Прокурорлар мүгедектердің мұңын тыңдады
Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында прокуратура органдары тарапынан нақты әрі жүйелі шаралар қабылдануда. Соның бір дәлелі – облыс прокурорларының бастамасымен «Самғау» оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі жандармен өткен ашық форматтағы кездесу болды. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, өзекті проблемаларын тікелей тыңдап, нақты шешу жолдарын қарастыру.
Кездесуге облыстық және қалалық прокуратура өкілдерімен қатар, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау саласының жауапты қызметкерлері де қатысты. Ашық диалог алаңы барысында қатысушылар қоғамдық көліктегі қолжетімділік, әлеуметтік көмек, білім мен жұмысқа орналасу, инфрақұрылым мен оңалту қызметтерінің сапасы секілді маңызды мәселелерді көтерді. Көптеген азаматтар өз құқықтарының бұзылып жатқаны жөнінде нақты мысалдар келтіріп, жауапты органдардан әділдік пен қолдау күтетіндерін білдірді.
Бүгінде Түркістан облысында 101 557 мүмкіндігі шектеулі азамат ресми түрде тіркелген. Бұл – өңір халқының шамамен 5 пайызын құрайтын айтарлықтай әлеуметтік топ. Прокуратура органдары 2025 жылдың өткен кезеңінде осы санаттағы азаматтардың 15 434-інің құқықтарының бұзылғанын анықтап, оларды қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылдаған.
Мәселен, Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» Заңының талаптарына сәйкес, бірінші топтағы мүгедектер, олардың заңды өкілдері және кейбір әлеуметтік осал топтар қоғамдық көлікте тегін немесе жеңілдікпен жүру құқығына ие. Алайда жүргізілген тексерістер нәтижесінде Түркістан облысының бірқатар өңірлерінде бұл талаптар орындалмай отырғаны белгілі болды. Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласындағы қоғамдық көлік жүйесінде 3263 мүгедек жолаушының құқығы бұзылғаны анықталды. Прокуратура органдары бұл деректер бойынша тиісті шара қолданып, азаматтардың құқықтары толығымен қалпына келтірілді.
Одан бөлек, мүгедек жандардың қолжетімді ортаға қатысты да мәселелері бар. Ғимараттарға кіріп-шығудағы кедергілер, пандустар мен лифтілердің талапқа сай болмауы, мемлекеттік мекемелердің электронды қызметтерін пайдалану барысында туындайтын қиындықтар – осының бәрі прокуратура назарында. Бұл бағытта да тексерулер жүргізіліп, нақты ұсыныстар тиісті органдарға жолданды.
Облыстық прокуратураның бастамасымен жергілікті басқару органдары мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі тұрақты жұмыс топтары құрылды. Бұл топтар қолданыстағы заңнамалардың нақты орындалуын бақылап, заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Прокуратура «Заң мен Тәртіп» қағидатына сүйене отырып, мемлекет қабылдаған әлеуметтік саясаттың барлық мүгедек жандар үшін бірдей әрі әділ жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, өзінің Жолдауларында: «Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау – өркениетті елдің басты парызы. Олардың құқықтары заңмен қорғалуы тиіс, ал бұл құқықтардың бұзылуына жол берілмеуі керек» – деген болатын.
Қазіргі таңда прокуратура органдары тарапынан осы тапсырмаларды орындау бойынша нақты шаралар қабылданып, ашықтық пен жауапкершілікке негізделген жұмыс жүргізілуде. Кездесу қорытындысында «Самғау» орталығында көтерілген мәселелер бойынша жеке-жеке жұмыс жоспары түзіліп, олардың орындалуы тікелей бақылауға алынды. Прокуратура қызметкерлері мүгедек азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдап, әрқайсысы бойынша заң аясында түсіндірме беріп, шешім қабылдауға уәде етті.
Бұдан былай да Түркістан облысы прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау ісін ерекше бақылауда ұстап, ашық кездесулер мен қоғамдық талқылаулар арқылы бұл бағыттағы жұмысты күшейте бермек. Бұл – азаматтық қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтудың және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің нақты қадамы.