Кәсібің – нәсібің
Экономиканың тұрақты дамуы – ел болашағының берік іргетасы. Осы орайда Сайрам ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың арқасында жергілікті тұрғындар өз кәсібін ашып, өңір экономикасына серпін беріп отыр.
Солардың бірі – Қарабұлақ ауылында тұратын кәсіпкер Сарвиноз Аззамқұлова. Ол 2024 жылдың маусым айында "қайтарымсыз мемлекеттік грант" бағдарламасына қатысып, тігін цехын ашуға арналған бизнес-жобасын ұсынып, комиссия шешімімен 1 миллион 476 мың 800 теңге көлемінде грантқа қол жеткізген.
Бөлінген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алған кәсіпкер бүгінде пилоттық жобадағы өзге азаматтармен бірлесіп, тігін ісін табысты жүргізіп отыр. Цехта заманауи үлгідегі автокөлік чехолдары, соның ішінде 3D полик өнімдері тігіледі. Сапалы әрі сұранысқа ие бұл тауарлар отандық нарықта өз орнын таба бастады.
– Қазір кәсібін дөңгелетемін деген адамға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар. Соның бірі – қайтарымсыз гранттар. Бұл – кәсібін енді бастағандар үшін үлкен демеу. Мен тігін ісін бұрыннан меңгерген едім. Мемлекет көмегінің арқасында кәсібімді кеңейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бұл берекенің бастауы деп білемін, – дейді кәсіпкер Сарвиноз Аззамқұлова.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда тігін цехы арқылы бірнеше отбасының табыс көзі қалыптасқан. Бұл өз кезегінде ауыл ішіндегі әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпал етуде.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың табысын арттырудың негізгі жолы ретінде кәсіпкерлікті дамытуды атап өткен болатын. Осы бағыттағы нақты істер Сайрам ауданында да қарқын алып келеді. Кәсіпкерлердің көбеюі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, бюджетке түсетін салық көлемінің артуы, әрі жалпы аудан экономикасының нығаюы деген сөз.
С.СӘУЛЕБАЙ