Жемқорлық тәуекелдерін талдау—тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді

Oinet.kz 08-08-2025 10

1.jpg 

Жемқорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу қоғамның барлық саласында жүргізілуі тиіс. Бұл әсіресе, мемлекеттік қызметкерлерге қатысты мәселе. Өткені жемқолықты жазалағаннан гөрі алдын алғанның тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. 

Түркістан облысы әкімінің аппаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі іс-қимылды күшейтуге бағытталған маңызды кездесу өтті. Бұл жиын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын-алу» жобасының төртінші үлгілік базалық бағыты аясында (ТБН-4) жүргізілетін ішкі талдаулардың сапасын арттыруға арналған оқыту семинары мен талқылау мәжілісі ретінде ұйымдастырылды. Шараға облыстық басқармалар мен барлық аудан және қала әкімдіктерінен өкілдер, сонымен қатар Түркістан облысы әкімі аппаратының бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Жиынды облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Айдос Тоғызбаев ашып, қатысушылардың назарын көтерілген мәселенің маңыздылығына аударды. Ол өз сөзінде:
– Бүгін елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған маңызды тетіктердің бірі – төртінші үлгілік базалық бағыттың (ТБН-4), яғни, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жүйесінің Түркістан облысындағы іске асырылу барысын талқылау үшін жиналып отырмыз. Ішкі талдаулар арқылы біз процестегі әлсіз тұстарды анықтап қана қоймай, оларға жүйелі түрде тосқауыл қоюға, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік аламыз. Соңғы бір жылда облыс көлеміндегі бірқатар басқармалар мен мекемелерде ішкі талдау жүргізіліп, ондаған ұсыныс пен тәуекел карталары әзірленді. Бұл – біріншіден, ұйымдардың өзін-өзі бақылауға бет бұрғанын, екіншіден, сыбайлас жемқорлықтың тек салдарымен емес, себептерімен күресу бағытына бет алғанын білдіреді. Бүгінгі жиында облыстардағы ішкі талдаудың жүргізілу тәжірибесімен, өңірімізде жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының сапасы туралы ақпаратпен бөлісеміз, – деді.

Қазіргі таңда Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттің басым бағыттарының бірі ретінде күн тәртібінен түспей келеді. Бұл келеңсіз жағдай тек мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіріп қана қоймай, тұтастай қоғамның дамуына, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне кері әсер етеді. Сондықтан елімізде жыл сайын жаңа әдіс-тәсілдер мен құқықтық құралдар енгізілуде. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу – ең пәрменді және нәтижелі тәсілдердің бірі ретінде танылып отыр. Бұл жүйе арқылы мекемелердің ішкі жұмыс процестері мен нормативтік-құқықтық құжаттары терең зерделеніп, сыбайлас жемқорлық туындауы мүмкін әлсіз буындар анықталады.

Осы бағыттағы жұмыстың аясында өткен жиында квазимемлекеттік сектор ұйымдарында атқарылып жатқан ішкі талдаудың аралық нәтижелері мен облыс көлемінде қолға алынған алдын алу шаралары талқыға салынды. Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің басшысы Боранбай Есқараев пен аталмыш жобаның жауапты маманы Балнұр Үпібек баяндама жасап, қатысушыларды талдау әдістемесімен, тәжірибелік мысалдармен таныстырды. Олар ішкі талдау кезінде жіберілетін жиі қателіктерге тоқталып, олардың алдын алу жолдарын нақтылап өтті.

Жиын барысында кейбір басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінде жүргізілген ішкі талдаулардың сапасы сынға алынды. Бұл ұйымдардың жауапты өкілдері өз жұмыстары бойынша есеп беріп, алдағы уақытта ескертулерді ескере отырып, жұмысты жақсартуға міндеттелді. Сонымен қатар, комплаенс офицерлердің белсенділігі мен біліктілігін арттыру мәселесі де басты назарда болды. Комплаенс офицері – бұл мекеме ішіндегі сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және ішкі бақылау механизмін тиімді жүргізетін негізгі тұлға. Оның міндетін сапалы орындауы жалпы ұйым жұмысының ашықтығы мен адалдығына тікелей әсер етеді.

Жиын қорытындысы бойынша, барлық басқарма басшыларының орынбасарларына және аудан, қала әкім аппараттарының өкілдеріне ішкі талдау жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындау тапсырылды. Бұған қоса, қажетті құжаттарды тапсырмаған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жауапты тұлғалары мен әкімдіктер мен басқармалардағы басшылардың орынбасарларының жауапкершіліктері қаралатыны ескертілді. Яғни, енді тек жұмыс жүргізу ғана емес, оның сапасы мен нәтижесі де қатаң бақылауға алынады.

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жазалау шараларымен шектелмейді. Ең бастысы – оның алдын алу, яғни осал тұстарды дер кезінде анықтап, оны болдырмауға бағытталған механизмдерді іске қосу. Осы тұрғыдан алғанда, ТБН-4 жобасы – мекемелер мен ұйымдардың өзін-өзі тексеру арқылы ішкі процестерін жетілдіруге, жауапкершілікті күшейтуге, ең бастысы – қоғам сенімін нығайтуға бағытталған тың әрі тиімді бастама.

Сыбайлас жемқорлық – құқықтық мемлекет пен әділетті қоғамның басты жауы. Ол қоғамдық институттардың тұрақтылығына, экономиканың өсуіне, азаматтардың құқықтарының қорғалуына кедергі келтіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғамның бұл дертке қарсы күрестегі күш-жігері ешқашан бәсеңдемеуі тиіс. Түркістан облысында өтіп жатқан мұндай мазмұнды жиындар – тек бір өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің даму бағытына қосылып жатқан зор үлес.


Бірлік пен татулық – қазақстан дамуының стратегиялық тірегі
«TURAN» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін толық пайдалану керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу