«Жұлдыздың» жұлдызы жанбақ

Oinet.kz 04-10-2022 293

image.png 

Шымкент - мәдениет пен экономиканың, өнеркәсіп пен кәсіпкерліктің ірі орталығы. Үшінші мегаполис аз уақыттың ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы шаһарлары секілді  өз қажеттілігін өзі өтей алатын донорлық өңірге айналып келеді. 

Қала өзін-өзі асырау үшін ең алдымен кәсіпорындарды көбейту қажет. Ал жобаларды іске асыруда инвестицияның маңызы зор. Осы ретте Шымқалада ауқымды  инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, индустриялды аймақтардың қатары көбейіп келеді.  Мамандардың мәліметінше шаһарда жалпы аумағы 743 га құрайтын 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд.теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.

Қазіргі таңда  қала экономикасының қарқынды дамуына және инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына байланысты жаңадан 4 өндірістік алаң ашу жұмыстары басталып кетті. 

Соның бірі елімізде алғаш рет, жалпы алаңы 306 гектар құрайтын  - «Жұлдыз» индустриялық аймағы.   Бүгінде алаңның 260 гектар жер учаскесі мемлекет мұқтажына қайтарылды. Қазір мұнда  инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақта 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде. 5 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Өткен жылы құрылған аймақта 608 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 5,8 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобаларды осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Онымен қоса бүгінгі таңда 17 жобаға жер телімдері беріліп, инвесторлар жұмыстарын бастап кеткен. «Жұлдызда» жұмысын бастауы тиіс компанияның бірі қытайлық “PENG SHENG” керамикалық тақталар өндіру зауыты. Аталған зауыттың инвестиция көлемі 30 миллион АҚШ долларын құрайды. Зауыттың жылдық қуаттылығы 10 миллион м2 керамикалық тақталар шығарады. Жоба аясында шамамен 300 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өндірілген өнім негізінен ішкі нарыққа және экспортқа бағытталған. Айта кететіні аталған қытайлық компания 2009 жылы Өзбекстан елінде керамикалық тақталар өндіру зауытын іске асырған.

Одан бөлек  «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясында жұмыс істейтін зауыт-фабрикалар орналасады. Жалпы  «Жұлдыз» индустриалды аймағы Шымкент қаласының тарихындағы ең мықты жобалардың бірі болмақ.

Кәсіпкерлер саны артуда
Индустриалды аймақтар - кәсіпкерлер ордасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу