Сайрамдағы "АХБК" - өндірістегі өрлеу

Oinet.kz 14-06-2025 8

Сайрам ауданында отандық кәсіпкерлікті дамыту және ішкі нарықты қорғау бағытында нақты қадамдар жасалуда. 

Screenshot_4.jpg

Бұл ретте, бәсекелестікті арттыру, қазақстандық қамту үлесін ұлғайту және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру басты міндеттердің бірі болып отыр. «АХБК» тігін фабрикасы сияқты жеке инвестициялар есебінен іске қосылған өндіріс орындары аудан экономикасының тұрақты өсуіне, жұмыссыздықты азайтуға, әрі ішкі нарықтағы сұранысты толықтыруға үлес қосуда.

Ауданда  өндіріс саласында ерекше көзге түсіп отырған кәсіпорындардың бірі – «АХБК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл тігін фабрикасы 2019 жылы Ақсукент ауылында жеке инвестиция есебінен іске қосылған. Жобаның жалпы құны – 1,2 миллиард теңге. Өндіріс орны толықтай заманауи технологиялармен жабдықталған. Германия мен Жапониядан әкелінген тігін машиналары мен автоматтандырылған желілер өнім сапасын арттырып, еңбек өнімділігін еселей түсуге сеп болуда.

АХБК тігін фабрикасы негізінен арнайы және әскери киімдер, қызметтік форма, төсек-орын жабдықтары секілді өнімдер шығарады. Жылдық қуаттылығы – 1 миллион дана дайын өнім. Қазіргі таңда кәсіпорында 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – аудан тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Жоспар бойынша жұмыс орындарының саны 250-ге дейін ұлғайтылады. Бұл ретте әйелдер мен жастардың еңбекке араласуына басымдық беріліп отыр.

Фабрика алғаш құрылған жылы-ақ ірі тапсырыстарға ие болды. Атап айтқанда, Қазақстан темір жолы, Қорғаныс министрлігі сынды мемлекеттік құрылымдардан үлкен көлемде келісімшарттар жасалып, 500 миллион теңгеге жуық тапсырыс орындалған. Бүгінде кәсіпорын өз өнімдерін тұрақты жеткізуші ретінде ұсынып, мемлекеттік қажеттіліктерге сай жұмыс істеп келеді. Жергілікті өнімге деген сұраныс жылдан-жылға артып, фабрика өндіріс көлемін арттыруға мүдделі болып отыр.

Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – еңбеккерлердің кәсіби біліктілігі. Тігіншілер Ресей мен Өзбекстанда арнайы курстардан өткен. Олардың арасында еңбек өтілі 30 жылдан асатын тәжірибелі мамандар да бар. Мысалы, ондағы тігіншілердің кейбірі   ай сайын 5 мың дана өнім дайындап, фабриканың сапа стандартына сай жұмыс істеп келе жатқан үздік қызметкерлердің бірі саналады.

«АХБК» ЖШС – импортты алмастыруға, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға бағытталған нақты жобалардың бірі. Мұндай кәсіпорындар өңірлік экономиканы нығайтып қана қоймай, ауданның өндірістік беделін көтеруге, жастарды еңбекке баулуға және ұлттық өнімге деген сенімді арттыруға үлкен үлес қосып отыр.

С.СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ

Сайрамдағы сәтті жоба
Сайрамның өнімдеріне елдік сұраныс артып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу