Балаларды кәсіпке баулитын жоба

Oinet.kz 03-10-2022 594

image.png

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарының 11 сынып оқушылары «Болашаққа қадам» жобасы аясында қала аумағындағы өндіріс орындарын аралады.Кәсіпке бағдар беретін жоба шеңберінде №9 ІТ лицейінің бітірушірушілері «Әлем БТ» шұлық фабрикасында болды. Оқушыларға жұмыс барысын фабриканың іс басқарушысы Исмайл Жанполат таныстырды. Қызықты экскурсияда балалар бірнеше бөлімшеге барды.  Экскурсияда әр цехтың шеберлері жұмыс процестері мен сол жердегі мамандар туралы айтып берді.

«Зауыттағы шұлық өндірісі алаңдарында серуендеу балаларға ұмытылмас әсер қалдырды. Олар елімізде, оның ішінде өз қаламызда осындай фабрика барын, өндірілген шұлықтардың көбі шет елдерге экспортталатынын көріп таң қалды. Бүгінгі экскурсиядан кейін оқушылардың өндіріс саласына деген көзқарасы өзгерді деп үміттенемін. Осы оқушылардың арасынан кәсіпорынның болашақ технологтары мен дизайнерлері де шығып қалуы ғажап емес. «Болашаққа қадам» жобасы шын мәнінде оқушылардың өндіріс саласы туралы түсінігіне алғашқы қадам болды», - дейді №9 ІТ лицейінің кәсіп бағдар бойынша жетекшісі Гүлмира Карамырзаева.

«Әлем БТ» шұлық фабрикасы – отандық нарықты толық қамтамасыз етуден бөлек, шетелге өнімдерін экспорттап жатқан Шымкенттегі ірі кәсіпорындардың бірі. Қазір мұнда 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын қуаттылығы жылына 24 миллион жұп өнім шығаруға қауқарлы. 

–Көбіне «Әлем БТ» шұлықтарына Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея және Еуропа мемлекеттері қызығушылық танытып, тапсырыс береді. Фабрикада тоқылған шұлықтар табиғи мақта талшығынан тоқылғандықтан жылы, ыңғайлы, әрі бағасы да қолжетімді», -дейді И.Жанполат.

Оқушыларды мамандыққа бағыттайтын «Болашаққа қадам» жобасының қатысушылары бұдан былай тек отандық шұлықты тұтынамыз деп отыр. Әрине, осындай таныстырылым балаларды кәсіпке баулуға серпін берсе, екінші жағынан отандық өнімдерді тұтынушылардың саны артуына жол ашады.

Орталық мамандары қыркүйек айында 10 білім ұясының оқушыларын қала аумағында орналасқан түрлі кәсіпорындарға экскурция ұйымдастырды. Белгіленген кесте бойынша оқушылар «SAGITEX» көпсалалы тігін фабрикасы, «Назар текстиль» мен «Бал текстиль» кілем фабрикасы, «Әлем БТ» шұлық өндірісі және «AZALA COTTON» секілді ірі кәсіпорындарды аралады.

Кәсіп ашқысы келетін жастарға қолдау көп
«Жасыл ел» еңбек жасақтары қала экологиясының жақсаруына елеулі үлес қосты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу