Жаңа жобалар ұсынылды

Oinet.kz 03-10-2022 187

image.png

Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен кезекті инвестициялық штаб отырысы өтті. Штабқа ZOOM платформасы арқылы қосылған кәсіпкерлер жаңа инвестициялық жобаларын таныстырып, олардың өңір және ел экономикасына тиімділігі жөнінде ұсыныстарын айтты. Олар:

-  «Агрополимер» ЖШС - полипропилен жібін шығармақ. Өндірісті 2023-2024 жылдары іске қосу жоспарда. Инвестиция көлемі 1,94 миллиард теңгені құрайтын жоба нәтижесінде 41 адам жұмыспен қамтылады. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 2 гектар жер беруін сұрауда. Жиында жоба мақұлданды.

-  Сутегі асқын тотығын өндіретін «HYDROGEN ENERGY» ЖШС – 4 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асуы нәтижесінде 30 адамды жұмыс орнымен қамтымақ. Жылына 8 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. «Оңтүстік» АЭА-дан 2,4 гектар жер телімін беруге шешім қабылданды.

-  Монтаж көбігін өндіретін жобаның құрылысын биыл бастау жоспарланған. 250 миллион теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 20 адам жұмыспен қамтылады. «Оңтүстік» АЭА-дан 0,3 гектар жер теліміне сұраныс білдірген «BERPER GROUP» өндіріс орны жылына 30 мың банкі шығару мүмкіндігіне ие.

-  Минералды тыңайтқыштар мен агрохимикаттар өндіретін жаңа жобаның құны – 450 миллион теңге. «Ана Жер» ғылыми-өндірістік бірлестігі құрылыс жұмыстарын кезең кезеңімен 2022-2025 жылдарға жобалап отыр. Жылдық қуаттылығы – 300 мың литр. «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 1 гектар жер берілді. Инфрақұрылыммен қамту жөніндегі өтініші қала басшысымен мақұлданды.   

Экономиканың қуатын арттыратын әрі импортқа тәуелділігін азайтуға септігін тигізетін бірегей жобаларда бюрократиялық кедергілерге жол бермеудің маңыздылығына тоқталған М.Әйтенов, әрбір жобаның іске асырылу барысы жіті бақылауда болатынын жеткізді.  

«Bal Tekstil» компаниясы 4-ші кезеңін іске қосты
Кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесі құрылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу