Заңсыздықтарға жол бермеу – билікке деген сенімнің негізі
Түркістан облысында 2025 жылдың басынан бері құрылыс жұмыстары қарқын алған. Облыс аумағында 1147 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары қолға алынғаны белгілі болды. Бұл ақпарат Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің жетекшілігімен өткен апталық аппарат мәжілісінде жария етілді. Жобалардың едәуір бөлігі жеке инвестициялар есебінен салынып жатқанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, 188 құрылыс нысанына қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінсе, қалған 959 нысан жекеменшік сектор тарапынан қаржыландырылып отыр. Бұл өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Алайда құрылыс саласының дамуымен бірге туындайтын мәселелер де аз емес. Облыс әкімі заңсыз салынған құрылыстардың артуы алаңдатарлық жағдай екенін айтып, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайтынын ескертті.
– Себеппен емес, салдармен күресетін уақыт келді. Алдағы уақытта жаңадан заңсыз құрылыс нысандары анықталған жағдайда, бірінші кезекте ауыл округ әкімдеріне және аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара көрілетінін ескертемін. Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктері мен ауыл окург әкімдері тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп, заңсыз салынған құрылыс нысандарын заң талаптарына сәйкес ретке келтіруі тиіс. Салынып қойған құрылыстарға рұқсат құжаттарын рәсімдеп беру тәжірибесін тоқтатуды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Бүгінде елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті күшейту мәселесіне үлкен мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында, ресми мәлімдемелерінде, сондай-ақ құқық қорғау органдарына берген тапсырмаларында заң мен тәртіптің сақталуын – ел дамуының басты қағидаты ретінде атап келеді. Президент: «Біздің мақсатымыз – әділетті мемлекет құру. Бұл үшін заң бәрінен биік тұруы керек. Қоғамда заңсыздыққа, жауапсыздыққа орын болмауы тиіс», – деген болатын. Бұл ұстаным жергілікті басқару органдарының да жұмысында басшылыққа алынуы қажет. Әсіресе жер қатынастары, құрылыс және қала құрылысы салаларында заңды елемей, өз бетінше әрекет ететіндерге жол беруге болмайды.
Аппараттық кеңесте қаралған негізгі мәселелердің бірі – заңсыз құрылыс фактілерін анықтау және олармен күресу бойынша 2025 жылдың алғашқы жеті айында атқарылған жұмыстардың есебі болды. Түркістан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының дерегінше, жыл басынан бері 190 құрылыс нысанына қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, 562 заңбұзушылық анықталған. Анықталған заңсыздықтар бойынша жалпы сомасы 163,15 млн. теңге болатын әкімшілік айыппұлдар салынған. Сонымен қатар, заң талаптарын бұзып салынған 187 нысан бойынша ресми нұсқама берілген, оның ішінде 40 нысанға қатысты – бөлшектеп бұзу туралы шешім қабылданған. Бұл – заңға бағынбағандарға қолданылып жатқан нақты шаралардың бірі ғана. Қазіргі таңда тағы 8 нысанға қатысты мәжбүрлі түрде бұзуға қатысты сотқа талап-арыз берілген, олардың 2-еуі қанағаттандырылып, қалған істер қаралуда.
Жиында сондай-ақ құрылыс саласындағы рұқсат беру тәртібі мен оны бұзған тұлғалардың жауапкершілігі, құрылыс салушылардың міндеттері, жаңа құрылыстарға бақылау жүргізу, нұсқама негізінде бөлшектелуге тиіс нысандардың қазіргі жай-күйі секілді мәселелер кеңінен қаралды. Бұдан бөлек, сотқа жіберілген материалдардың мәртебесі, әкімшілік істердің барысы, заңсыз құрылыстардың өсу себептері және оларды болдырмау тетіктері талқыланды.
Қазіргі таңда қоғамда заңсыз құрылыстарға қатысты «алдымен салып алайық, кейін рұқсат аламыз» деген теріс түсінік қалыптасып отыр. Бұл – заңды елемеудің көрінісі ғана емес, өңірдің әлеуметтік, көлік және инфрақұрылымдық дамуына кері әсер ететін фактор. Заңмен бекітілген тәртіпке сәйкес, құрылыс салу жұмыстары тек қана барлық құжаттар мен рұқсатнамалар толық рәсімделгеннен кейін ғана басталуы тиіс. Бұл талап жеке тұрғын үй құрылысын салушыларға да, ірі инвесторларға да ортақ. Сондықтан бұдан былай заңсыз басталған құрылыстарға кешірім жасау, рұқсат беру тәжірибесі тоқтатылуы тиіс. Бұл талапты әкім де нақты тапсырма ретінде жүктеді.
Мәжілісте қатысқан тиісті басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдерінің орынбасарларына заң талаптарын мүлтіксіз орындау қажеттілігі тағы да ескертілді. Облыстық деңгейде заңсыз құрылыстарға қарсы жүйелі күрес жүргізілмейінше, жергілікті жерде тәртіп орнамайтыны айтылды. Әсіресе ауылдық округ әкімдеріне бақылау күшейтіледі. Олар өз аумағында қандай да бір заңсыз нысан бой көтеріп жатса, ол үшін тікелей жауапты болатынын білгені жөн.
Сонымен қатар заңсыз құрылыстарды дер кезінде анықтау және оларды болдырмау бойынша нақты алгоритм бекітіліп, барлық деңгейдегі әкімдіктерге жолданды. Бұл алгоритм құрылыс процесінің әр кезеңінде туындайтын заңбұзушылықтарды қадағалап, уақытылы әрекет етуді қамтамасыз етеді.
Президенттің заң үстемдігін қамтамасыз етуге қатысты ұстанымы бүгінгі күнгі барлық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне бағдар болуы тиіс. Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды істің бір бөлігі. Заңға бағыну – әрбір азаматтың ғана емес, әрбір мемлекеттік орган мен лауазымды тұлғаның да басты міндеті. Сол себепті құрылыс саласында заңсыздықтарға жол бермеу – билікке деген сенімнің негізі болмақ.
Осылайша, Түркістан өңірінде құрылыс саласындағы заңдылықты сақтау, бақылау тетіктерін күшейту және заңға сәйкес реттеу жұмыстары күшейтіліп отыр. Бұл бағыттағы жүйелі шаралар әрі қарай да жалғасын тауып, заңсыз құрылыстармен күрес мемлекет мүддесі тұрғысынан қатаң жүргізілмек.