Әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарағанда ғана әділеттілік салтанат құрады

Oinet.kz 20-04-2025 6

image.png    

Бүгінде құрылтай алаңы мемлекетіміздің ең маңызды мәселелерін талқылайтын алаңға айналып келеді.  

    Жақында  ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қ.Тоқаевтың  Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерген бастамалары кеңінен түсіндіру мақсатында Жамбыл облысына арнайы ат басын  бұрды. Алғашқы жиын  «Баласағұн» орталық концерт залында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өтті. 

   Іс-шараның шымылдығын ашқан өңір басшысы өткен жылы 85 жылдығын тойлаған Жамбыл жерінде Президенттің бастамалары мен тапсырмалары ойдағыдай атқарылып жатқанын мәлім етті. Әсіресе, көрікті табиғатымен талайды тамсандыратын өңірде  туризм саласын дамытуға ерекше мән беріліп  отырғанын жеткізді. 

     «Былтыр облысқа келген туристер саны 27 пайызға артыпты. Бүгінгі таңда 18 туристік бизнес субъектісіне мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ 40 негізгі нысанды қамтитын 10 жаңа туристік бағыт әзірленіп, 3 туристік нысанға апаратын жол және 2 нысанға газ құбырын тарту жоспарланып отыр екен. Салада жалпы құны 17,6 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар жүзеге асырылса, 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы биыл облыста туризм саласын дамыту бағытында 10 ауқымды іс-шара өтеді деп күтілуде»,- деді әкім өз сөзінде.

      Жиында сөз алған  Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда көтерген бастамаларына кеңірек тоқталды.

     «Әулиеата өңірінде тек өнеркәсіп, өндіріс қана емес, мәдениет пен денсаулық сақтау салаларында көптеген жаңалықтар бар. Мұның бәрі – Ұлттық құрылтайда Президент айтқан «Қуатты аймақ – қуатты ел» ұлттық тұжырымдамасына сай келеді. Алдымызда тәуелсіздігіміздің 40 жылдығын атап өту межесі тұр. Біз осынау күнді атап өте отырып, мемлекетіміздің Мәңгілік ел болу жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Өйткені ең маңызды мәселе – мемлекетімізді сақтап қалу», – деген Мәлік Нұржанұлы Жамбыл жұртшылығына алғысын білдіріп, Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру жолында елге аянбай қызмет ету баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.

image.png

    Президент кеңесшісі екінші күні  М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушылар құрамымен және студеттерімен жүздесіп, Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы тапсырмаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасты. 

     «Жастар сапалы білім алу арқылы тек өз болашақтарын ғана емес, тұтас елдің келешегін қалыптастырады деген М.Отарбаев сапалы маман болып қалумен қатар адамгершілікті де ұмытпау керектігін тілге тиек етті. 

    Мұнан соң  Президент кеңесшісі «Ұлы дала» ықшамауданындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында пайдалануға берілген №67 мектепке барып, білім саласының өкілдерімен кездесті. Президент кеңесшісі тағдыршешті жиынның болашақ бағдарымызды айқындап бергенін, сонымен қатар соңғы жылдары білім саласына баса көңіл аударылып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ білім саласындағы мемлекеттік саясатты сапалы іске асыру мақсатында ғылым мен білімге, тәрбиеге үлкен мән беру керектігін жеткізді.

     Ал, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов президент бастамасымен жарияланған “Жұмысшы мамандықтары” жылы аясында білім алушыларға кәсіптік білім беріліп жатқанын атап өтіп, аталған саладағы атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталды. 

    Бүгінгі күні облыста 618 мектепке дейінгі ұйымдарда 63 059 бала тәрбиеленуде. 2-6 жас аралығындағы балалардың қамту үлесі 95,1%-ды құрайды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен облыстағы барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына дербес ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілуде. 

Сонымен қатар жастарға кәсіптік-техникалық білім беру – маңызды мәселе. 2024-2025 оқу жылына 70 мамандыққа 7 486 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Жалпы, бөлінген мемлекеттік  тапсырыстың 56% -орта буын,  43% - жұмысшы мамандықтарына берілді.

    Келелі жиында бірқатар баяндама жасалып, ұстаздар тарапынан ой-ұсыныс айтылды.

   Жамбыл облысына жасаған сапар барысында  Президент кеңесшісі облыс имамдарымен, құқық қорғау саласының өкілдерімен және  Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының №5513 әскери бөлімінің жеке құрамымен де кездесті.

  «Құрылтай елдің мұң-мұқтажы ашық айтылып, қордаланған келелі түйткілдердің түйіні тарқатылатын, ел болашағы айқындалатын алаң. Президентіміз ұстанған бағыт – әділдік, сабақтастық және өрлеу. Бұл жаңа Қазақстанның негізгі бағыты болып есептеледі. Ел боламыз десек, әр азамат өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, адал азамат болуы тиіс. Сонда ғана қоғамда әділеттілік салтанат құрады», – деп Мәлік Нұржанұлы жиынды қорытындылады. 

Молодой учёный из Кыргызстана получила высокое признание на форуме в Астане
Түркістанда «Өнегелі ұрпақ» экологиялық іс-шарасы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу