«Ордабасыны» Сейітжанов сатып ала ма?
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Аралайбұлы Премьер-министр Олжас Бектеновке футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Жуырда Үкімет жетекшісі осыған жауап берді.
«Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясымен бірге облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тарта отырып, футбол клубтарын коммерцияландыру бойынша өңірлердегі және республикадағы әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізуде. Осы жұмыстар шеңберінде «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ (Сергей Кан) «Қызыл-Жар» ФК сатып алу мүмкіндігін қарастыруда, Freedom Finance (Тимур Турлов) «Шахтер» ФК үшін стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытуда, Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) «Жеңіс» ФК сатып алуды және Астанада футбол инфрақұрылымын салуды көздеп отыр. Қызылордалық әлеуетті инвестор «TAU GROUP LTD» (Ислам Козбаков) «Қайсар» ФК сатып алуды жоспарлауда. Сонымен қатар «Тараз», «Елімай» және «Иртыш» футбол клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен кездесулер жүргізілді.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіру бойынша берілген тапсырманы орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №908 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары 2025 жылғы 14 наурыздағы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы (бұдан әрі – Кешенді жоспар) жаңартылу үстінде. Бүгінгі күні қаулы жобасы мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жолданды»,– делінген Бектеновтің жауабында.
Премьердің сөздерінің сықпытына қарағанда, шенеуніктер клубтарды жергілікті бай-бағландардың қанжығасына байлап беру саясатын бастаған сияқты. Осы саясаттың соқпағымен шымкенттік «Ордабасы» немесе түркістандық «Тұран» танымал миллионер Серікжан Сейітжановқа сатылып жатса, таңқалмаңыз.
Жергілікті Үкімет пен әкімдер Президенттің тапсырмасын орындаймыз деп, футбол клубтарының тағдырын тәлкекке салмаса неғылсын.
"Рейтинг" газеті