Кәсіпкерлер саны артуда

Oinet.kz 04-10-2022 296

image.png

Үшінші мегаполисте  4 жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға өскен. Мамандардың мәліметінше Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 миллиард теңгеден 785,4 миллиард теңгеге ұлғайған. 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған.  Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асқан. 

Инвестиция негізінен құрылыс және өнеркәсіп салаларына бағытталып жатқан көрінеді.  Мәселен өнеркәсіп  бағытында  биыл 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі 52,3 миллиард теңгені құрап, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын іске қосылды. Олардың ішінде Орталық Азияда теңдесі жоқ «KazAlPack» ЖШС «Алюминий банкілерінің өндірісі» жобасы. Жоба құны 23,4 миллиард теңгені құрайды. Жаңадан 145 жұмыс орны ашылды. Онда жылына 500 миллион дана алюминий банкілерін шығару жоспарлануда. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60 пайызын алмастырады. Қосымша 2023-2025 жылдары алюмин тақталары мен листтер өндірісі жобасы іске асырады. Инвестиция көлемі 40 миллиард  теңге, 350 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.  Жалпы қаладағы 4 индустриялды аймақта 185,3 миллиард теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. 

Инвесторлар тарту арқылы қаланың кәсіпкерлік саласы серпін алып отырғаны рас .Жалпы  мегаполисте 2025 жылға дейін құны 527 миллиард теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс. Соның нәтижесінде 7 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Осы жобалар арқылы шығарылатын тауарлардың барлығы да қалаға сырттан келетін импортты алмастырады. Яғни шетелден келетін тауарлардың орнын отандық өнім басады деген сөз. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 493 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 319 миллиард теңгенің импортын алмастыратын болады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Осы ретте алдағы уақытта Шымкентте  экспортқа 153,2 миллиард теңгенің өнім шығарылады деп жоспарланған.    

Кәсіпкерлік қанат жайған қала
«Жұлдыздың» жұлдызы жанбақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу