Инвестициялық серпін: Сайрамда биогаз зауыты салынады

Oinet.kz 18-06-2025 3

Сайрам ауданы соңғы жылдары ауыл шаруашылығын цифрландыру, өндірісті жаңғырту және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында нақты қадамдар жасауда. 

Screenshot_12.jpg

Жергілікті биліктің жүйелі жұмысы мен инвесторларға көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде өңір экономикасына серпін беретін жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын бір мысалы – Сайрам ауданында биыл салынатын биогаз және органоминералды тыңайтқыштар өндіретін зауыт.

Аудан әкімі Арман Сабитовтың Түркиядан келген инвесторлармен өткізген жұмыс кездесуі осы бағыттағы маңызды басқосулардың бірі болды. Кездесуде екіжақты іскерлік байланыс орнатып, заманауи «жасыл технологияларға» негізделген инвестициялық жобаларды бірлесе іске асыру жолдары қарастырылды.

Атап айтқанда, түрік инвесторлары ауданда биогаз өндіретін зауыт салатынын айтқан болатын. Бұл жоба – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, ауыл шаруашылығындағы қалдықтарды қайта өңдеу арқылы энергия өндіруді көздейтін ірі өндіріс орны болмақ. Инвесторлардың айтуынша, зауыт жылына 40 миллион кВт электр энергиясын және 75 мың тонна органоминералды тыңайтқыш өндіруге қауқарлы. Жобаның негізгі қуаты – сағатына 4,95 мегаватт биогаз өндіру.

Жасыл технологияға негізделген бұл бастама – баламалы энергия көздерін дамытуға және жергілікті жердің экологиялық тазалығын сақтауға бағытталған. Зауытта мал шаруашылығы қалдықтарын тиімді пайдалану арқылы қуат көздері өндіріледі. Сонымен бірге, қатты, сұйық органикалық және органоминералды тыңайтқыштарды біріктіріп шығаратын бұл технология – халықаралық деңгейде патенттелген, икемді әрі экологиялық таза өндіріс болып саналады.

Инвесторлар жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін таныстырып, зауыттың эскиздік жобасын аудан басшылығына ұсынды. Ал аудан әкімдігі өз тарапынан бұл жобаның іске асуына қолдау білдіретінін, қажетті жер телімін және инфрақұрылым тарту мәселелерін шешуге дайын екенін жеткізді.

– Ауыл шаруашылығы – Сайрам ауданы экономикасының басты тірегі. Бұл саланы дамытуда жаңа технологияларды енгізіп, қоршаған ортаға зиянсыз, әрі пайдалы жобаларды жүзеге асыру маңызды. Инвесторларға барынша қолдау көрсетеміз, – деген болатын  аудан әкімі Арман Сабитұлы. 

Жоба толық іске қосылғанда 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті халық тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл өз кезегінде аудан халқының әлеуметтік жағдайына оң әсер етпек. Айта кетейік, 2025 жылы Сайрам ауданында жалпы құны 74,3 млрд теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалар аясында 1085 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ал өткен жылы жалпы сомасы 15,5 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске қосылып, 235 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған болатын.

Жоғарыда аталған биогаз зауыты – тек энергия өндірісінің жаңа көзі ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы қалдықтарын тиімді пайдалану және тыңайтқыш өндіру арқылы егін шаруашылығын қолдауға арналған кешенді жоба. Мұндай инвестициялық бастамалар Сайрам ауданын еліміздегі экологиялық таза әрі жоғары технологиялы өндіріс ошақтарының біріне айналдыруға жол ашатыны сөзсіз.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрамда банан өсірілуде
Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу