Кәсіп бастағыңыз келсе, фронт-офиске келіңіз!

Oinet.kz 05-10-2022 275

image.png

Шымкентте кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдай жасалған. "Бизнеске арналған үкімет" фронт-офисі өз кәсібін дамытып, бизнес бастаймын деген жандарға есігін айқара ашады. Онда түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы бизнесіне қолдау тауып, аз пайызбен көп мөлшерде несие алуға болады.

Фронт-офис кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық деп те атауға болады. Аталмыш мекеменің басты артықшылығы – кәсіпкерлерге қызмет көрсететін барлық мекеменің бір орталықтан табылуында. Олардың қатарында, мәселен, «Даму» қоры, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, сәулет, қала құрылысы және жер қатынасы, ауыл шаруашылығы және ветеринария, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, тағы басқа ұйымдардың өкілдіктері бар. Келген адам әр мекемеге шапқыламай, «бір терезе» қағидасы бойынша бір орталықтан өзіне қажет барлық ақпаратты ала алады.

Фронт-офис сондай-ақ кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының түзген арнайы жоспарына сәйкес 1 пайыздық жеңілдікпен кәсіп бастауға ден қойған кәсіпкерлерге несие береді. Дұрысы, несиені фронт-офистің өзі емес, екінші деңгейлі банк ұсынады. Дегенмен, оның өзіндік шарттары бар. Соның ішіндегі ең бастысы – үміткердің кепілмүлкі болуы керек. Әуелгіде банк 8,5 пайыз  несие берсе, оның 7,5 пайызын мемлекет өтейді, кәсіпкер сонда қалған 1 пайыз  ғана төлейді. 1 пайыздық несие алу үшін үміткерлер тағы бір шартқа сәйкес келуі керек. Ол – жас ерекшелігі. Сонымен бірге бұл несиені алу үшін бастан-аяқ құжат жинаудың қажеті жоқ. Бастапқыда бұл арзан пайыздық несиелеу жоспары кәсіпкер әйелдерді қаржылай қолдау мақсатында құрылыпты. 

Фронт-офистің көмегімен несие алған кәсіпкер әйелдің бірі – Мәншүк Оспанбекқызы. Өткен жылдың тамыз айында «Бизнеске арналған үкімет» мекемесіне келіп, құжаттарын өткізеді. Нәтижесінде 1 пайызбен 6 миллион теңге несие алған. Ол қаржыға тоқыма және мақта зауыттарынан шикізат сатып алып, одан жұқа, қалың көрпешелерге дайын мақта шығарады. Кәсіпкер келіншек бұл кәсібін әлі де жалғастыруда. Осы бизнесінің көмегімен ол өзімен қатар қосымша 4 отбасыны жұмыспен қамтып отыр.

Егер кәсіп бастағыңыз келсе және нені неден бастарыңызды білмесеңіз, мамандар айтады, тек,  фронт-офиске келсеңіз болғаны.

Кәсіпкерлер бас қосты
Бизнеске қолдау көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу