Заңның үстемдігі—«Әділетті Қазақстанның» негізі

Oinet.kz 13-08-2025 21

5.jpg 

Экологиялық қауіпсіздік пен санитарлық тазалықты қамтамасыз ету – тек жергілікті биліктің ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналғаны анық. Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Соның ішінде «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы облыс көлемінде қарқын алып, күн тәртібінен түспей отыр.

Аталған бастаманың өңірде жүзеге асу барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткізілген арнайы жиында кеңінен қаралды. Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары атап өткендей: "Өткен аптаның өзінде елді мекендерде 173 тазалық іс-шарасы өтті. Нәтижесінде, 58 028 тұрғын қатысып, 173 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы бағдарлама аясында бекітілген жоспарлардың орындалуы тұрақты қадағалануда" – деп, нақты деректер келтірді. Бұл – экологиялық мәдениетті арттырумен қатар, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күнделікті өмірде нақты әрекетпен көрсетудің жарқын үлгісі. Түркістан облысында бұл бағдарлама тек формальды науқан ретінде емес, жүйелі экологиялық қозғалысқа айналып келеді.

Экологиялық тазалықты насихаттау бағытында тек мемлекеттік органдар ғана емес, қоғамның әр саласындағы белсенді тұлғалар да бел шеше кірісіп отыр. Мәселен, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов, Шардара қаласының танымал армрестлинг шеберлері, сондай-ақ Сағындық Тоғамбай, Ұлжан Сәрсенбек, Дидар Хамза сынды елге танымал спортшылар бұл бастаманы қолдап, өз ісімен үлгі көрсетуде. Танымал тұлғалардың осындай бастамаларға қатысуы – жастарға мотивация беріп қана қоймай, кең ауқымды экологиялық қозғалыстың қалыптасуына ықпал етеді.

Түркістан жастары да бұл бағыттан тыс қалып отырған жоқ. Жастар арасында экологиялық ойлау мен жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында арнайы «Jas Turkistan» волонтерлік ассоциациясы құрылып, оған өңірдегі түрлі ерікті ұйымдар мен бастамашыл топтар біріктірілді. Қазіргі таңда бұл құрылым аясында еріктілер алты бағыт бойынша тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінге дейін өңір бойынша 253 сенбілік, 17 семинар-тренинг, 29 экоплогинг шарасы, 23 спорттық жарыс, 9 экочеллендж, 7 экомарафон ұйымдастырылған. Бұған қоса, 1000-нан астам экологиялық тақырыптағы үнпарақ пен брошюралар таратылған. Бұл – жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған кешенді қадамдардың бір парасы ғана.

Қоршаған ортаны қорғау – тек қоқыс жинаумен ғана шектелмейтіні белгілі. Санитарлық тазалық талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке бағыну және өз әрекеті үшін жауапкершілік алу – бұл бағыттағы басымдықтардың бірі. Осы ретте «TazaQazBot» атты арнайы ақпараттық жүйе арқылы тұрғындар тарапынан түсетін өтінімдер нақты тіркеліп, жедел түрде орындалуда. Қазіргі таңда осы жүйеге 2928 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 2920 өтініш орындалып үлгерсе, 8 өтініш орындалу үстінде. Бұл – халықтың цифрлық ресурстар арқылы проблеманы жедел жеткізуі мен билік тарапынан жылдам әрекет етуінің үйлесімді үлгісі.

Бұған қоса, қоғамдық орындарда тазалық сақтамаған тұлғаларға қатысты да нақты шаралар қабылдануда. Санитарлық талаптарды елемеген азаматтарға биылдың өзінде 20 169 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 455 миллион теңге айыппұл салынған. Бұл тек жазалау емес, қоғамда тәртіп пен жауапкершілік қағидасын орнықтырудың бірден-бір амалы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында елімізде құқықтық мәдениетті арттыру қажеттігін бірнеше рет баса айтқан болатын. Мемлекет басшысы: «Біз заңның үстемдігін және қоғамда нөлдік төзімділік қағидасын орнықтыруымыз қажет. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізі», – деп атап көрсеткен еді. Осы ұстаным бүгінгі күні барлық салада, соның ішінде экологиялық тәртіп пен қоғамдық тазалық бағытында да жүзеге асып жатыр. Әсіресе экологиялық нормаларды бұзу, қоқыс тастау немесе рұқсатсыз ластау әрекеттеріне қоғам мен құқық қорғау органдары тарапынан нөлдік төзімділікпен қарау – жаңа азаматтық мәдениеттің қалыптасуына жол ашады.

Экологиялық жағдай – мемлекеттің тұрақты дамуы мен халық денсаулығының кепілі. Сондықтан да Түркістан облысында жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жобасы тек тазалықты қамтамасыз етумен шектелмей, тұтас ұрпақтың экологиялық санасын, болашаққа деген жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды бағдарлама ретінде жүзеге асып келеді. Бұл бастама – әр азаматтың күнделікті өмірде тазалықты сақтап, қоғамдық жауапкершілікке сергек қарауына жол ашады. Мұндай жобалар арқылы тек қоршаған орта ғана емес, адамдардың сана-сезімі, көзқарасы өзгереді.

Ел болашағы үшін маңызды бастамалар жалғасын тауып, жүйелі жүзеге асуы тиіс. Тек сонда ғана Президент ұсынған «Әділетті Қазақстан» қағидасының нақты көрінісі – күнделікті өмірімізде орнығады.


"Нөлдік төзімділік"--әділдікті орнатудың басты тетігі
«Әйел мен бала – қорғансыз қалуға тиіс емес»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу