Бизнеске қолдау көп

Oinet.kz 08-10-2022 404

image.png

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту елдің басты стратегиялық мақсатына айналған бүгінгі қоғамда ойға алған жоспарды орындауға ешнәрсе де кедергі емес. Мемлекет бизнесті өркендетуге, оның жолындағы кедергілерді жоюға бар күшін салуда. Осы орайда Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсететін  «Shymkent INVEST» – «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисі бар.

Фронт-офис арқылы кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының 4 бағыты бойынша көмекке жүгіне алады. Сонымен бірге осы бағдарламаның аясында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшілігімен арнайы гранттар қарастырылған. Яғни «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының  грантын ұтып алуға мүмкіндік бар. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, сол мекеменің жолдамасымен палатаның «Бастау-бизнес» оқу курсынан өтіп, грант конкурсына құжат тапсырады.

Мұнда кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының түзген арнайы жоспарына сәйкес 1 % жеңілдікпен кәсіп бастауға ден қойған кәсіпкерлерге несие береді. Дұрысы, несиені фронт-офистің өзі емес, екінші деңгейлі банк ұсынады. Дегенмен, оның өзіндік шарттары бар. Соның ішіндегі ең бастысы – үміткердің кепілмүлкі болуы керек. Әуелгіде банк 8,5 % несие берсе, оның 7,5 % мемлекет өтейді, кәсіпкер сонда қалған 1 пайызды ғана төлейді. 1 пайыздық несие алу үшін үміткерлер тағы бір шартқа сәйкес келуі керек. Ол – жас ерекшелігі.

Көпбалалы ана Динара Ирбаева да осы фронт-офистың көмегіне жүгініп, мемлекеттен қолдау тапқандардың бірі. Ол өз кәсібін дамыту үшін мемлекеттен 1 пайыздық несие алуды жөн көрген. "Өзім көпбалалы анамын. Осы жерде аз пайызбен ақша алуға болады дегенді естіп келдім. Фронт-офистегі мамандардан бүгін барлығын сұрап, кеңес алдым. Мұнда 1% және 6%-дық несие алуға болады екен. Енді 1%-дық несие алдым", - дейді жас кәсіпкер. 

Бұл жерде кәсіппен айналыссам деген әр жанға қолдау, сүйемелдеу бар. Өйткені шағын және орта кәсіпкерлік экономиканы алға сүйреуші күш болғандықтан, оны дамытуға барынша көңіл бөлу мемлекеттің басты міндеті саналады, – дейді мекеме өкілдері. 

Бизнеске арналған үкіметтің «Шымкент инвест» фронт-офисі бүгінгі таңда кәсіпкерлерге кең ауқымда қызмет көрсете алатын шын мәніндегі маңызды әрі қажет мекемеге айналып үлгерді. 

Кәсіп бастағыңыз келсе, фронт-офиске келіңіз!
Инвесторларға үлкен қолдау бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу