Денсаулық саласында 6 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласына ерекше мән беріп, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа міндеттерді айқындап берді. Мемлекет басшысы атап өткендей, елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, кадрларды даярлау және қызмет сапасын көтеру – еліміздің медициналық жүйесін жаңа деңгейге көтеретін басты басымдықтардың бірі.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында денсаулық сақтау саласының жұмысын ілгерілету, жергілікті тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтің айтуынша, Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс орталығында Біріккен Араб Әмірлігінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен 80 орындық перзентхана бой көтеруде. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру көзделген.
– Медицина саласы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Жыл сайын бюджеттен осы салаға қомақты қаржы бөлініп, ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Мұндай жобалар облысымыздың орталығы Түркістан қаласы мен барлық ауданында да қолдау табуда. Соңғы жылдары облыс көлемінде медициналық нысандар көптеп салынып, көнелері күрделі жөндеуден өтіп, шалғай елді мекендерде жаңа ғимараттар бой көтеруде. Мәселен, былтыр облыс аумағында жалпы 55 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынды. Атап айтқанда, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында өңірде 49 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға тапсырылды. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Сарыағаш ауданында 3 дәрігерлік амбулатория, Қазығұрт ауданында 1 фельдшерлік акушерлік пункт, 1 медициналық пункт, Сауран ауданында 1 фельдшерлік акушерлік пункт құрылысы жүргізілді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 2022 жылы Ордабасы аудандық ауруханасы, 2023 жылы Жетісай аудандық орталық ауруханасы, 2024 жылы Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы толық күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар Шардара аудандық орталық ауруханасына қарасты «Қазақстан» ауруханасы, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына қарасты «Қаратас» ауылдық емханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл, 2025 жылы дайын ғимаратты сатып алу практикасын қолдана отырып, 32 нысанның құрылысы іске асырылуда, – дейді Асхан Мархабайұлы.
Бұдан бөлек, Сарыағаш ауданында перинаталды орталығы бар көпбейінді аурухана құрылысы қолға алынбақ. Мақтааралдағы Атакент кентінде 210 орындық аудандық аурухананың құрылысының жобасы, Ордабасыдағы Темірлан ауылында 200 төсек орындық заманауи перинаталдық орталықтың құрылысының жобасы әзірленді. Сауран ауданы, Шорнақ ауылында 500 келушіге арналған емхана құрылысы жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Сайрам аудандық орталық ауруханасында және Кентау қалалық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, фельдшерлік акушерлік пункттердің күрделі жөндеу жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар биыл «Жетісай аудандық «Асықата», Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханалары жөндеуден өтпек. Ал Келес ауданында биыл 6 медициналық нысанның құрылыс жұмыстары басталған.
Асхан Байдуалиевтің айтуынша, Келес ауданында биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірнеше ай бұрын 28 гвардия елді мекенінде дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілген. Жалпы 28-гвардия ауылында 1890 адам тұрады. Амбулатория бір мезетте 50-60 адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда 10 медицина маманы жұмыс істейді. Ал биыл 6 елді мекенде, атап айтқанда Бесқұбыр ауылында дәрігерлік амбулатория, ал Шынар, Игілік, Достық, Атақоныс және Көлтоған ауылдарында медициналық пункттер салынуда.
– Денсаулық сақтау саласында халыққа қолжетімді медициналық қызмет көрсету сапасы да артып келеді. Бүгінде Келес ауданы аумағында 66 медициналық мекеме жұмыс істейді. Ауруханалар мен емханаларға тіркелген тұрғындар саны – 97895 адам. Оның ішінде 50916-сы ересектер, 38734-і – 0–14 жас аралығындағы балалар, 5968-і – 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер. 15–49 жас аралығындағы тұрғындар саны – 19188 адам. Демографиялық көрсеткіштерге назар аударсақ, бала туу деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 1691-ден 1533-ке төмендеген. Табиғи өсім көрсеткіші де 16-дан 15,6-ға азайған. Дегенмен, ана өлімі тіркелмеген. Ал 1 жасқа дейінгі сәбилер өлімі біршама көбейіп, 13-тен 14-ке өскен. Жалпы алғанда, Келес ауданында білім беру сапасын арттыру мен медициналық қызметті жақсарту бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Енді, 2026-2029 жылдары облыс көлемінде денсаулық саласында 6 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда, – дейді Асхан Байдуалиев.






