"Нөлдік төзімділік"--әділдікті орнатудың басты тетігі
Қоршаған ортаның тазалығын сақтау және азаматтардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру – бүгінде елдік маңызы бар міндеттердің бірі. Осыған орай, Түркістан облысында қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде өңірлік іс-шаралар жоспарлы түрде жүзеге асып келеді.
Бұл жолы Төлеби ауданында ауқымды тазалық акциясы өтті. Түркістан облысы әкімдігінің бекіткен арнайы жоспарға сәйкес, «Эко акция» кезеңінің талаптары негізінде Қасқасу, Ақмешіт, Біркөлік және Тұрбаз сынды танымал демалыс аймақтарында кешенді сенбілік ұйымдастырылды.
Ауқымды тазалық жұмыстарына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лесбек Әуезханұлы бастаған 800-ден астам адам – мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдары, волонтерлік қозғалыс мүшелері мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Олар табиғат аясындағы демалыс орындарын, жол бойларындағы аумақтарды, арық жүйелерін және атыздарды тұрмыстық және пластик қалдықтардан тазартты. Бұл игі бастама тек бір реттік шара емес, азаматтардың табиғатты ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі әрекеттердің бір бөлігі болып отыр.
Экологиялық сенбілік аясында құқықтық тәртіпті сақтау мен қоғамдық жауапкершілікті арттыруға да ерекше назар аударылды. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері – департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б. Айтпаев, Төлеби аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғ. Қуашбаев, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Е. Усербаев, сондай-ақ Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Қ. Рахишев арнайы қатысып, өз бақылауын жүргізді. Олар демалушылармен ашық сұхбат құрып, экологиялық мәдениет жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Табиғат аясында демалушыларға қоқысты өзімен бірге алып кетіп, арнайы контейнерлерге тастау қажеттігі ескертілді. Бұл – жай ғана ескерту емес, мәдениеттілік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі екені айтылды.
Мұндай түсіндіру жұмыстары барысында дауысзорайтқыш арқылы хабарландырулар да жасалып отырды. Ал ескертулерге құлақ аспаған азаматтарға қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылатыны нақты жеткізілді. Бұл ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "нөлдік төзімділік" қағидасы негізгі бағдар ретінде қолданылуда. Мемлекет басшысы бірнеше мәрте заң бұзушылықтың кез келген түріне – мейлі ол ұсақ құқықбұзушылық болсын, мейлі экологиялық ереже бұзылуы болсын – мүлде төзбеу қажеттігін, бұл қоғамдағы тәртіп пен әділеттілікті орнатудың басты тетігі екенін атап өткен болатын. Президент өз сөзінде: «Біз тәртіп пен заңды сақтау арқылы ғана әділетті мемлекет құра аламыз. Құқықбұзушылықтың барлық түріне қоғамда нөлдік төзімділік болуы тиіс», – деген еді. Бұл қағида, әсіресе, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға немқұрайлы қарамау мәселесінде ерекше маңызға ие.
Сенбілік барысында 400-ге жуық қап тегін таратылып, демалушыларға қалдықтарды жинауға қажетті құралдар берілді. Сонымен қатар демалыс аумағында қоқыс тастайтын арнайы контейнерлер орнатылатын орындар белгіленді. Бұл тек тазалыққа емес, жүйелі басқаруға бағытталған нақты шешімдердің бірі. Аталған шара нәтижесінде жеті техника жұмылдырылып, жиналған қоқыстар арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Жол жиектері мен су арналары арамшөптер мен түрлі бөгде заттардан тазартылып, табиғи ландшафттың бастапқы қалпы қалпына келтірілді.
Сенбілік тек тазалық шарасы емес, қоғамның тәртіпке деген көзқарасын қалыптастыру алаңы ретінде де қызмет етті. Экологиялық заңдылықтарды елемейтін, табиғатты ластаудан тайынбайтын әрекеттерге нөлдік төзімділік танытудың маңыздылығы осы арқылы көрсетілді. Қоғамдық тәртіпті бұзған, қоқысты бейберекет тастаған азаматтарға құқық қорғау органдары тарапынан ескерту беріліп, кейбір жағдайларда айыппұлдар да салынды.
Бұдан бөлек, Қасқасу демалыс аймағына апаратын жолға арнайы шлагбаум орнату туралы шешім қабылданды. Бұл – демалыс аумағына көліктердің бақылаусыз кіруін болдырмау, сонымен қатар табиғи аумақтардың экологиялық тепе-теңдігін сақтау үшін қабылданған нақты шара. Бұған дейін көлік құралдарының шамадан тыс жүруі топырақтың бұзылуына, өсімдіктердің тапталуына және ластанудың көбеюіне әкеліп соғатын. Ендігі жерде шлагбаум арқылы көлік ағынына реттеу енгізіліп, бұл жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туады.
Мұндай ауқымды сенбіліктер тұрғындардың экологиялық сауатын арттыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және өз жеріне, өз табиғатына деген сүйіспеншілігін нығайтуға негіз болады. Табиғат – баршаға ортақ игілік, ал оны сақтау – әрбір азаматтың парызы. Сондықтан бұл бастама маусымдық немесе формальды емес, жыл бойына жалғасатын тұрақты дәстүрге айналуы тиіс. Мұндай жүйелі жұмыстар арқылы ғана азаматтарда табиғатқа деген жауапкершілік, экологиялық мәдениет пен құқықтық сана қалыптаспақ.
Қазіргі әлемде экология – мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен болашағына тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Сондықтан Түркістан облысында қолға алынған бұл бастама өзекті ғана емес, өміршең міндетке айналып отыр. Әрбір тұрғынның табиғатқа деген ұқыпты көзқарасы – болашақ ұрпаққа қалдырар ең асыл мұраның бірі.