Мен халқымның арасындағы бір қауызымын. Халқым парықтайды. Түрмеден мені шығарып алған да осы халқым деп ойлаймын» (Асқаровтың естелігінен).

Рейтинг газеті, қыркүйек, 2022 ж

Ақіреттің азабынан қорқып адал ас ішкен пенде
Қуатты елдің ұлттық болмысы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу