«Бақытты жанұя» орталығы қыз-келіншектерді кәсіпке баулып жүр

Oinet.kz 03-10-2022 199

image.png

Шымкентте көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты жанұя» әлеуметтік орталығы бар. Бір ғана орталықтың көмегімен қаншама мұқтаж жан өмірге бағыт-бағдар алған. 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан орталық көп балалы, аз қамтылған, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға қызмет көрсетіп келеді.

«Кәсіп бастағысы келген жандарға тегін тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстары ашылған. Егер аналарды бизнесті қалай және неден бастау қажеттігін білмесе және отбасы тақырыптарында өзге де сауалдар мазаласа, біздің орталыққа жүгінуіне болады, – дейді аталған  орталықтың басшысы Абибулла Қалымбетов.

Орталық жетекшісі тілге тиек еткендей, атаулы әлеуметтік көмекке тәуелді болмай, көпбалалы аналардың кәсіптік тұрғыдан дамуына арналған тегін курстар мен бизнес бастау үшін грант ұтып алу мүмкіндігі талай жанға үміт сыйлаған. Орталықта тегін білім алып, алғашқы қолдаудың нәтижесінде өз кәсібін өрге дөңгелеткендердің қатары аз емес. Солардың бірі – Гүлбану Тойшиева SMM курсы бойынша білім алып, бүгінде отбасылық кәсібін дамытқан. Ол әлеуметтік желі арқылы әйелдерге арналған сөмке сатып, ұялы телефонын тиімді қолданып отыр. Алдағы уақытта орталық ұсынған өзге де оқу курстарын меңгеріп, кәсібінің ауқымын кеңейтуді көздейді.

– Көп жылдан бері бала тәрбиесімен үйде отырдым. «Бақытты жанұя» орталығына келіп, жаңа кәсіп үйрендім. Бүгінгі таңда аталған мамандық қоғамда үлкен сұранысқа ие. Мәселен, әлеуметтік желі ақпаратқа толы.  Ұялы телефонды керексіз дүниелерге емес, отбасым үшін пайдалы кәсіпке қолданып жүргеніме қуаныштымын. Қазір осы орталықтың кондитер оқу курсында білімімді жалғастырып жатырмын. Алдағы уақытта оны да кәсіпке айналдыруға ниеттеніп отырмын, – дейді ол.

Орталық мамандары өміріне шағым айтып келген жандардың көңілін аулап, санасын серпілтуге мән береді. Кәсіби психологтар, тіпті тіршіліктен баз кешкен аналарға моральдық демеу беріп, жан-жақты қолдау көрсеткен. Олардың ішінде орталық көмегімен жеке бизнесін бастап, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізгендер де бар.

Кәсіпкерлікті дамыту - Жолдаудың басым бағыттарының бірі
«Оңтүстік» АЭА-да 31 кәсіпорын жұмыс істеуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу