Сауан мен Сауран кездесу өткізді
Түркістан облысы Сауран ауданының делегациясы Қытай Халық Республикасының Сауан қаласында сапармен болып, екі ел арасындағы өндірістік және аграрлық салалардағы кооперацияны тереңдетуге бағытталған мазмұнды кездесулер өткізді. Бұл іс-сапар Түркістан облысының халықаралық әріптестігін кеңейту, соның ішінде шетелдік инвестиция тарту мен өндірістік әртараптандыру бағытындағы жүйелі саясаты аясында ұйымдастырылды. Делегацияның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және жоғары технология салаларында серіктестікті нығайту, сондай-ақ Түркістан мен Синьцзян өңірлері арасындағы экономикалық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру.
Іс-шара барысында Сауран ауданының делегациясы Сауан қаласындағы жетекші өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен егжей-тегжейлі танысты. Алғаш болып делегация ауыл шаруашылығы техникаларын жасауға маманданған «Шыңжан Хұң Хы» компаниясына барды. Мұнда соңғы үлгідегі механикаландырылған жүйелер мен автоматтандырылған жабдықтар таныстырылып, Қазақстанда қолдануға болатын үлгілер талқыланды. Қытайдың бұл бағыттағы озық технологиялары Сауран ауданындағы ауыл шаруашылық құрылымдарын жаңғыртуда пайдалы тәжірибе ретінде қарастырылуда.
Сапар әрі қарай агротехникалық инновациялармен айналысатын «Шыңжан Шин Жиа Хы» кәсіпорнында жалғасты. Делегация аграрлық сектордағы заманауи тәсілдер, тыңайтқыштарды үнемді пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, дақыл өнімділігін көбейту бойынша технологиялармен танысты. Бұл кәсіпорындар Қазақстанның оңтүстігінде климаттық жағдайға бейімделген ауыл шаруашылығы стратегиясын жасауға үлес қоса алады.
Меймандар сондай-ақ кілем өнеркәсібінде жетекші саналатын «Шыңжан Тиян Му Ху» компаниясының өндірістік алаңдарын аралады. Бұл кәсіпорында кілем тоқу процесі толық цифрландырылған, ал ұлттық ою-өрнектерге негізделген дизайндар тек ішкі нарыққа емес, шет елге де экспортталады. Сауран ауданы үшін бұл өндіріс түрі кіші және орта бизнес өкілдеріне кәсіп ашуға мүмкіндік беретін тиімді бағыт ретінде қарастырылып отыр.
Ірі ғылыми жобаларды жүзеге асырып жатқан «Шыңжан Шиң Тай Чиан Уи» серіктестігінде делегация технология мен ғылымның тоғысқан тұстарын көрді. Жоғары технологиялық шешімдердің ауыл шаруашылығы мен өндірістік секторға енгізілуі – қазіргі кезеңдегі басты талаптардың бірі. Осы компания тарапынан ұсынылған бірқатар ғылыми әзірлемелер Түркістан облысының аграрлық кешеніне енгізілуі мүмкін деген пікірлер айтылды.
Келесі нысан – Сауан Тай Хун май өнімдері зауыты болды. Мұнда делегация шикізатты өңдеудің толық циклімен, сапаны қадағалау жүйесімен және экспортқа бағытталған стратегиялармен танысты. Түркістан облысында өсімдік майын өндіру саласы белсенді дамып келе жатқанын ескерсек, мұндай тәжірибе өнім сапасын арттырып, шетел нарығына шығуға жол ашады.
Сапар барысында сүт өнімдерін өңдеуге маманданған «Сауан Гай Руй» кәсіпорны да назардан тыс қалмады. Қазақстан үшін сүт кластерін құру – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық қадамдардың бірі. Бұл зауытта делегация өңдеу, қаптау және сақтау процестерін көріп, өнімнің экспортқа бейімделу тәсілдеріне куә болды.
Мал шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға бағытталған «Сауан Шың Зы» компаниясында асыл тұқымды мал өсіру, генетикалық зерттеулер жүргізу, ет және сүт өнімдерін арттыру жолдары көрсетілді. Делегация мал тұқымын жақсарту саласында жүргізіліп жатқан зерттеулерге ерекше назар аударды. Бұл бағыт Түркістан облысында да белсенді қолға алынып жатыр, қазіргі уақытта Қытаймен бірлескен мал тұқымын асылдандыру жобаларына қызығушылық артуда.
Ауыл шаруашылығындағы тағы бір маңызды бағыт – көкөніс өңдеу. Делегация қызыл бұрыш қоймалжыңын шығаратын «Анжихай» зауытында өңдеу желісімен, шикізатты тиімді пайдалану технологиясымен танысты. Бұл нысанның жұмысы экспорттық әлеуетті күшейтіп, Түркістан облысындағы агроөнеркәсіп кешенінің өнімін шетелге жеткізудің жолдарын кеңейтеді.
Сапар соңында делегация ауылдық кооперация негізінде жұмыс істейтін «Шуаң Чуан» кооперативінде болып, агроөнімдерді бірігіп өндіру және сату үлгісімен танысты. Бұл тәжірибе ауыл тұрғындарының кірісін арттыруда, ауыл шаруашылығында өндірістік шоғырлануды қамтамасыз етуде үлгі боларлықтай.
Жалпы алғанда, Сауран ауданы мен Қытайдың Сауан қаласы арасындағы бұл сапар стратегиялық маңызы бар шара ретінде бағаланып отыр. Соңғы жылдары Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы экономикалық байланыстар айтарлықтай қарқын алып келеді. 2022-2025 жылдарға арналған облыстың даму бағдарламасында шетелдік инвестиция тарту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Бүгінде өңірде қытайлық капиталдың қатысуымен бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр, оның ішінде жылыжай кешендері, көкөніс сақтау қоймалары, ет өңдеу зауыттары және жоғары технологияларға негізделген өндіріс ошақтары бар.
Бұл іс-шара сонымен қатар екі жақты мәдени байланыстарды нығайту, білім мен ғылым саласындағы серіктестікті кеңейту, туризм бағытында бірлескен жобалар жасау сынды көпқырлы міндеттерді қамтиды. Сапар нәтижесінде қос тарап нақты ынтымақтастық бағыттарын айқындап, болашақ инвестициялық жобаларға негіз қалайды. Түркістан облысы мен Синьцзян арасындағы осындай қарым-қатынастар өңірлік даму мен трансшекаралық экономиканың өсуіне тың серпін беретіні сөзсіз.