«Әйел мен бала – қорғансыз қалуға тиіс емес»

Oinet.kz 13-08-2025 17

6.jpg

Түркістан облысында гендерлік саясат пен отбасылық-демографиялық жағдайды тұрақтандыру, әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осы мәселелер кеңінен талқыланып, өңірдегі түйткілді мәселелер ортаға салынды. Комиссия мәжілісіне облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық етіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша нақты ұстанымын білдірді.

Отырыста бірқатар баяндамалар ұсынылып, отбасы институтын нығайту, әйелдерге әлеуметтік қолдау көрсету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер қарастырылды. Мәжіліске облыстық комиссия мүшелерімен қатар, аудан-қала деңгейіндегі жауапты тұлғалар, құқық қорғау органдарының өкілдері де бейнебайланыс арқылы қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде:
«Мемлекет гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, отбасылық институтты нығайту, ана мен бала құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды жұмыстарды атқаруда. Түркістан өңірінде игілікті бастамалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді. Әйелдер қауымы сан түрлі саланы меңгеріп, еңбектеніп, елді дамытуға үлес қосуда. Бүгін жиі кездесетін мәселелерді ортаға салу, ұсыныстарды талқылау және шешілу жолдарын қарастыру үшін жиналдық. Сіздер қоғамда белсене іс атқарып, проблемалардың ошақтарын жіті білесіздер. Сондықтан пікірлеріңізді тыңдау - маңызды. Ерте жүктіліктің алдын алу шараларының нәтижесінде көрсеткіш төмендеді. Дегенмен кәмелетке толмағандар арасында және оларға жасалатын құқықбұзушылық азаймай отыр. Көбіне әлеуметтік жетіспеушілік пен отбасылық жанжалдан туындайды. Сондай-ақ қадағалауды жазғы демалыста да елеусіз қалдырмаған абзал. Білім ұяларынан бастап колледждерге дейін, жалпы жергілікті жерлерде бақылауды күшейтіп, жұмысты жандандыруды тапсырамын», – деп нақты тапсырмалар жүктеді.

Өңірдегі халық саны 2,1 миллионға жетіп, тұрғындардың жартысына жуығын әйелдер құрайды. Бұл – аталған бағыттағы жұмыстардың ауқымын арттыру қажет екенін көрсетеді. Сонымен бірге, республика бойынша ең көп көпбалалы ана Түркістан өңірінде тұрады – 185 мыңнан астам. Бұл көрсеткіштің артында әлеуметтік саясаттың ең нәзік тұстары – ана мен балаға қолдау көрсету, көпбалалы отбасылардың өмір сүру сапасын арттыру сынды стратегиялық маңызды мәселелер тұр.

Комиссия отырысында келтірілген статистикалық деректер де мәселенің өзектілігін айқындай түсті. 2025 жылдың алғашқы жеті айында кәмелетке толмағандармен байланысты 69 қылмыстық жағдай тіркелген. Бұл – қоғамда қорғансыз балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне байланысты тетіктердің әлі де жетілмегенін көрсетеді.

Қазіргі таңда, осы бағыттағы міндеттерді жүйелі түрде шешу үшін облыс көлемінде арнайы мекемелер ашылып, тұрғындарға психологиялық және құқықтық көмек көрсету жұмыстары күшейтілген. Атап айтқанда, Түркістан облыстық психологиялық қолдау орталығы мен 17 аудан-қалада құрылған «Отбасын қолдау орталықтары» кәмелетке толмаған балалар мен отбасылардың мүддесін қорғауға бағытталған. Бұл орталықтар жыл басынан бері 3800-ден астам өтініш қабылдап, 5 мыңнан аса әлеуметтік және психологиялық көмек көрсеткен. Аталған мекемелерде 284,5 штаттық бірлікке мамандар жұмыс істейді. Олар – әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, заңгерлер, медиаторлар сынды түрлі бағыттағы білікті мамандар.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес те күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе ретінде қаралды. Бұл әлеуметтік құбылыс көбіне жасырын сипат алып, тиісті органдарға жетпей жатады. Сол себепті қоғамда зорлық-зомбылыққа қарсы «нөлдік төзімділік» қағидаты орнығуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында осы мәселеге бірнеше рет арнайы тоқталған. Мемлекет басшысы: «Біз отбасындағы зорлық-зомбылықпен ымырасыз күрес жүргізуіміз керек. Қоғам бұл мәселеге бей-жай қарамауы тиіс. Әйел мен бала – қорғансыз қалуға тиіс емес», – деп атап көрсеткен болатын. Осы бағытта профилактикалық жұмыстарды күшейту, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметкерлердің тығыз байланысын арттыру – басты талаптардың бірі.

Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында да бақылау шараларын күшейту – комиссия отырысында көтерілген маңызды мәселелердің қатарында болды. Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларға психологиялық қолдау көрсету, көше қылмысына жол бермеу – жергілікті атқарушы органдардың, әсіресе білім беру мекемелерінің басты назарында болуы тиіс.

Облыста 8935 отбасы немесе 55 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алуда. Бұл санның өзі – халықтың едәуір бөлігі мемлекеттік қолдауға мұқтаж екенін білдіреді. Осы санаттағы азаматтармен жұмыс жүргізу, оларды еңбекке баулу, әлеуметтік осал топтарды қоғамға бейімдеу – әлеуметтік саясаттың жауапты міндеттерінің бірі.

Отырыс соңында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев көтерілген барлық мәселелер бойынша жауапты органдарға нақты тапсырмалар берді. Комиссия жұмысының тиімділігін арттыру, профилактикалық шараларды күшейту және орын алған әлеуметтік мәселелерге көз жұма қарамау – жиынның негізгі лейтмотивіне айналды.

Бұл отырыс – отбасы құндылықтарын дәріптеу, әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жандана түсетініне сенімділік береді.


Заңның үстемдігі—«Әділетті Қазақстанның» негізі
Жол қозғалысы– қоғамның мәдени деңгейінің айнасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу