«Қасақана өлтіру ниеті болмаған»: Аттың жалына байлап сүйреген Айзаттың өлімі «кездейсоқ жағдай» ма?
32 жастағы Айзат Жұманованың қатыгездікпен өлтірілуі қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Бастапқыда бұл іс «абайсызда өлімге әкелген денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша тергелген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Маусым айында Айзат ауыр соққының іздерімен табылған. Тергеу дерегі бойынша, оны ауруханаға күйеуі өзі жеткізген. Дәрігерлер әйелдің өмірі үшін күрескенімен, ол жарты сағаттан соң көз жұмған.
«Қасақана өлтіру ниеті болмаған, себебі күйеуі өзі ауруханаға жеткізген», – деп мәлімдеді алғашқы кезде полиция.
Алайда суреттер мен куәгерлердің сөзінше, Айзаттың денесіндегі жарақаттар кездейсоқ жарақаттарға мүлде ұқсамаған. Оны ұзақ уақыт және аса қатігездікпен ұрған.
Марқұмның ата-анасы Талдықорғандағы алғашқы сараптама қорытындысына сенбей, эксгумация жүргізуді талап етті. Кейін Алматыда қайта сот-медициналық сараптама жасалып, дәл осы зерттеу істің бағытын түбегейлі өзгертті.
Сарапшыларға нақты сұрақтар қойылды.
«Жарақаттар, шамамен, доғал затпен салынған. Соққылардың сипаты жүйелі түрде ұрып-соғылғанын көрсетеді, бұл бір реттік қақтығыс емес. Денесінде көптеген көгерулер, сынықтар және жаралар бар. Жерге сүйрелген іздер анықталмады. Көмек бір-екі сағат бұрын көрсетілген күннің өзінде де, мұндай жарақаттармен Айзаттың тірі қалуы мүмкін болмас еді».
Осы қорытындылардан кейін тергеу «абайсыздық» және «аффект жағдайында жасалған әрекет» нұсқасын жоққа шығарып, істі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қайта саралады.
«Қызымды бірден әкелгенде, мүмкін тірі қалар ма еді... Бірақ оны ес-түссіз күйде жеткізді. Сонда да бәрін «кездейсоқ жағдай» деп келді», – дейді Айзаттың анасы.
Қазір ол қызының қасіретіне үнсіз куә болған адамдардың да жауапқа тартылуын талап етіп отыр.