Түркістан: Форумда қаржы саласындағы қауіп-қатерлер талқыланды

Oinet.kz 10-07-2025 11

7.jpg 

Түркістан облысында құқық қорғау және мемлекеттік органдар, сондай-ақ іскерлік қауымдастық өкілдерінің қатысуымен «ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» атты ауқымды форум өтті. Бұл іс-шара қазіргі заманның ең өзекті тақырыптарын – қаржылық қауіпсіздік, цифрлық сауаттылық және заң мен тәртіп қағидаттарын тереңірек талқылауға арналды. Бұл туралы Түркістан облыстық прокуратурасы хабарлады.

Форум жұмысына Түркістан облысының әкімі, облыстық прокуратура мен полиция департаментінің басшылары, салық және қаржы саласының жетекшілері, сондай-ақ өңірдегі кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты. Форумның басты мақсаты – қаржы саласындағы қауіп-қатерлерді нақты талдау, азаматтардың құқықтарын қорғау және әділетті қоғам құруға ықпал ететін құқықтық және цифрлық сауаттылықты арттыру.

Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды. Президент өз сөзінде: «Қоғамда заң үстемдігі қамтамасыз етілмейінше, қандай да бір реформаның нәтижелі болуы мүмкін емес. Әрбір азамат өз құқығын қорғай алатын елде ғана тұрақтылық пен өркендеу орнайды» деген болатын. Осы форум – сол тапсырмаларды нақты жүзеге асырудың бір көрінісі.

Форум аясында бірнеше маңызды бағыттар бойынша пікірталастар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Қазіргі заманғы қаржылық триггерлер және азаматтарды қорғауға бағытталған шаралар», «Қаржылық сауаттылық – қауіпсіз болашақ кепілі», «Цифрлық гигиена және интернет алаяқтықтан қорғану әдістері», «Дипфейк технологиялар: заманауи қауіп және одан қорғану жолдары» сияқты тақырыптар жан-жақты талқыланды.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өмірінің барлық саласын түбегейлі өзгертуде. Бірақ онымен бірге киберқылмыс, интернет алаяқтық, жеке деректерді заңсыз пайдалану сынды қауіптер де артып отыр. Осыған байланысты сарапшылар азаматтардың цифрлық гигиенасын арттыру, жеке мәліметтерді қорғау, бейтаныс сілтемелер мен фейк жарнамалардан сақтану жөнінде нақты ұсыныстар айтты.

Форум барысында заңдылық пен тәртіп қағидатын сақтаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Түркістан облысының прокурорының бастамасымен кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар жаңа шаралар таныстырылды. Бас Прокурордың тапсырмасына сәйкес, енді кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істерді тіркеуге қатаң шектеулер енгізіліп отыр. Бұл – бизнесті заңсыз қысымнан қорғау және инвестициялық ахуалды жақсарту жолындағы нақты қадам. Сонымен қатар, инвесторларға қатысты кез келген тергеу әрекеті Бас прокуратураның бақылауына алынатыны да айтылды.

Форумда қаржылық сауаттылық мәселесіне де баса назар аударылды. Бұл ретте халық арасында ақшамен дұрыс жұмыс істеуді үйрету, банк өнімдерін қауіпсіз пайдалану, интернет арқылы төлем жасау барысында сақтық таныту – басты міндет ретінде белгіленді. Бүгінде қаржылық сауаттылық тек экономика саласында ғана емес, құқықтық қауіпсіздіктің де маңызды бір бөлігіне айналып отыр.

Азаматтар өз қаражатын қалай басқаруды, несиелік ұйымдардың қызметтерін қалай дұрыс пайдалануды, жалған инвестициялық жобалардан қалай сақтануды білмесе – олар алаяқтықтың құрбанына айналуы мүмкін. Сондықтан форум барысында қарапайым азаматтарға арналған нақты кеңестер беріліп, ақпараттық материалдар таратылды.

Шара барысында құқық қорғау органдары, қаржы ұйымдары және кәсіпкерлер бірлесіп әрекет ету қажеттілігі жөнінде ортақ шешімге келді. Қаржылық тәртіп пен заңның үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Форум соңында қатысушылар өзара келісім негізінде аймақта қаржылық қауіпсіздікті арттыруға, заң бұзушылықтың алдын алуға, және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді жоспар құруға уағдаласты.

«ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы – Түркістан облысында заң мен тәртіпті, цифрлық қауіпсіздікті және экономикалық әділдікті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама болашақта да жалғасын тауып, халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырудың тиімді алаңына айналары сөзсіз.


«Тұрақтылық пен құқықтық тәртіп –мемлекетке деген сенімінің негізі»
Түркістан: Полиция алаяқтыққа қарсы үгіт-насихат жүргізуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу