Түркістан ет экспорты бойынша алдыңғы орында

Oinet.kz 12-07-2025 10

2.jpg 

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, ет экспорты бойынша аймақ республикада көш бастап тұр.

Соның ішінде Сайрам ауданы — облыстың ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарда келе жатқан өңір. Мал шаруашылығын дамыту, ет өндіру, қайта өңдеу және экспортқа шығару бағытында ауданда бірнеше маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Соның бір дәлелі — жақында ауданда мал бордақылау алаңы мен заманауи ет комбинаты іске қосылды.

Түркістан облыстық әкімдігінің хабарлауынша, Сайрам ауданына қарасты Ақсукент ауылында «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің 5 мың басқа арналған заманауи ірі мал бордақылау кешені мен ет комбинаты іске қосылды. Маңызды жобаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, кәсіпорынның салтанатты ашылуына қатысты. Бұл — өңір экономикасын нығайтатын және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосатын ірі инвестициялық бастама.

Жобаның жалпы құны — 8,5 миллиард теңге. 13 гектар аумақта орналасқан өндіріс кешенінде жылына 5 мың ірі қара мал бордақыланып, 10 мың тоннаға дейін сапалы ет өңделеді деп жоспарланып отыр. Бұл өнімнің басым бөлігі ішкі нарықпен қатар, шетелге экспорттауға арналған. Қазіргі таңда Түркістан облысы ет экспорты бойынша республикада бірінші орында тұр. Ал Сайрам ауданы соңғы жылдары бұл бағытта ерекше серпінмен дамып, ет өндірісінің жаңа жобаларын табысты жүзеге асырып келеді.

Мал бордақылау кешенінде заманауи технологиялар кеңінен қолданылған. Атап айтқанда, автоматтандырылған жем беру жүйесі енгізіліп, мал азығын тиімді әрі дәл мөлшермен беру қамтамасыз етілген. Бұл технология өнім сапасын арттырып, еңбек ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар Беларусь, Қытай және Түркия елдерінен жеткізілген. Қажетті мал жергілікті фермерлік қожалықтар мен Қазақстанның солтүстік өңірлерінен тасымалданады. Бұл фермерлерге де қосымша табыс көзін ашып отыр.

Кәсіпорын толықтай қалдықсыз өндіріс принципі бойынша жұмыс істейді. Яғни, малдың етімен қатар қаны мен сүйектері де өңдеуден өткізіліп, кәдеге жаратылады. Қанды жинауға және өңдеуге арналған арнайы қондырғылар орнатылған. Бұл — өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің заманауи әрі халықаралық стандарттарға сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Ет комбинаты экспортқа бейімделген және ХАССП (HACCP) стандартына сәйкес жұмыс істейді.

Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров кәсіпорынның өндіріс орындарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Ол жауапты мамандарға өнім сапасын жоғары деңгейде ұстауды, өндірістік тиімділікті арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуды тапсырды. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ауыл шаруашылығы — экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс» деген тапсырмасына нақты жауап.

Сонымен қатар, облыс әкімі Сайрам ауданы Манкент елді мекеніндегі «NURYM GROUP» ЖШС тарапынан салынған құрама жем өңдеу зауытына да барып, жұмысымен танысты. Зауыттың жобалық құны — 2,231 миллиард теңге. Аумағы 7,25 гектарды құрайтын бұл өндіріс орны жеке кәсіпкердің қаржысы есебінен салынған және қазіргі таңда тұрақты жұмыс жүргізуде.

Зауытта сағатына 20 тонна жем өңдеуге мүмкіндік беретін инновациялық жабдықтар орнатылған. Түркия елінен жеткізілген арнайы қондырғылар арқылы өңделетін құрама жем қоспалары өңірдегі мал бордақылау кешендерінің сапалы азықпен қамтамасыз етілуін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта зауытта 12 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, зертханалық бөлім де жұмыс істеп тұр. Бұл жерде шикізаттың сапасы мен құрамына талдау жасалып, дайын жемнің қауіпсіздігі мен тиімділігі жіті бақылауға алынады.

Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша облыс көлемінде тұрақты түрде алғашқы орындардың бірінде. Ауданда 80 мыңнан астам ірі қара, 200 мыңға жуық ұсақ мал, 10 мыңнан астам жылқы бар. Мал басының артуы, инфрақұрылымның жақсаруы және инвесторлар тарту есебінен өңір ет өндірісі мен қайта өңдеу саласында ірі жетістіктерге жетіп отыр.

Мұндай кешендердің ашылуы — Түркістан облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға және экономиканы нығайтуға елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Сонымен бірге бұл жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу, өнімділікті арттыру және экспортқа бағдарланған өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмаларына сай келеді.

Түркістан облысы мен Сайрам ауданының агроөнеркәсіптік кешені алдағы уақытта да қарқынды дамып, отандық өнімді шетелдік нарықтарға шығаруда маңызды рөл атқара бермек.


Басты басымдық --әділдік пен заң үстемдігі
Нұралхан Көшеров: Тұрғындардың қауіпсіздігі – ең басты мәселе
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу