Инвестордың құқығы прокурорлардың назарында
Түркістан қаласында облыстық прокуратура мен Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бизнес және инвестицияны қорғау» атты форум өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Форум жұмысына Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы Мұрат Төлеубаев, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, сондай-ақ құқық қорғау және бақылаушы органдар мен облыстық басқармалардың 40-тан астам мекеме өкілдері қатысты. Жиынға 100-ге жуық кәсіпкер мен инвестор да шақырылды.
Басты мақсат – кәсіпкердің құқығын қорғау
Форумның негізгі мақсаты — кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, өңірдегі бизнеске кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді анықтап, оларды уәкілетті органдармен бірлесе отырып шешу. Іс-шара барысында маңызды баяндамалар жасалып, нақты ұсыныстар берілді. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту өңірлік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен биыл «Инвест-Караван 2025» акциясы аясында үш көшпелі кездесу өткізіліп, 26 инвестормен жеке сұхбат жүргізілген. Оның нәтижесінде:
6 инвесторға қатысты заңсыз қабылданған әкімшілік істердің күші жойылды; 4 инвесторға қатысты негізсіз тексерулер тоқтатылды.
Жалпы 2024 жылдың алғашқы 5 айында:
216 жеке кәсіпкер мен 6 инвестордың құқықтары қорғалды;
79,7 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба бойынша даулы жағдайлар шешімін тапты.
Кәсіпкерлер палатасына осы кезеңде 262 өтініш түсіп, нәтижесінде:
4,7 млрд теңге көлемінде мүліктік құқықтар қорғалды;
Сотта қаралған 57 істің 26-сы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.
Сонымен қатар:
Кеңес отырысында қаралған 34 мәселенің 191 ұсынысы беріліп, оның 78%-ы орындалған;
«Бизнеске жол» жобасы аясында өткен 30 отырыста 55 мәселе қаралып, 19-ы оң шешімін тапқан.
Форум барысында кәсіпкерлер көтерген барлық мәселелер бақылауға алынды. Әрбір мәселе бойынша жауапты уәкілетті органдар бекітіліп, нақты іс-шаралар жоспары құрылды.