Арыс: Құрылыс саласында атқарылған жұмыс көп

Oinet.kz 10-10-2025 9

Screenshot_19.jpg

Арыста көп жұмыс атқарылуда. Әсіресе құрылыс саласында серпін бар. Тұрғын үй, жол, сапалы ауыз су мен газ тарту жұмыстары бәрі-бәрі ел игілігі үшін жасалуда. Шағын және орта кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілуде. Мәселен, Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасын орындау мақсатында өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты істер қолға алынуда. Соның бір айғағы – Арыс қаласында бой көтеріп жатқан өндірістік парк. Қала әкімі Қайсар Маңқараев өндірістік паркке арнайы барып ондағы құрылыс жұмысымен танысты.

Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың айтуынша, Арыс-Отырар тас жолының бойында орналасқан өндірістік аймақтың жалпы аумағы 1,44 гектарды құрайды. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Инвестиция тарту арқылы жұмыс орындарын ашу жобаның негізгі міндеттерінің бірі. Жобалық жоспарға сәйкес, өндірістік паркте бес жобаны жүзеге асыру көзделген. Олар – термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз өндірісі, бақша өнімдерін терең өңдеу, сондай-ақ тротуар плиталары мен бордюр бұйымдарын дайындау бағыттары. Аталған жобалардың жиынтық құны 215 миллион теңгені құрайды. Жоба жүзеге асқан соң 30-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

– Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бұл өндірістік парк елеулі үлес қосатыны анық. Қазірден осында өз кәсібін бастап, инвестиция салуға ниетті бизнес өкілдері қызығушылық танытуда. Мұндағы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін өндірістік парк Арыстың индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасамақ, – дейді шаһар басшысы.

Бұдан кейін қала әкімі Арыс қаласына қарасты Саналы елді мекеніндегі газ беру нысанының құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың тұрмыс-тіршілігін арттыруға баса назар аударып келеді. Бұл бағытта елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі – Сіздер көптен күткен бүгінгі қуанышты күн», – деп атап өткен қала әкімі газ құбырын тартқан мердігер жұмысы жоғары бағалады. Саналы елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жеке инвестор «Otebay Gaz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеген. Жалпы, жыл басынан бері Арыс қаласына қарасты Байырқұм, Жиделі және Көкжиде елді мекендері табиғи газға қосылды. Жыл соңына дейін қала орталығы мен Аққала ауылына көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ қала әкімі жаңа теміржол вокзалының құрылыс барысымен танысты. Арыс қаласындағы Арыс-2 теміржол вокзалы толықтай сүріліп, заманауи үлгіде қайта салынуда. Жолаушылар инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған республикалық бағдарлама аясындағы бұл ірі жобаның нәтижесінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа әрі ыңғайлы вокзал пайдалануға берілмек. 2012 жылы бой көтерген бұрынғы ғимарат ескіріп, талапқа сай болмай қалған еді. Ал тоғыз жолдың торабы саналатын Арыс қаласы арқылы тәулігіне 300-ге жуық жолаушы өтеді. Мұнда күніне орта есеппен 18 пойыз аялдайды, соның ішінде 2 пойыз – халықаралық бағытта қатынайды.

Жаңа вокзал жобасында жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Ғимараттың сәулеттік шешімі заман талабына сай орындалып, кең күту залдары, абаттандырылған перрон, заманауи жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Сонымен қатар аумағында шағын аллея салынып, демалуға арналған орындықтар орнатылады деп жоспарланған. «Теміржол вокзалы – қаланың айнасы. Біз әрбір жолаушы үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет. Барлық жұмыстар сапалы әрі мерзімінде аяқталуы тиіс», – дейді қала әкімі.

Атап өтерлігі жаңа теміржол вокзалдың құрылысы желтоқсан айына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар жергілікті бюджет қаржысы есебінен Арыс қаласында тұрғындар көптен күткен тағы үш заманауи балалар ойын алаңшасы орнатылды. Жаңа нысандар Арбат аумағында, ШПЗ елді мекеніндегі Н.Ільясов көшесінің бойында және орталықтағы М.Жұмабаев көшесінде ашылды. Әрбір ойын алаңы қазіргі талапқа сай жабдықталған. Мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне лайықталған оннан астам ойын және дене шынықтыруға арналған тренажер элементтері орнатылған. Сонымен қатар, сәнді түнгі жарықшамдармен қамтылған. Бұл – бүлдіршіндердің қауіпсіз әрі белсенді демалысына жасалған нақты мүмкіндік.

Жалпы биыл, қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тапсырмасымен Арыс қаласында барлығы 17 жаңа балалар ойын алаңшасын орнату жоспарланған. Олардың 10-ы – қала аумағында, ал 7-еуі – ауылдық елді мекендерде орнатылды. Жобалардың барлығы заманауи талаптарға сәйкес жасалып, балалардың белсенді және қауіпсіз демалуына бағытталған. Сонымен қатар, қала орталығындағы А.Сүлейменов көшесіне, Монтайтас және Жиделі ауылдық округтеріндегі футбол алаңшалары толықтай жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен бірге Арыс қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Почтовый шағын ауданындағы Асылбеков көшесінде орналасқан бес тұрғын үйдің ауласында кешенді жаңғырту жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе биыл жыл басында қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тұрғындармен кездесуінде көтерілген болатын. Сол жиында тұрғындар ұзақ жылдар бойы лай жолдың азабын тартып, көлік тұрағының жоқтығын айтып, осы мәселені шешуді өтінген еді. Әкім тапсырмасына сәйкес, аталған аумаққа асфальт жол төселіп, төрт жерге автотұрақ салынуда. Сонымен қатар, әрбір үйдің кіреберісіне демалыс орындықтары мен қоқыс жәшіктері орнатылмақ. Нақтырақ айтқанда, 12 кіреберіске 24 орындық және 24 қоқыс жәшігі қойылады.

Қала басшысы Қайсар Маңқараев құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыс барысын қадағалады. Ол тиісті сала басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Жалпы қала әкімінің тапсырмасымен өткен жылы Ақымбеков көшесіндегі №127, 128, 129 үйлердің аулалары абаттандырылып, спорт және ойын алаңшалары, автотұрақтар мен суағарлар орнатылған, кірме жолдары жаңартылған болатын. Ал биыл тұрғындар сұранысына сәйкес, Көктем тұрғын ауданында орналасқан «Ардагер» №103, 104, 105 үйлеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қасбеттерін жаңарту жоспарланып отыр.

Жаңа Салық кодексі талқыланды
Шардара: Жаңа техникалар берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу