Батыл полицейлер алғыс алды

Oinet.kz 18-06-2025 30

10.jpg 

Түркістан облысында есірткіге қарсы күрес аясында «Есірткісіз болашақ!» атты марафон ұйымдастырылды.

Бұл шара облыстық Полиция департаменті мен әкімдіктің қолдауымен, Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне арналған бір айлық іс-шаралар жоспары шеңберінде өтті. Марафонның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зиянды әдеттерге қарсы теріс көзқарас қалыптастыру және спорт арқылы әлеуметтік белсенділікті арттыру болды. Ұзындығы шамамен 3,5 шақырым болатын марафон Б.Саттарханов көшесіндегі «Мемлекеттік рәміздер» алаңында мәреге жетті. Оған 200-ден астам адам қатысты. Жарыс соңында жүлделі орындарға ие болғандар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Полиция департаментінің басшылығы тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға және есірткіден аулақ болуға шақырып, осындай іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Түркістан облысы полиция департаментінде ерлік көрсеткен қызметкерлерге құрмет көрсету шарасы өтті. «Ерлік ел есінде» атты кездесуде бейбіт уақытта тұрғындарды құтқарып, қауіпті оқиғаларда батылдық танытқан полицейлерге алғыс білдірілді. Түркістан облысы ІІО мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев өз өмір жолы мен қызмет тәжірибесі туралы айтып, батырлықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, суға батқандарды құтқарған, көпірден секірудің алдын алған және пәтер өрті кезінде тұрғындарды эвакуациялаған полиция қызметкерлері өз ерлігі жайлы баяндап, бұл әрекеттерін қызметтік борыш деп санағандарын жеткізді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған полицей Дәулет Төретайұлы 2019 жылы Арыс қаласында тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, төтенше жағдайда көрсеткен батылдығы үшін құрметке ие болды. Ал полиция капитаны Нұрлан Құралбаев жарақаттарына қарамастан қылмысқа қатысы бар адамдарды ұстау кезінде кәсіби шеберлігін көрсетіп, «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградаға лайық деп танылды. Кездесу соңында өз өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан, тұрғындардың өмірін сақтап қалған батыр полиция қызметкерлері марапатталып, олардың ерлігі мен батылдығы жоғары бағаланды.


Тек бақылау емес қолдау да қажет
«Полиция жаныңызда»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу