Түркістан: Заңсыз құрылысқа қарсы күрес күшейтілді

Oinet.kz 14-06-2025 15

3.jpg 

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар өзекті мәселелер бойынша сала мамандарымен кеңес өткізді. Жиында төрт негізгі бағыт — инфрақұрылым, туризм, заңсыз құрылыс және табиғи қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ауыз су тапшылығын шешу – басты міндеттің бірі

Бүгінде Төлеби ауданындағы 55 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Дегенмен кейбір елді мекендерде су құбырларын жаңарту және жаз мезгіліндегі су тапшылығын жою қажеттілігі туындап отыр. Осы мақсатта Балдыберек өзені бойындағы 12 елді мекенде тұратын 25 мың тұрғынды сапалы ауыз сумен қамту үшін төрт жоба ұсынылды. Сонымен қатар, Леңгір қаласындағы ауыз су мәселесін шешу үшін «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі аумағындағы Ақмешіт бұлағынан су тарту жоспарлануда. Ауыз су сапасын жақсарту үшін 12 елді мекенде қосымша ұңғымалар қазылып жатыр.

Өрт қауіпсіздігі мен суға шомылу маусымына дайындық

Жиында дала өрттерінің алдын алу және шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмады. Ағымдағы жылы Төлеби ауданында суға бату оқиғасы тіркелмегенімен, қауіпсіздікті арттыру бағытында нақты шаралар ұсынылды. Атап айтқанда, демалыс аймақтарындағы бассейндерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін туристік полиция бөлімін құру және дәрігер мамандарын қызметке тарту мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аумақтарға «Сергек» камераларын орнату жоспарда бар.

Заңсыз құрылыстармен күрес жалғасуда

Ауданның су қорғау аймақтарында орналасқан заңсыз құрылыс нысандары бойынша жұмыстар күшейтілуде. Бүгінгі таңда 85 нысанға зерделеу жүргізіліп, олардың ішінен 44 нысанның заң талаптарын бұзғаны анықталды. Тиісті иелеріне ескерту хаттар жіберіліп, хаттамалар толтырылды және шара қолдану жөнінде ұсыныстар берілді.

Сондай-ақ, «E-Qonaq» туристік жүйесіне тіркеу жұмыстарын жандандыру қажеттілігі айтылды. Бұл шара — туризм саласын цифрландыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі ретінде қарастырылуда.

Қатаң бақылау – тиімді нәтижеге бастайды

Жиын қорытындысында Зұлпыхар Сансызбайұлы жауапты сала басшыларына нақты хаттамалық тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатынын ескертті.


Нұралхан Көшеров: Халықаралық нарыққа шығу үшін жаңа технологиялар мен инвестициялар қажет
Инвестордың құқығы прокурорлардың назарында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу