Бәйдібек: Асыл тұқымды қой шаруашылығына қызығатындар көп

Oinet.kz 10-10-2025 8

old-image-78594.jpg

Асыл тұқымды қой шаруашылығы Түркістан облысында жанданып келеді. Осы іспен айналысып жүрген кәсіпкердің бірі Бәйдібек ауданындағы «Нұрболат» шаруа қожалығы. Бұл шаруашылық 1991 жылдан бері мал басын асылдандырумен айналысып келеді. 2015 жылы қожалық «Байсары» қой тұқымын асылдандыруды қолға алған. Бұл бағыттағы еңбектің нәтижесінде 2023 жылы байсары тұқымына ресми түрде патент берілді.

Бүгінгі күні облыста асыл тұқымды қой саны 13 пайызға немесе 581,4 мың басқа жеткен. Жалпы облыста асыл тұқымды мәртебесі бар 850 агроқұрылым жұмыс істейді. Соңғы 10 жылда мал шаруашылығы саласында санға емес сапаға мән беріле бастаған.

Бәйдібек аудан әкімінің міндетін атқарушысы Бақыт Қырғызалиев «Нұрболат» шаруа қожалығына барып, қожалықтың жұмысы мен жетістіктерімен арнайы танысты. Ал «Нұрболат» шаруа қожалығының жетекшісі Кенжеәлі Мұғалбаев «Байсары» қой тұқымы оның он бес жылда шығарған еңбегінің нәтижесі екенін айтты. «Қазақ қылшық жүнді қойына Еділбай тұқымын, Тәжікстаннан Гиссар тұқымын, Қырғыздан, кейін Ауғанстаннан қошқар әкеліп қосып, «Байсары» деген жаңа тұқым шығардық. Бұл еліміздегі ең соңғы жаңа қой тұқымы. 2023 жылы ресми патентін алдым», – дейді ол.

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, өңірде 12 шаруашылық селекциялық жұмыспен айналысады. Қазір бұл тұқым 5 мың бастан асқан. «Байсары» қой тұқымы күннің ыстығына да, суығына да төзімді. Кез келген климатқа тез бейімделегіштігімен ерекшеленеді. Бір атап өтерлігі, басқа қойларға қарағанда бір жылда 3 есе салмақ қосатын көрінеді. Сәйкесінше бағасы да арзан емес. Мәселен, қозылары 200 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін бағаланады екен.

Біраз бұрын Түркістанда етті, майлы қой тұқымдарының V халықаралық көрмесі өткен кезде қожалық асыл тұқымды «Байсары» қошқарын көрмеге шығарған екен. Бұл көрмеге Ресей, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан, Ингушития, Моңғолия, Молдова елдерінен қой шаруашылығымен айналысатын 200-ге жуық фермер және еліміздің өзге облыстарынан келген шаруалар қатысқан болатын. «Нұрболат» шаруа қожалығының «Байсары» атты асыл тұқымды қойы көрме қонақтарын қызықтырса керек. Еттілігімен ерекшеленетін «Байсары» тұқымды ең үлкен қошқардың салмағы – 231 килограмм болыпты. 

Қожалық жетекшісінің айтуынша, асыл тұқымды қошқарларының салмағы 200 клограмға дейін барады екен. «Біздің қошқарларымыздың салмағы 200 килограм, одан да асып түсетіндері бар. Қорамыздағы әрбір қойы асыл тұқымды. Алғашқы жұмысымызды қазақтың қылшық жүнді қойларын асылдандырудан бастаған едік. Арнайы ғылыми жолмен ДНҚ сараптамасын да жасаттық. Нәтижесінде Гиннестің рекордтар кітабына енген «Байсары» атты асыл тұқымды отандық қой тұқымына қол жеткіздік. Негізінде қызығып бастап едік. Қойларымыз өзімізге ұнаған соң, Ауғанстаннан бойы биік шығатын (1,08–1,10 м) қошқарларды әкеліп, оларды будандастырдық. Содан кейін жалпақтығы мен құлағының ұзындығы қажет болды. Қырғыздағы қазіргі «Арашан» деген жаңа қой тұқымын қостық. Солардың нәтижесінде «Байсары» атты ең соңғы қой тұқымын шығардық», – дейді Кенжеәлі.

«Байсары» қойлары негізінен қызыл және қара түсті болып екіге бөлінеді. Шопан енді үшінші будандасқан «Бури» деген түрін шығарып отыр. Жаңа қой тұқымы басқа малдарға қарағанда бір жылда үш есе салмақ қосады. Бұл – еліміздегі мал тұқымын асылдандырып, ет экспортының әлеуетін арттыруға негіз болмақ. Шаруа қожалығының еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Қожалық төрағасы Кенжеәлі Мұғалбаев «Ауыл шаруашылығының үздігі», «Қой шаруашылығының үздік маманы» төсбелгілерімен және «Үздік қой өсіруші шаруашылық» медалімен марапатталған.

Осы шаруашылықта болған аудан әкімінің міндетін атқарушысы Бақыт Қырғызалиев қожалық ұжымының еңбегіне табыс тілеп, аудандағы мал шаруашылығын дамыту ісіне қосып отырған зор үлесін атап өтті.

Сарыағаш: 5 мегаватты құрайтын электр станциясы салынуда
Денсаулық саласында 6 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу