«Тұрақтылық пен құқықтық тәртіп –мемлекетке деген сенімінің негізі»
Жуырда Түркістан облысы прокуратурасының ғимаратында облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев және Нұрсұлтан Байтілесов арасында маңызды кездесу өтті. Бұл басқосу құқықтық мемлекет қалыптастырудағы өзара іс-қимылдың, қоғамдағы заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз етудегі институтаралық ынтымақтастықтың нақты көрінісі болды.
Кездесудің басты тақырыптары – өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал, кәсіпкерлік субъектілерін құқықтық қолдаумен қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды тиімді іске асыруда заңның үстемдігін қамтамасыз ету және бизнестің дамуына әкімшілік кедергілерді жою болды. Облыс прокуроры өңірдегі прокурорлық қадағалаудың негізгі бағыттарымен таныстырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Сонымен қатар, облыс халқының жиі көтеретін өзекті мәселелері – жер қатынастары, әлеуметтік көмекке қолжетімділік, инфрақұрылымға байланысты арыз-шағымдар бойынша жүргізілген тексерістердің нәтижелері назарға ұсынылды. Кездесу барысында облыстық прокуратураның заң талаптарының бұзылуын дер кезінде анықтап, тиісті шара қолданудағы белсенділігі атап өтілді. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында прокуратура органдарының араласуымен мыңдаған азаматтың құқығы қалпына келтірілді, оның ішінде әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін қызмет сапасына қатысты ондаған заңбұзушылық жойылды.
Прокурор Мұрат Тілеубердиев кездесуде:
«Қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық тәртіп – азаматтардың мемлекетке деген сенімінің негізі. Біз заңның үстемдігі мен әділеттілікті қамтамасыз ету жолында барлық күшімізді салуымыз керек. Бұл тұрғыда халық қалаулыларымен бірлесіп жұмыс істеу – нақты нәтижелерге жеткізетін маңызды қадам» – деп атап өтті.
Кездесуде кәсіпкерлерге көрсетілетін заңсыз қысымдар мен әкімшілік кедергілерді жою жайы да кеңінен талқыланды. Прокуратура органдары бизнестің заңды мүдделерін қорғауды басты бағыттарының бірі ретінде қарастырып келеді. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кәсіпкерлікке кедергі келтіретін кез келген әрекет – мемлекетке қарсы жасалған қадам» деген ұстанымымен толық үндеседі. Сол себепті, прокурорлық қадағалау кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды азайту, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттеріне жол бермеу мақсатында тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Парламент Мәжілісінің депутаттары да өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың құқықтарын тиімді қорғау және елдің экономикалық әлеуетін арттыру жолында прокуратура органдарымен өзара байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті. Депутат Қайрат Балабиев халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру үшін заң аясында әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды екенін тілге тиек етсе, Нұрсұлтан Байтілесов азаматтардан келіп түсетін өтініштердің ашық әрі уақтылы қаралуы – құқықтық мемлекет қалыптастырудың негізгі қағидаларының бірі екенін жеткізді.
Тараптар кездесудің қорытындысы бойынша алдағы уақытта ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау және халықтың көкейіндегі мәселелерді шешу бойынша бірлескен шараларды жалғастыруға уағдаласты. Сондай-ақ, прокуратура мен Мәжіліс депутаттары арасындағы байланыс тұрақты түрде жалғасып, өзара ақпарат алмасу, халықпен ашық кездесулер өткізу және қоғамдық бақылау механизмдерін жетілдіру мәселелері күн тәртібіне қойылды.
Бұл кездесу – өңірдегі құқықтық мәдениетті арттыру, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, заң мен тәртіп қағидатын тереңірек енгізу бағытындағы тағы бір маңызды қадам болды. Прокуратура – азаматтардың конституциялық құқықтарының кепілі ретінде қоғамдағы әрбір заңбұзушылыққа нөлдік төзімділікпен қарау қағидатын ұстанып келеді. Мұндай ұстаным құқықтық мемлекеттің дамуына және халықтың игілігіне жұмыс істеудің кепілі саналады.