Жаңа Салық кодексі талқыланды

Жаңа Салық кодексіне енген өзгерістерге байланысты түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Атап айтсақ, 2026 жылдың 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Бұл кодекс жеке тұлғалардың салық салу жүйесіне, салықтарды төлеу ережелеріне және берешекті өндіріп алу шараларына ауқымды өзгерістер енгізеді. Бұл туралы Түркістан қаласында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов пен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың қатысуымен өткен экономикалық саясат және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын түсіндіруге арналған кеңейтілген кездесуде кеңінен айтылды.
Кездесуге ҚР Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов бастаған кәсіпкерлер, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жалпы қатысушылар саны 200-ге жуық адамды құрады. Күн тәртібінде салық саясатын жетілдіру, бизнесті қолдау және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салық жүйесін жаңғырту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау бағытында жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту үшін артық ауыртпалықтар алынып, жаңа кәсіп бастап жатқан азаматтарға қолдау көрсетілетінін айтты. Оның сөзінше, халықтың әл-ауқатын арттыру мен ел экономикасын дамыту – өңірдің басты басымдығы болып табылады.
Өз кезегінде ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа Салық кодексінің негізгі нормалары туралы жан-жақты түсіндіріп өтті. Ол бизнесті қолдау шаралары, арнайы салық режимдерінің өзгерістері, қосылған құн салығының мөлшерлемесі және салық әкімшілендіруді жеңілдету бағыттары бойынша нақты ақпарат берді.
Жаңа Кодексте салық жүйесін жеңілдетуге бағытталған бірқатар маңызды жаңалықтар қарастырылған. Атап айтқанда, салықтық есептілікті 30 пайызға қысқарту, салық түрлерін 20 пайызға азайту, салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру, дифференциалды ставкаларды енгізу, инвестициялық белсенділікті ынталандыру, сондай-ақ сән-салтанат тауарларына салық жүктемесін арттыру көзделген.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі – жеке табыс салығында прогрессивті салық шкаласының енгізілуі. Жылдық табысы айлық есептік көрсеткіштің 8500 есесіне (шамамен 33,4 млн теңге) дейінгі жеке тұлғалар 10 пайыз мөлшерлемемен салық төлейді, ал одан асқан табыстарға 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Бұл өзгеріс салық әділдігін арттыруға және төмен табысты азаматтарға түсетін салықтық жүктемені азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, салықтық шегерімдер қайта қаралды: стандартты салықтан босатылатын минимум ай сайын 14-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды, бұл айына 140 мың теңгеге дейін жалақы алатын қызметкерлерді жеке табыс салығынан толық босатады. Әлеуметтік осал топтарға, атап айтқанда І және ІІ топтағы мүгедектерге арналған шегерім ай сайын 5000 АЕК-ке дейін арттырылды.
Салықтық шегерімдерді рәсімдеу жүйесі де жеңілдетілді: енді оқу, емделу немесе ипотека бойынша құжаттар ұсынудың орнына бекітілген стандартты шегерім қолданылады. Зейнетақы және біржолғы төлемдер салықтан босатылады.
Жаңа кодексте салықтық берешекті өндіріп алу мәселесіне ерекше назар аударылған. Берешектің шекті мөлшері – 20 АЕК енгізіледі. Егер берешек осы шектен аспаса, тек өсімпұл есептеліп, хабарлама жіберіледі. Ауып кетсе – шоттар бұғатталады, инкассалық тапсырмалар беріледі, ал 45 АЕК-тен асатын берешек жағдайында мүлік тәркіленеді.
27000 АЕК-тен астам берешек үш айдан артық өтелмеген жағдайда, сот борышкердің шет елге шығуына тыйым сала алады. Осыған дейін салық органдары борыштың пайда болғаны туралы ескерту мен хабарламалар жіберуге міндетті. Бұдан бөлек, салық төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі кеңейтіледі. Мысалы, кейбір талаптарға сәйкес (еңбек өтілі, қызметкерлердің болуы, негізгі құралдар) кепілсіз және банк кепілдігінсіз кейінге қалдыруға рұқсат беріледі.
Уақытша қаржылық қиындықтары бар салық төлеушілерге кепілсіз 1500 АЕК-ке дейінгі бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, импортерлерге өнім өндіруге арналған шикізат пен материалдарға ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру рұқсат етіледі. Тағы бір маңызды жаңалық – салық әкімшілігін біріктірілген жүйенің іске қосылуы. Ол қолданыстағы жеті ІТ жүйесін ауыстырып, салық әкімшілігін жеңілдетіп, рәсімдерді жеделдетіп, процестерді автоматтандырады және салық төлеушімен мемлекет арасындағы өзара әрекеттің ашықтығын арттырады.
Кездесу соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Олар өзекті мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салды. ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бизнес өкілдерінің ұсыныстары арнайы штаб отырысында қаралатынын атап өтіп, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы жалғасатынын жеткізді.






