Нұралхан Көшеров: Халықаралық нарыққа шығу үшін жаңа технологиялар мен инвестициялар қажет

Oinet.kz 13-06-2025 16

2.jpg

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясының Цзинин қаласында болды. Бұл туралы Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызмиеті хабарлады.  

Сапар барысында сарымсақ өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі — «Wanlin Group» компаниясының басшылығымен маңызды кездесулер өтіп, стратегиялық әріптестік мәселелері талқыланды.

Басқосуда Түркістан облысының агроклиматтық әлеуеті жоғары бағаланып, аграрлық саладағы инвестициялық жобалар мен сарымсақты терең өңдеу бағытындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Атап айтқанда, өңірде заманауи қайта өңдеу зауыттарын салу, экспортқа бағдарланған логистикалық инфрақұрылымды дамыту және фермерлермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау жөнінде нақты ұсыныстар қаралды.

Келіссөз нәтижесінде тараптар Түркістан облысында агроиндустриялық кластер құру, сарымсақ өсіру көлемін арттыру және дайын өнімді шетел нарығына шығару бағытында өзара әріптестік орнатуға уағдаласты.

Делегация «Wanlin Group» компаниясының өндірістік алаңдарын аралап, сарымсақты терең өңдеу, сақтау және экспортқа дайындау үдерістерімен танысты. Сондай-ақ, әлемдік нарықтағы сарымсақ бағасын реттейтін халықаралық орталықтың қызметімен де танысу мүмкіндігі болды.

20 жылдан астам тәжірибесі бар бұл компания сарымсақты қайта өңдеу, мұздату, кептіру, сақтау және экспортқа шығару бойынша Қытайдағы және әлемдегі жетекші кәсіпорын саналады. Жалпы егіс көлемі — 500 мың гектар, жыл сайын 8 миллион тонна өнім өндіріледі. Сақтау қоймасының сыйымдылығы — 4,8 млн тонна. Экспорт көлемі — 4 миллиард АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар, компания сарымсақтан түрлі дәрі-дәрмек пен дәрумендер өндірумен де айналысады.

– Бүгінгі келіссөздер Түркістан облысы үшін маңызды қадам болды. Біз ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Бұл бастама Мемлекет басшысының ауыл экономикасын нығайту жөніндегі тапсырмасына толықтай сай келеді. Ең бастысы – ауыл тұрғындары үшін нақты табыс әкелетін, тұрақты жұмыс орындарын ашатын жобаларды жүзеге асыру. Біздің диқандар табиғи өнім өндіруге машықтанған. Енді оларды халықаралық нарыққа шығару үшін жаңа технологиялар мен инвестициялар қажет. Бұл – ауылдағы табысты арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға жол ашады. Біз осы бағытта бар күшімізді жұмсаймыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Сапар аясында делегация қытайлық аграрлық технопарктердің жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, логистика және экспорт механизмдері бойынша тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, делегация сарымсақ саласына арналған мемлекеттік музейді аралап, Қытайдың агроөнеркәсіптік жетістіктерімен, сарымсақ өсіру және өңдеу тарихымен танысты. Мұражай экспозициясында көне дәуірден бүгінге дейінгі технологиялар мен ғылыми жетістіктер көрсетілген.

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде еліміздегі жетекші өңірлердің бірі. Жыл сайын ондаған мың гектар алқапқа сарымсақ, пияз, көкөніс пен бақша дақылдары егіледі. Облыста агросаланы әртараптандыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту және суармалы егіншілікті кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Бүгінде өңірге шетелдік инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалған. 2025 жылға қарай шетелдік тікелей инвестиция көлемін 30%-ға арттыру жоспарланған.


Түркістан: Қауіпсіздік шараларына бақылау күшейтілді
Түркістан: Заңсыз құрылысқа қарсы күрес күшейтілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу