Түркістан: Қауіпсіздік шараларына бақылау күшейтілді
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ордабасы, Отырар және Созақ аудандарындағы орман және жануарлар әлемін қорғау мекемелерінің басшыларымен мәжіліс өткізіп, олардың жұмыс барысын саралады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырар ауданындағы мекеменің құрамына төрт орманшылық кіреді: Балтакөл, Байырқұм, Қаратау және Шәуілдір. Жалпы жер қоры – 1 млн 55 мың гектар, оның ішінде орманды алқаптың көлемі – 686 мың гектар. Уақытша ұйымдастырылған 30 гектарлық тұқымбақта 6 миллион түп сексеуіл көшеті өсірілуде. Сонымен қатар, негізгі 15 гектарлық тұқымбақта түрлі ағаш және бұта түрлерінен тұратын 844 мың түп көшет бапталуда.
Жыл басынан бері мекеме тарапынан 94 рейд ұйымдастырылып, 41 заңбұзушылық фактісі анықталған. Нәтижесінде құқық бұзушыларға жалпы сомасы 2 млн 860 мың теңге көлемінде айыппұл салынған, оның 1 млн 287 мың теңгесі өндірілген.
Бадам орман шаруашылығы үш учаскеде 12 гектар жерге тұқымбақ орналастырып, көшет өсіру жұмысын қолға алған. Мекеме басшысы атқарылған жұмыстармен қатар, шешімін күткен мәселелерге де тоқталды. Атап айтқанда, Боралдай орманшылығына өрт сөндіру станциясы мен арнайы көлік қажет. Сондай-ақ техникалық құрал-жабдықтарды сақтау үшін бастырма салу мәселесі де өзекті болып отыр.
Созақ ауданында орман қорын ұлғайту және толықтыру жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылып келеді. Мұндағы Созақ, Мойынқұм және Шолаққорған орманшылықтары жалпы 1 млн 34 мың гектар аумақты қамтиды. Өткен жылы бұл өңірде 2 мың гектар жерге түрлі ағаш көшеттері отырғызылса, қазіргі таңда 20 гектар аумақта сексеуіл көшеттері бапталуда. Сонымен бірге, 2 гектар жерге қарағаш тұқымбағы орналасқан. Мекеме өкілі облыс әкімінің орынбасарына орман қорындағы жерлерге су жинайтын арнайы орындар салуға қолдау көрсетуді сұрады.
Нұрбол Тұрашбеков орман өртінің қаупі жоғары аумақтарға бақылауды күшейтіп, қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуын тапсырды. Сонымен қатар, орман қорын ұлғайту бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.
Мәжіліс қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар мен жоспарлар түзіліп, орындалу мерзімдері мен жауапты тұлғалар бекітілді.