Нұралхан Көшеров: Тұрғындардың қауіпсіздігі – ең басты мәселе

Oinet.kz 15-07-2025 11

3.jpg 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, еліміздегі ірі су қоймаларының бірі саналатын «Шардара» су қоймасының жағалауында орналасқан туристік нысандардың қазіргі жағдайымен танысты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаз мезгілінде халықтың көп шоғырланатын аумағы саналатын жағажайлардың тазалығы мен қауіпсіздігі басты назарда болды. Өңір басшысы демалыс орындарының санитарлық жағдайы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын жеке өзі аралап тексеріп, кемшіліктерді бірден атап өтіп, тиісті тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, «Nurdelux», «ER I ZHAN», «Алтын жағалау» секілді туристер жиі баратын негізгі демалыс аймақтары бақылауға алынды. Бұл аумақтарда демалушылар үшін барлық жағдайдың жасалуы — өңір туризмінің дамуына тікелей әсер ететін басты фактор. Алайда, жүргізілген бақылау жұмыстары барысында бірнеше санитарлық және қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны анықталды.

– Мемлекет басшысы елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіруді тапсырды. Бұл мәселе назарымыздан түскен емес. Өңірде туристік орындарды реттеу, санитарлық тазалығын сақтау бойынша екі жылдан нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ әлі де кемшілік көп. Жағажайларды жедел ретке келтіріңіздер. Тазалық, қауіпсіздік талаптарын сақтамағандарына заң шеңберінде жұмыс жүргізілсін. Осы демалыс орындарына иелік етіп отырған кәсіпкерлер өз міндетін адал атқарсын. Жағажайларға қажетті талаптар сақталмаса, келісімшартты тоқтату керек. Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдігінің жауапты тұлғалары осы мәселе бойынша шұғыл жұмыс атқарыңыздар. Демалыс орындарында тіркелген жұмысшылар санын, салық төлемдерін де жүйелеңіздер. Ең басты мәселе – демалушылардың қауіпсіздігі. Егер туризм дамысын десек, тазалық пен қауіпсіздік басты назарда болуы керек. Жағажайға келушілердің тазалық талаптарын сақтауы да қадағалансын, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді.

Облыс әкімінің бұл сапары тек тексеріспен шектелген жоқ. Ол аудан әкімдігінің ғимаратында арнайы мәжіліс өткізіп, жағажайлар мен туристік нысандардың қызметін реттеу мәселесін кең көлемде талқылады. Мәжіліс барысында облыс әкімі бірнеше маңызды мәселелерді көтеріп, жауапты мекемелер мен басқармаларға нақты міндеттер жүктеді.

– Туристік нысандар – біздің келбетіміз. Мемлекет басшысы осы бағытта нақты міндеттер жүктеп отыр. Жаңа жағажайларды аралап шықтық. Қауіпсіздік, тазалық бойынша кемшіліктерді көрдік. Төтенше жағдайға жауапты мекемелер жұмысты күшейтіп, кемшіліктерді жоюы керек. Полиция тарапынан тазалық талаптарының орындалуы, алкогольді ішімдіктердің сатылмауы, жалпы тәртіптің сақталуы қадағалансын. Тұрғындардың қауіпсіздігі – ең басты мәселе. Екіншіден, осы туристік нысандардың салық төлемдеріне қатысты да сұрақтар бар. Жергілікті кірістер басқармасы жұмысты ширатсын, – деген Нұралхан Көшеров «Қазсушар» мекемесі мен Шардара ауданы әкімдігіне және Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына демалыс орындарын тіркеу, заңдылығын сақтау бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Жағажайлардағы санитарлық талаптардың орындалуы, заңсыз сауда мен алкоголь өнімдерінің сатылуы, көлеңкелі кәсіпкерлік сынды мәселелер — азаматтардың қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке, туризм имиджіне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты облыс әкімі аталған олқылықтарға нөлдік төзімділік  қағидаты негізінде қарау қажеттігін атап өтті. Яғни, қауіпсіздік пен тазалық мәселесінде ешқандай ымыраға жол берілмейді. Бұл — халықаралық тәжірибеде өзін ақтаған, қоғамның құқықтық және мәдени деңгейін арттыруға бағытталған тиімді механизм. Облыс басшысы бұл бағытта әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының, сонымен қатар жергілікті тұрғындардың да белсенділігі қажет екенін алға тартты.

Мәжіліс соңында облыс басшысы жағажай аумақтарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Оның ішінде суға шомылу аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқарушылар санын арттыру, суға тым жақын орналасқан сәкілерді талапқа сай алыстату, жағажайларға кіретін автотұрақтар мен көлік қозғалысын ретке келтіру, бейберекет сауда мен рұқсатсыз қызмет көрсетулерді жою мәселелері де қамтылды. Сонымен қатар, әрбір демалыс аймағында қауіпсіздік тақталарын орнатып, алғашқы медициналық көмек көрсету пункттерінің жұмысын күшейту тапсырылды.

Облыс әкімдігі жағажайлар мен туристік нысандарды апта сайынғы мониторинг арқылы бақылап отыратынын және кез келген заңбұзушылық анықталған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді. Бұл — облыстың туризм саласын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған нақты қадам.

Жағажайлар мен туристік аймақтар – облыстың ғана емес, бүкіл елдің имиджі. Сондықтан тазалық пен қауіпсіздікке қатысты талаптар қатаң болуы – заңдылық. Бұл ретте тұрғындар мен демалушылар да өз тараптарынан мәдениеттілік пен жауапкершілік танытуы тиіс. «Туризм – экономиканың маңызды саласы» деген Мемлекет басшысының сөзіне сай, Түркістан облысында туризмнің болашағы зор, алайда ол жауапкершілік пен тәртіп арқылы ғана дамиды.


Түркістан ет экспорты бойынша алдыңғы орында
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз игеруге қарсы қатаң тексеріс жүргізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу