Сарыағаш: Аудан аумағында маңызды жобалар жүзеге асырылуда

Сарыағаш ауданында инфрақұрылым бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Соның бірі – Түркістан облысында салынып жатқан ұзындығы 152 шақырымды құрайтын «Дарбаза–Мақтаарал» жаңа темір жол желісі. Бұл желі бес ауданның аумағынан өтіп, Өзбекстан Республикасымен шекара арқылы жалғасады. Аталған жоба Каспий теңізі арқылы одан әрі шетелдерге жүк тасымалдау әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл маңызды жобаның бір бөлігі Сарыағаш ауданы арқылы өтуде.
Сарыағаш ауданында салынып жатқан «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы келесі жылы аяқталады. Ұзындығы 152 шақырым болатын ірі инфрақұрылымдық жобаға қазір 800-ге жуық адам тартылған. Жаңа теміржол Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарын қамтып, Өзбекстан арқылы алыс-жақын шетелдерге тауар тасымалдауға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін 90 шақырым жердің ой-шұқыры тегістелген.
Жоба құрылысы екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезеңде жер тегістеліп, жол бойында 3 станция, 2 разъезд бой түзейді. Көпірлер мен су құбырлары салынады. Жоба бойынша жаңа темір жолдың бойынан 37 көпір салу жоспарлануда. Бүгінгі күні соның 26-де құрылыс жұмыстары басталған. Бұдан бөлек 125 темірбетонды су өткізгіш құбыр қарастырылған болса, дәл қазір соның 54-де құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев темір жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Оспановпен кездесті. Кездесу барысында құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасы, сондай-ақ аудан аумағындағы инфрақұрылымға әсері талқыланды.
– Қазіргі таңда жоба аясында 37 көпірдің 26-сының құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, темір жол бойында 3 станция мен 2 разъезд салу жоспарланған. Айрықша атап өтерлігі, Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 500 метрлік ірі көпір тұрғызылуда. Құрылыс жұмыстарына 350 техника мен 800-ге жуық жұмысшы тартылған. Ауқымды жоба 2026 жылдың желтоқсан айында толық аяқталады деп жоспарланған, – дейді Азамат Оспанов.
Маманның айтуынша, көпірдің ұзындығы 94 метр, биіктігі 10 метр. Нысан қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 500 метр болатын үлкен көпір түсірілмек. Оның да құрылысы басталған. Жалпы құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Алдағы қараша айында рельс-шпалды торларды төсеуді бастаймыз. Арыстағы базамызда қазіргі таңда 110 шақырым рельс-шпалдан құрылған тор дайын тұр. Бүгінгі таңда құрылысқа 350 техника жұмылдырылған және 750-800-ге жуық адам жұмыс істеуде. Үлкен қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Құрылыстың екінші кезеңі келер жылы басталады. Онда 18 шақырымға теміржол төселеді. Жоба бойынша бір станция, бір разъезд, бір бақылау пункті және бір шекара бекеті ашылады» дейді Азамат Оспанов.
Сондай-ақ аудан әкімі Арман Абдуллаев Көктерек ауылдық округіндегі кәріз жүйесінің жұмысын оңтайландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысты. Аудан әкімінің айтуынша, аудан аумағында экологиялық және санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, кәсіпкерлермен бірлесіп кәріз жүйесінің тиімді жұмысын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Сонымен Көктерек ауылдық округінде орналасқан КНС-1 кәріз жүйесінің құрылыс жұмысын «Сарыағаш-Тұрмыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны бастаған болатын. Өкінішке орай бүгінгі күні нысанның құрылыс жұмысы уақытша тоқтап тұр.
Коммуналдық мекеме өкілдері КНС-1 кәріз жүйесінің жұмысын оңтайландыру мақсатында бірқатар нақты ұсыныстар берген. Қосымша 3 су сорғы насос қондырғысын орнату, сарқынды су жинау орнын кеңейту, жиектеріне қосымша топырақ төсеу, көл астында жиналған сазды тазалау жұмыстары. Аталған ұсыныстар қанағаттандырылып, жұмыстар шипажай иелерінің өз қаражаты есебінен басталып кеткен.
Айта кетсек, аталған нысан бойынша қызмет көрсетуші мекеме – «Сарыағаш-Тұрмыс» МКК 2025 жылғы 27 тамызда №70 санды хабарлама арқылы кәріз жүйесінің жұмысын 1 қазаннан бастап тоқтату туралы ресми ескерту жасаған болатын. Бұл шешім қаржы тапшылығы және техникалық мүмкіндіктердің шектеулігіне байланысты қабылданған. Қазіргі таңда, 59 шипажай иесі өз келісімін берген. Аудан әкімінің төрағалығымен, 2025 жылғы 10 қыркүйекте аудан прокурорының қатысуымен кәсіпкерлермен кездесу өткізіліп, кәріз жүйесінің ахуалы мен шешу жолдары түсіндірілді. Кездесу барысында қаржы толық бөлінгенге дейін сарқынды суды қабылдау уақытша тоқтатылатыны туралы хабар берілген болатын.
Қазіргі таңда, үлкен көлемдегі насос құрылғыларын ауыстыру барысында сарқынды сулардың сыртқа шығу жағдайлары орын алуда. Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, бұл мәселені тез шешу жолдарын қарастырып, тиісті тапсырма берді.


