Шенеуніктің әдебі—билікке деген сенімнің тірегі
Түркістан облысында мемлекеттік қызмет саласындағы тәртіп пен әдепті сақтау мәселесіне арналған маңызды жиын ұйымдастырылды. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің жетекшілігімен өткен бұл алқалы басқосуға облыс әкімінің аппараты, түрлі салалық басқармалар, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша өкілдері қатысты.
Кездесу барысында елдегі мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі құндылықтар, мемлекеттік қызметшінің қоғамдағы беделі мен оның жүріс-тұрысының мемлекеттік билікке деген халық сеніміне тікелей әсері туралы кеңінен сөз қозғалды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде мемлекеттік қызметкердің бойынан табылуы тиіс басты қасиеттерге тоқталып, оның әдепке сай әрекеті мен ұстанымы мемлекеттің имиджін қалыптастырудағы шешуші фактор екенін атап өтті.
«Мемлекеттік қызметкер – бұл жай ғана маман емес, ол – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Сондықтан әрбір қадамы, әрбір сөзі мен іс-әрекеті мемлекеттік мүддеге сай, заң аясында, этикалық нормаларды сақтай отырып жүзеге асуы қажет. Бұл – Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өзегі», – деді Нұралхан Көшеров.
Оның айтуынша, қоғамда әділеттілік пен сенім орнату үшін мемлекеттік қызметшінің күнделікті қызметіндегі тәртібі мен әдеп нормаларына деген көзқарасы түбегейлі өзгеруі тиіс. Осы ретте облыс басшысы барлық басқарма, аудан және қала әкімдеріне, сондай-ақ уәкілетті тұлғаларға қызметтік тәртіпті нығайтып, әдеп қағидаларын сақтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Абылайхан Наурызбаев та баяндама жасап, атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Ол мемлекеттік қызметшілердің қызмет барысында әдеп нормаларын сақтау деңгейіне қатысты талдау нәтижелерін ұсынып, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.
Наурызбаев өз сөзінде қызметшілердің жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәдениеті – тек жеке адамның емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың абыройы екенін айта келе, талдау барысында орын алған кейбір тәртіп бұзушылықтарға назар аударды. Бұл ретте тәртіптік жауапкершілікті арттыру, профилактикалық шараларды күшейту және қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттілігі баса айтылды.
Жиын барысында бірқатар нақты ұсыныстар талқыланды. Атап айтқанда, тәртіптік теріс қылықтардың алдын алу, ішкі қызметтік тәртіпті күшейту, этика ережелерін сақтау бойынша мониторингтік жұмыстарды жетілдіру, сондай-ақ әрбір мемлекеттік органда жауапты тұлғалардың жұмысын нақты бақылау міндеті жүктелді.
Сондай-ақ, қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықтық мемлекет құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын еске сала отырып, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдардың да жұмысы күшейтілуі тиіс екенін атап өтті.
Президент өз Жолдауларында мемлекеттік қызметке тек адал, білімді, кәсіби және моральдық жағынан тұрақты азаматтар келуі тиіс екенін үнемі баса айтады. Бұл қағида Түркістан облысында да берік ұстанымға айналуы тиіс.
Жиын қорытындысында облыс әкімі мемлекеттік қызметтегі тәртіп пен жауапкершілік – кез келген реформа мен бастаманың табысты жүзеге асуының кепілі екенін тағы бір мәрте еске салды. Ол әрбір лауазымды тұлғаға өз құзыреті шеңберінде заңдылықты қамтамасыз етіп, халықпен кері байланысты күшейту, және ең бастысы – этикалық нормалар мен кәсіби стандарттарды мүлтіксіз сақтау міндетін жүктеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, тұрақты бақылауда болатыны айтылды. Себебі, мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлқы – тек жеке тәртіп мәселесі емес, ол – қоғамдағы тұрақтылық пен билікке деген сенімнің тірегі.