Нұралхан Көшеров: Мақсат--өңір экономикасына жаңа серпін беретін ынтымақтастық орнату

Oinet.kz 14-06-2025 27

5.jpg 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясындағы ірі ауыл шаруашылығы және азық-түлік өңдеу кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізді.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Сапардың басты мақсаты – Президенттің тапсырмасына сәйкес шетелдік тікелей инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру және облыстың экспорттық әлеуетін арттыру болды.

Делегация Циндао қаласындағы «Wanlin Group» тобына кіретін компанияның өндіріс алаңында болып, мұздатылған сарымсақ, пияз, сәбіз және басқа да көкөністерді өндіру барысымен танысты. Кәсіпорын жылына 8 мың тоннадан астам өнім шығарады және KFC, Nestlé сияқты ірі халықаралық брендтерге өнім жеткізумен қатар, АҚШ нарығына жыл сайын 50 миллион доллар көлемінде экспорт жасайды.

Сонымен қатар, өңір басшысы «Qingdao Jincheng Agricultural Technology» компаниясының өкілдерімен кездесті. Бұл кәсіпорын дәнді дақылдар өндірісі мен ауыл шаруашылығы қызметтерін ұсына отырып, жыл сайын 50 миллион келіден астам астық өндіреді. Компания «компания + фермер» және «фьючерстер + тапсырыстар» моделін қолдана отырып, шаруалардың табысын арттыруға және тәуекелдерді төмендетуге көмектеседі, оның басты басымдылығы – экологиялық таза өнім өндірісі.

Сапар аясында «Qingdao Dequan Food Co., Ltd.» компаниясының қызметімен де танысқан делегация жылына 20 мың тоннадан астам өнім өндіретін және әлемдік нарыққа шығаратын бұл кәсіпорынның 2024 жылы «Жоғары технологиялық кәсіпорын» және «Мамандандырылған инновациялық ШОБ» мәртебелерін алғанын білді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық өрлеуі үшін шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты міндет қойған. Қытайға жұмыс сапарымыз – осы тапсырманы жүзеге асырудағы маңызды қадам. Шаньдун провинциясының агроөнеркәсіптік әлеуетін Түркістан облысының жобаларымен ұштастыра отырып, өңір экономикасына жаңа серпін беретін ынтымақтастық орнатамыз», – деп атап өтті.

Қытайлық серіктестер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап, өңірде өндіріс орындарын ашуға және бірлескен агроөндірістік жобаларды іске асыруға ынтызар екенін білдірді. Алдын ала келісімдерге қол жеткізілген жобалар бойынша келешекте нақты жұмыстар жүргізіледі.

Бұл сапар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне шетелдік технологиялар мен инвестициялар тартудағы маңызды кезең болып табылады. Президент Тоқаевтың шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аталған бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Сонымен қатар, сапар барысында инвесторлармен бірге қонақүй мен медициналық кешен құрылысы мәселелері де талқыланды. Бұл жобаларды Қытайдан Түркістан өңірінде іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Делегация «Wanlin» тобына қарасты денсаулық сақтау орталығына барды. Бұл орталық медициналық қызметтер, күтім және оңалтуды біріктіретін көпфункционалды кешен болып табылады. Шаньдун провинциясы мен Циндао қаласының ірі әлеуметтік жобаларының бірі саналатын нысан 5 жұлдызды стандартқа сай салынған және 2000 төсек-орынға арналған.


Инвестордың құқығы прокурорлардың назарында
Түркістан облысында балалар арасындағы қылмыс азайған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу