Басты басымдық --әділдік пен заң үстемдігі
Тұрғындардың жеке мәселелерін ашық әрі әділ түрде шешу — мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әрбір өтінішті мұқият тыңдады. Қоғамдық қабылдауға партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева да қатысып, тұрғындармен ашық пікір алмасты. Бұл шара — елімізде жариялылық пен халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасын ұстанудың нақты көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – бұл, ең алдымен, азаматтардың әрбір өтініші мен мәселесін назардан тыс қалдырмайтын жүйе» деп атап өткен болатын. Түркістанда өткен қоғамдық қабылдау осы принциптің аясында өтті. Әр азаматтың шағымы — қоғамдағы өзекті мәселенің айғағы. Қоғамдық қабылдау – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтатын тікелей диалог алаңы.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі білім саласындағы түйткілдерді алға тартты. Мектептерге жұмысқа орналасу кезінде кездесетін кедергілер, жұмыссыздық деңгейі, заңсыз жұмыстан босатылу, білім саласындағы кадр саясатының жабықтығы мен әділетсіздігі туралы шағымдар жиі көтерілді. Тұрғындар өздерінің білімі мен тәжірибесіне сай әділ түрде жұмысқа орналасуға мүмкіндік беруді сұрады. Бұл мәселелер Конституцияда бекітілген еңбек ету құқығы мен тең мүмкіндіктер қағидаларына тікелей байланысты.
Сонымен қатар, медицина саласындағы өзекті жайттар да назардан тыс қалмады. Тұрғындар дәрігерлердің немқұрайлығы, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі кемшіліктер туралы айтты. Бұған қоса, әлеуметтік жағдайының төмендігінен көмек сұраған азаматтар тұрғын үй кезегінің жылжымай тұрғанын, тиісті көмектердің дер кезінде көрсетілмей жатқанын жеткізді. Бұл мәселелер әлеуметтік әділеттілік пен мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қайта қарастыру қажеттігін көрсетеді.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы әрбір азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, заң шеңберінде нақты түсініктемелер берді. Ол көтерілген сұрақтардың барлығы бойынша тиісті басқармалар мен бөлімдерге тапсырмалар берілетінін және олардың шешілуі бақылауға алынатынын атап өтті. Мұндай қабылдаулар мемлекеттік органдардың халықпен ашық әрі заңды негіздегі қарым-қатынасын қалыптастырады.
Партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева қабылдауда көтерілген мәселелер қоғамдағы өзекті түйткілдер екенін айта отырып, әрбір өтініш партия тарапынан тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, нәтижесі партия бақылауында болатынын жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуындағы басты басымдықтардың бірі – әділдік пен заң үстемдігі екенін бірнеше мәрте айтқан болатын. «Әділет – мемлекеттің ең басты тұғыры. Халықтың әл-ауқаты мен мемлекеттің тұрақты дамуы – заң үстемдігі мен әлеуметтік әділеттіліктің негізінде жүзеге асады», – деген мемлекет басшысының ұстанымы бүгінгі қабылдауда толық көрініс тапты.
Түркістан облысында жүргізіліп жатқан мұндай қоғамдық қабылдаулар – заңға, тәртіпке және азаматтық қоғам құндылықтарына негізделген тиімді әрі тұрақты мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Әрбір үн ескеріліп, әрбір өтініш жауапсыз қалмайды.