Басты бағыт—заңның үстемдігі

Oinet.kz 24-07-2025 20

1.jpg 

Заңның үстемдігі, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және  азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудегі басты бағыт. Президент: «Әйелдер мен балаларға қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл тек жеке отбасының мәселесі емес, бұл – тұтас ұлттың қасіреті. Сондықтан мұндай жағдайларға қоғам болып бейжай қарауға болмайды», – деп атап көрсетті. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарына тәртіпті күшейтіп, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау жөнінде нақты тапсырмалар берген.

Осы бағытта Түркістан облысында бірқатар нақты жұмыстар атқарылып келеді. Облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды ілгерілету, қоғамдық қауіпсіздік және бейнебақылау жүйесін жетілдіру, ауыр қылмыстардың себептері мен оларды болдырмау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу сынды мәселелер кеңінен қаралды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен мәжілісте облыстық полиция департаментінің жауапты өкілдері мен басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалып, құқық қорғау органдары тарапынан ұсыныстар беріліп, тиісті тапсырмалар хаттамаға енгізілді.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 286 оқиға тіркелген. Оның 118-іне әкімшілік жаза қолданылып, 29 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Қазіргі таңда өңірдегі барлық қала мен аудандарда 17 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтардың жұмысына 1063,4 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Мұнда барлығы 261 маман қызмет атқарады. Осы орталықтарда зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтар үшін уақытша жатын орындар мен психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсету қызметтері жолға қойылған. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды ерте анықтау мақсатында мобильді топтар құрылған.

Қоғамдық орындар мен білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті сақтау – басты міндеттердің бірі. Бұл ретте бейнебақылау жүйелерінің тиімділігі ерекше аталып өтті. Түркістан қаласы мен облыс аумағында барлығы 2 137 бейнебақылау камерасы және 219 автоматты түрде айыппұл салатын аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылған. Осы жүйелер арқылы жыл басынан бері 227 қылмыс тіркеліп, барлығы ашылған, ал 554 573 құқықбұзушылық анықталып, олар бойынша 7 млрд 596 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл – бейнебақылаудың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын дәлелдейді. Қауіпсіздік шаралары бұдан әрі де жетілдіріле бермек.

Комиссия отырысында ауыр және орта дәрежелі қылмыстардың профилактикасы, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтарды болдырмау мәселелері де көтерілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыста тіркелген құқықбұзушылықтар саны 5,9%-ға төмендеген (2 551-ден 2 400-ге). Аса ауыр қылмыстар 46,8%-ға (62-ден 33-ке), ал орта дәрежелі қылмыстар 13,3%-ға (765-тен 663-ке) азайған. Сонымен бірге, жасөспірімдермен жасалған қылмыстар да 8,2 пайызға (61-ден 56-ға) төмендеп отыр.

Алайда, алаяқтық деректері көбейіп келе жатқанын полиция өкілдері ескертуде. Осыған байланысты азаматтарға қаржылық сауаттылықты арттырып, интернет пен телефон алаяқтарына алданып қалмау қажеттігі айтылды. Жасөспірімдердің құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда қалып отыр.

Қорыта айтқанда, өңірде қабылданып жатқан шаралар нақты нәтижелер беріп, қоғамдық тәртіп пен азаматтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының заң үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі тапсырмаларына сәйкес іске асырылып отыр.


ЛГБТ насихатының ықпалы туралы зерттеу қорытындыларын талқылау өтті
Халықаралық кооперация орталығы – маңызды алаңға айналады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу