Тек бақылау емес қолдау да қажет
Түркістан облысында пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды қайта өмірге бейімдеу, әлеуметтендіру және жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.
Осы мақсатта облыстық прокуратура ғимаратында пробациядағы жаза өтеушілердің қайта қылмысқа бармауын қамтамасыз ету, алдын алу және оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша арнайы мәжіліс өтті. Жиынға облыс прокурорының бірінші орынбасары Данияр Сыздықов төрағалық жасап, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев, Шымкент пен Түркістан облысы бойынша ҚАЖД басшысының орынбасары Нұрлыбек Әлібекұлы, салаға жауапты басқармалар, Еңбек мобильділігі орталығы және микроқаржы ұйымдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, 17 қала мен аудан әкімдері мен полиция және пробация қызметі бөлімдерінің өкілдері бейнебайланыс арқылы қосылып, жүйелі жұмыс жүргізу мәселелері талқыланды.
Жиында құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы биліктің пробациядағы азаматтармен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқаны атап өтілді, алайда әлі де кемшіліктер бар екені айтылды. Қайта құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін тек бақылау емес, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, құқықтық қолдау көрсету міндеті қойылды. Тіркеуде тұрған азаматтар мен олардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуде ешқандай кедергі болмауы тиіс, профилактикалық шаралар үздіксіз жүргізілуі қажет екені баса айтылды. Мәжілісте облыстық прокуратура басқармасы бастығы Нарбек Мықтыбаев, ҚАЖД пробация қызметі басшылары және жұмыспен қамту басқармасының өкілдері атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пробациядағы азаматтардың қайта қылмысқа бармауына ешқандай кепілдік жоқ екенін, бұл негізінен олардың әлеуметтік және отбасылық жағдайларының нашарлығынан туындайтынын жеткізді. Сондықтан пробация есебіндегі азаматтардың тізімі қайта қаралып, нақты жоспарлар жасалып, аудандар араланып, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері түсіндірілуі қажет. Мұндай тікелей кездесулер олардың әлеуметтік ахуалын анықтап, қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биыл пробация қызметінде 1742 азамат есепте тұр, оның ішінде 1500-ден астамы ер азаматтар, 225-і әйелдер. Олардың 230-ы жоғары білімді болса, қалғандары орта және арнаулы орта білімге ие. 256 азамат осал топқа жатады. Есептегі адамдардың 1212-сі жұмыспен қамтылған, 452-сі жұмыссыз. 2025 жылы 130 мекемеге 194 жұмыс орны квотасы берілген, ал 1 маусымдағы жағдай бойынша 81 мекемеге 128 адам жұмысқа орналастырылған. Жыл басынан бері шалғай елді мекендерде 42 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген, нәтижесінде 436 адам мансап орталықтарына жүгінген. Сонымен қатар, 2 адам атаулы әлеуметтік көмек алса, 30 адам грант, 55 азамат «Бастау бизнес» сертификатына ие болған. Облыста 17 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды ерте анықтап, көмек көрсетуде. Бұл орталықтар FSM Social мобильдік қосымшасы арқылы мұқтаж отбасыларды автоматты түрде анықтап отырады.
Осылайша, Түркістан облысында пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, олардың құқықтық әрі әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында кешенді және жүйелі шаралар атқарылуда. Бұл жұмыстар құқық қорғау органдары, жергілікті билік, әлеуметтік қызметтер мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесі болып табылады.