«TURAN» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін толық пайдалану керек»
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өркендеуі мен өндірістік әлеуетін дамыту бағытындағы бастамалар жаңа серпін алуда. Аймақтың экономикалық қуатын арттыру және инвестиция тарту ісінде маңызды құрал ретінде қарастырылып отырған «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бүгінде басымдыққа ие аумақтардың бірі саналады. Осы аймақтың тиімділігін арттыру, ондағы түйткілдерді дер кезінде шешу, жұмыс қарқынын күшейту мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен арнайы мәжіліс өткізілді. Бұл басқосуда жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, әрбір жобаның уақтылы әрі сапалы жүзеге асуы талап етілді.
Облыс басшысы өз сөзінде арнайы экономикалық аймақты барынша тиімді пайдалану қажет екенін қадап айтты.
– «TURAN» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін толық пайдалану керек. Бұл – экономка мен өндірісті дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Осы аймақтан жер алып, жұмысты бастамаған тұлғалардан жер қайтып алынсын және айыппұл салу мәселесі қарастырылсын. Уақыт жоғалтуға болмайды. Әрбір жоба өз мерзімінде жүзеге асуы тиіс. Экономикалық аймақтың инфрақұрлымын жақсартуға қатысты жұмыстар да қатаң бақылауда болады, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басқарма мен экономикалық аймақ басшысына, Мақтаарал, Сауран аудандары мен Кентау, Түркістан қаласының әкімдеріне инвестициялық жобаларға, инфрақұрылымға қатысты міндеттемелер жүктеді. Жұмысты ширатуды тапсырды.
Жалпы алғанда, Түркістан облысы – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі. Әсіресе соңғы жылдары өндірістік, өнеркәсіптік және инвестициялық бағыттағы жобалар белсенді түрде іске асырылып келеді. Облыстың географиялық орналасуы, шекара маңындағы логистикалық мүмкіндіктері, еңбек ресурстарының жеткіліктілігі мен табиғи ресурстардың молдығы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түсуде. Бұл бағытта құрылған индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасап, өңдеуші өнеркәсіп пен экспорттық әлеуетті дамытудың қозғаушы күшіне айналуда.
2019–2025 жылдар аралығындағы кезеңде «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 751,6 миллиард теңгені құрайтын 221 инвестициялық жоба тіркеліп, бұл жобалар өңір экономикасына ауқымды серпін беруге бағытталды. Түркістан облысы өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың дерегі бойынша, бүгінге дейін 39 жоба толық іске асырылып, оның жалпы инвестициялық көлемі 253,9 миллиард теңгені құраған. Бұл жобалар нәтижесінде 1353 адамға тұрақты жұмыс орны ашылған. Қазіргі таңда тағы 137 жоба жүзеге асырылу үстінде, олардың жалпы құны 464,6 миллиард теңгеге жетеді.
Сондай-ақ АЭА аумағында 34,1 миллиард теңгеге бағаланған 45 жоба табысты іске асырылып, нәтижесінде қонақ үйлер, туристік нысандар мен сауда орталықтары өз жұмысын бастаған. Бұл нысандар облыс тұрғындары мен қонақтарына жоғары сапалы қызмет көрсетіп, туризмнің дамуына оң ықпал етіп отыр.
Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 46,5 миллиард теңге болатын 20 жобаны іске қосып, қосымша 1360 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда жалпы құны 104 миллиард теңгені құрайтын 11 перспективалы жобаны іске асыру бағытында тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Барлық жобалар толық іске асқан жағдайда, құрылыс кезеңінде 11236 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл аймақ үшін ғана емес, тұтастай облыс экономикасы үшін аса маңызды көрсеткіш.
Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын дамыту мәселесі де басты назарда. Қазіргі уақытта өндірістік нысандарды газбен жабдықтау, электр энергиясымен қамту, жолдар, кәріз жүйелері мен су тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аумақты абаттандыру және қоршау жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Бұл – инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру жолындағы нақты қадамдар.
Аталған экономикалық аймақта іске асырылған және іске асырылуы жоспарланған ірі өндіріс орындарының қатарында отандық және шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындар бар. Мысалы, «BASPOLYMER» ЖШС-і полимерлі құбырлар мен пластмасса өнімдерін, соның ішінде тамшылатып суару жүйелеріне қажетті таспалар өндіреді. «QazEcoPack» ЖШС – полиэтилен негізіндегі орау материалдарын (стрейч-пленка, скотч, көпіршікті пленка) шығаратын зауыт. Сондай-ақ «PSI Mineral Technologies» ЖШС – тау-кен металлургия саласына қажетті ауыр техниканы өндіруді қолға алған. Бұдан бөлек, «АЛТЫН ДАЛА МАҚТА» ЖШС, «KZ_Unicol» ЖШС, «ER-QAN GROUP» ЖШС және тағы басқа компаниялар әртүрлі бағытта өндірісті жолға қойып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге атсалысып келеді.
Болашақта іске қосылуы жоспарланған кәсіпорындар қатарында ауыл шаруашылығы машиналарын өндіретін «Silk Way International», тоқыма өнімдерін шығаратын толық циклді кешен құруды жоспарлап отырған «Kazakhstan Lihua», сондай-ақ табиғи материалдардан тұрмыстық бұйымдар шығаратын «Qaz Natural Laminat» секілді жобалар бар. Бұл жобалар тек өндіріс көлемін ғана емес, экспорттық бағыттағы әлеуетті де арттырады.
Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтар – кәсіпкерлікті қолдаудың және экономиканы әртараптандырудың маңызды тетігі. Олар салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық климаттың тартымдылығын арттыру арқылы бизнеске жол ашады. Түркістан облысы да бұл тәжірибені сәтті игеріп, арнайы аймақтар арқылы өңірлік экономиканың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашып отыр.
Жыл басынан бері облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де өсіммен сипатталуда. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша алты айдың қорытындысында 118% өсімге қол жеткізіліп, Түркістан облысы республика бойынша көш басынан көрінді. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстардың, жүзеге асырылып жатқан жобалардың нақты нәтижесі.
Осылайша, Түркістан облысы тек туристік және мәдени орталық ретінде ғана емес, өндіріс пен инвестиция саласында да еліміздің алдыңғы қатарлы өңірлерінің біріне айналып келеді. «TURAN» арнайы экономикалық аймағы – бұл бағыттағы бетбұрыстың нақты дәлелі.