Сарыағаш: 5 мегаватты құрайтын электр станциясы салынуда

Түркістан облысы «Жасыл» экономика бағдарламасын жүзеге асыруға қолайлы аймақ. Оған облыс аудандарында жүзеге асырылып жатқан күн, су және желден қуат алатын баламалы энергия көздері станцияларының жұмысы дәлел. Енді, міне, Сарыағаш ауданында қуатты 5 мегаваттық шағын электр станциясы жобасы жүзеге асырылуда.
Елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толыққанды шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Сондықтан да Қазақстан «Жасыл» экономикаға бет бұрды. Бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалануға, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы еліміздің сағатына бір триллион киловатт электр энергиясын өндіруге мүмкіндігі бар.
Мәселен, жуырда Қытайдың Бейжің қаласында өткен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің отырысында еліміздегі ең ірі күн электр станцияларының бірін Түркістан облысында салу туралы келісімге қол қойылған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңде China Energy Engineering Group компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен кездесіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Кездесу барысында электр желілері инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтуге, орталық салуға, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр қуатын өндіру жобасын жүзеге асыруға қатысты мәселелер қозғалды.
Energy China компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желілерінің құрылысын жүргізуге, жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыруға ниет білдірді. Келіссөздер нәтижесінде құны шамамен 320 миллион АҚШ доллары болатын күн электр станциясы Түркістан облысының Сауран ауданында салынбақ. Жоба 2025–2026 жылдары жүзеге асырылады. Атап өтерлігі, Fortune Global 500 рейтингіне кіретін халықаралық ірі компания жел, күн және жылу қуатын өндіру, ядролық энергетика, су үнемдеу мен гидроэнергетика салаларында жұмыс істейді. Күн электр станциясының іске қосылуы еліміздің энергетикалық балансын әртараптандыруға, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға және Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жолындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын бекітуге мүмкіндік береді.
Негізгі тақырыпқа оралсақ, жоғарыда сөз еткен 5 мегаватты шағын электр станциясы Сарыағаш ауданына қарасты Қабланбек ауылдық округі аумағында салынуда. Ол жобаны «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолға алған. Бүгінгі таңда жобаны іске асыру үшін құжаттар рәсімделіп, құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі басталып кетті. Нақтырақ айтқанда, нысанға апаратын жол мен көпір құрылысы жүргізілуде.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев нысанның құрылыс барысымен танысып, жобаның сапалы әрі уақытылы іске асырылуы басты назарда екені атап өтті.
– Бүгінгі күні орайын тапса дархан даланың шыққан күні, соққан желі, аққан суы да – игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз әбден жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс – мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады. Бүгінгі таңда облысымызда күн, су және жел электр стансаларының көптеп салына бастауы соның дәлелі, – дейді аудан басшысы.
Аудан әкімі «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өкілдерімен кездесіп, алдағы жоспар мен жобаның іске асу кезеңдерін талқылады. Осы жобаны іске асыру аясында өңірдегі электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.


