«AZALA Textile» - көшбасшы компания

Oinet.kz 06-10-2022 191

image.png

Ел аузында тараған «Не шықса да Шымкенттен шығады» деген әзіл-шыны аралас сөз бүгінде жақсы мағынада қолданылып келеді. Себебі Шымқала өзінің кәсіпкерлікке бейім, сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығара алатынын дәлелдеген шаһар. Қаланың мақтанышыны айналған осындай кәсіпорынның бірі «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «AZALA Textile» мата-тоқыма фабрикасы.  Компания  еліміздегі тоқыма өндірісінің көшбасшыларының бірі. Серіктестік сырттан шикізат сатып алмай, өз өнімі өзін толық қамтамасыз етуге жетеді. Мақта зауыты мен жіп, мата дайындау цехы толық қуаттылықпен жұмыс істеуде.

Тоқыма фабрикасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Айына 500 тонна мақтаны өңдейтін фабрикада 1,5 миллион метр мата тоқылады. Өз өнімдерін республикамыздан бөлек алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды. Мұнда қолданылатын шикізат отандық, яғни Оңтүстік өңіріндегі Мырзакенттен жеткізіледі. Онда 700-ден астам жұмысшы еңбек етуде.

Былтыр бірегей  кәсіпорын  «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында өндірістік қуатын арттыра түсті. Жылына 2800 тонна астам иірімжіп, дайын және қатты матаның 14 миллион метрін шығаруға қауқарлы тоқыма фабрикасында бояу-өңдеу және тігін цехтары іске қосылды. Қайта жаңартудан кейін тоқыма фабрикасы еліміздегі мақта талшығын қайта өңдеуді және дайын мақта-мата бұйымдарын шығаруды қамтитын толық өндіріс циклі бар алғашқы тоқыма өңдеу кәсіпорнына айналды.

Бүгінде «AZALA Textile» комбинаты өңделген маталар, түкті және вафельді сүлгілер, төсек-орын жиынтығы, барлық стандартты өлшемдегі төсек-орын жабдықтары, сүлгілер, ақжаймалар, жастық, көрпе тыстары, балалар тоқымасы, сондай-ақ қатты иірімжіп , қатты маталар сынды өнімдердің кең ассортиментін шығарады.

«AZALA Textile» ЖШС  ұзақ мерзімді стратегиясында алға қойылған негізгі мақсат – бәсекеге қабілетті өнімнің ассортиментін кеңейту және жоғары сапа. Комбинат ел ішіндегі және шетелдегі нарықты «Made in Kazakhstan» брендімен шығатын жоғары сапалы өніммен толтыра отырып, тоқыма нарығының жаңа сегменттерін дәйекті түрде игеруде. Қазіргі таңда кәсіпорынның өнімдері Литва, Латвия, Германия, Италия, Польша мен өзге де алыс-жақын шет елдерге экспортталатын халықаралық бренд болып табылатыны үлкен мақтаныш.

Сусынның түр-түрін шығарады
Мегаполисте жиһаз өндірісі дамып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу