Нұралхан Көшеров: Нақты жоспар, нақты іс қажет
Халқы тығыз, әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігі зор Түркістан облысы биылғы жылдың алғашқы алты айында макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республика көлемінде алдыңғы қатарға шығып, ел экономикасының даму қарқынын сақтап қалған өңірлердің бірі ретінде танылды.
Бұл нәтижелер облыста жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан реформалар мен нақты жоспарлардың нәтижесі екені анық. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің басшылығымен жүргізіліп жатқан экономикалық, инфрақұрылымдық және инвестициялық саясат өз жемісін беріп келеді. Аймақтың барлық аудан, қала әкімдіктері мен басқармалары үшін арнайы рейтингтік бағалау жүйесі енгізіліп, әрбір мекемеге нақты 89 индикатор белгіленген. Бұл көрсеткіштер арқылы әкімдік аппараты мен жергілікті басшылардың жұмысы үнемі сарапқа салынып, нақты нәтижелерге негізделіп бағаланады.
Осы рейтинг жүйесі шеңберінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына арналған облыстық алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Аудан, қала әкімдері, облыстық басқарма басшылары, жауапты сала жетекшілері қатысқан маңызды басқосуда Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері кеңінен талқыланып, алдағы кезеңдерге арналған нақты міндеттер белгіленді. Облыс әкімінің айтуынша, бұл – алғашқы жартыжылдыққа арналған кеңейтілген отырыс болғанымен, мұндай алқалы жиындар әр тоқсан сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл өз кезегінде әкімдік құрылымдарының жұмысына серпін беріп, көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров отырыста:
«Облысты дамыту бағытында рейтинг жүйесі енгізілді. Әр тоқсан сайын алқа мәжілісін өткізіп, көрсеткіштерді талқылайтынымызды айтқан болатынмын. Сол арқылы аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары өз жұмыстарын, жоспарларын біледі. Бүгін алғашқы алқа мәжілісін өткізіп отырмыз. Жартыжылдықтағы көрсеткіштер сараланып, жоспарлар жасалады. Баяндамаларыңызда тапсырмаларды орындау жөнінде уәде бермей, оны қалай орындайтындарыңыз туралы айтыңыздар. Жалпылама сөз емес, нақты жоспар, нақты іс қажет. Баршаңызға белгілі, облысымызда 2024-2030 жылдарға экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша Жол картасы бекітілген болатын. Әсіресе, инвестициялық жобалардың уақтылы әрі сапалы орындалуына басымдық беріңіздер. Өндіріс орындарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілсін. Бекітілген Жол картамасы орындалмаған жағдайда жауапкершіліктеріңіз қаралатынын ескертемін. Үшінші тоқсан қорытындысымен бекітілген индикаторларды толық орындауды тапсырамын», – деп нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәжілісте облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек облыстың даму қарқыны туралы жан-жақты баяндама жасады. Ол барлық салада белгіленген межелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнімнің қысқа мерзімді өсімі 118%-ды құрап, Түркістан облысы республикалық деңгейде бірінші орынға шықты. Бұл – өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция сынды негізгі экономикалық салалардағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Экономика және бюджеттің жай-күйі бойынша облыстың көрсеткіштері де көңіл қуантады. 2024 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша:
Өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі – 723,3 млрд теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,5%-ға артық. Негізгі өсім өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен саласы есебінен қамтамасыз етілген.
Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 253,9 млрд теңгені құрап, 104,7% өсіммен тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр.
Құрылыс жұмыстарының көлемі – 230,3 млрд теңге, бұл 25,1%-ға артық. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып, жыл басынан бері 438,5 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бұл – 118,2% өсімді көрсетеді.
Облыс бюджетінің көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы өңір бюджеті алғаш рет 1 триллион теңгеден асып, инфрақұрылым, әлеуметтік сала, шағын және орта бизнесті қолдау бағыттарына басымдық берілді. Бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр.
Инвестициялық ахуал да жақсарып келеді. Түркістан облысы еліміздегі инвестиция тарту бойынша жетекші өңірлердің қатарында. Өңірде жүзеге асып жатқан 100-ден астам ірі жоба бар, оның ішінде шетелдік және ұлттық инвесторлардың қатысуымен құрылған жаңа өндіріс ошақтары маңызды орын алады.
Осы нәтижелерге сәйкес, рейтингтік бағалау бойынша Қазығұрт, Сайрам және Шардара аудандары өз көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартып, алғашқы қатарға көтерілген. Ал бірқатар аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары төмен нәтиже көрсеткені үшін сынға алынып, алдағы кезеңде жұмыс қарқынын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар алды.
Облыс әкімдігі тарапынан бекітілген 2024-2030 жылдарға арналған экономикалық өсім бойынша Жол картасы өңірдің орта және ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл құжатта инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық жобаларды іске асыру, өндіріс көлемін арттыру, еңбек нарығын дамыту, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты негізгі бағыттар белгіленген.
Жартыжылдық қорытындысы көрсетіп отырғандай, Түркістан облысы бүгінде тек аграрлы өңір ғана емес, индустриялық-инновациялық даму жолына бет бұрған, инвестициялық тартымдылығы жоғары және экономикалық әлеуеті артқан аймаққа айналып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.