Келес: Халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін жобалар іске асырылуда

Келес ауданында экономикалық өсімнің қарқыны жыл санап артып келеді. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, өткен сегіз айда өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі 63,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,6 пайызды құраған.
– Бүгінгі күні аудан экономикасының негізін құрап отырған ауыл шаруашылығы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» екенін айта келіп, бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің барына тоқталған болатын. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек екенін, ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін ірі экожүйе қалыптастыру қажеттігін алдымызға қойған еді. Міне, бүгін біз Президент тапсырған міндеттерді басшылыққа алып жұмыс істеп келеміз. Атап айтар болсам, қазіргі таңда ауданда ауыл шаруашылығы үлесі 33,1 миллиард теңгені құраса, сауда көлемі – 21,2 миллиард теңге болып қалыптасты. Құрылыс саласы – 5 миллиард теңгеге, ал өнеркәсіп – 3,9 миллиард теңгеге жетті. Биылғы жылдың қорытындысында жалпы өндірілген өнім көлемін 126,7 миллиард теңгеге жеткізу межеленіп отыр, – дейді аудан басшысы.
Ауданда жақсы өсімді қамтамасыз ету үшін өнеркәсіп саласында жаңа жобалар қолға алынуда. Атап айтар болсақ, жалпы құны 9,7 миллиард теңгені құрайтын 6 жобаның іске асырылуы 130 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жүзімдік ауылдық округінде құны 2,5 миллиард теңге болатын минералды су зауыты салынып, 30 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін, шаруаларға субсидия беру, қаржыландыра отырып ауыл шаруашылығын көтеру керектігін айтты. Өздеріңізге белгілі, әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Ауыл шаруашылығында шикізат секторымен бірге қайта өңдеу саласын жан-жақты дамыту кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Өңірде ауыл шаруашылықтарын қаржыландыру талапқа сай атқарылуда. Мәселен, инвестиция тарту арқылы Ақтөбе ауылдық округінде қуаттылығы 20 мегаватт болатын күн электр станциясы ашылмақ. Ол жобаның құны 4 миллиард теңгені құрайды. Онда жаңа 20 жұмыс орнын құру қарастырылған. Сондай-ақ, осы округте «Almaty NS-Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күйдірілген қыш зауыты бой көтеруде. Ол 2025–2026 жылдары іске қосылады. Оның жалпы құны 2,5 миллиард теңге. Бұл кәсіпорын 30 адамды жұмыспен қамтуды көздейді.
Ұшқын ауылдық округінде 200 миллион теңгелік шұлық тігін цехы ашылып, 10 адам еңбекке тартылмақ. Ал Абай ауылында пластикалық ыдыстар өндіретін цех және сүт өңдеу цехы іске қосылады. Жоспарланған жобалар жүзеге асқанда аудан экономикасына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.
Жалпы Президентіміз әрбір Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша басымдық беріп келеді. «Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды» деп агросалаға басымдық бергені де белгілі. Осы ретте Келес ауданында мал шаруашылығын дамыту бойынша арнайы жоспар құрылып, «Ауыл аманаты» жобасы аясында бір агроқұрылым құру жоспарланған. Бұл жоспар бойынша жұмыстар жалғасуда.


