«Ол етті бәріміз жеп жүрген шығармыз»: Астанадағы дәмханаларға 750 келі ит еті жеткізілген
Тимур Балымбетовтің "ЧЕСТНОГОВОРЯ" подкастында қоғам белсенділері Сергей Снегирев пен Темірлан Тоспаев ит етінің көлеңкелі айналымы мен жануарларды аулау жүйесіндегі заңсыз схемалар жөнінде айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Олардың айтуынша, Оралда қаңғыбас иттерді аулау бойынша тендерді ет өңдейтін компания жеңіп алған. Сондай-ақ Астанада тінту кезінде 750 келі ит еті табылып, кейбір қоғамдық тамақтану орындарына аралас фарш жеткізілгені айтылды.
Зообелсенді Темірлан Тоспаевтің айтуынша, биыл Батыс Қазақстандағы қалалардың бірінде бұралқы иттерді аулау бойынша тендер ойнатылған.
"Оралда қаңғыбас иттерді аулау бойынша тендерді ет өңдейтін компания жеңіп алған. Ең қызығы жақында табылған чип туралы жаңалық. Әрине, тексеру кезінде ол нақты қаңғыбас итке тиесілі екені дәлелденген жоқ. Бірақ бәрібір ойлануға себеп бар. Яғни, ол чип болды ма, болмады ма? Иә, ол чип болған", – деді Темірлан Тоспаев.
Бұралқы жануарлар мәселесі тек көше қауіпсіздігімен шектелмейді. Сарапшылардың айтуынша, осы саланың артында үлкен ақша, көлеңкелі схемалар мен қатыгездікке толы жүйе жатыр. Тіпті ит етінің заңсыз айналымы туралы да даулы мәлімдемелер айтылған.
"Сіздер барлық көлеңкелі тұстарын көріп отырған жоқсыздар, біз де әлі бәрін ашып көрсеткен жоқпыз. Осы саладағы ит етінің айналымын да әлі толық жарияламадық. Ол одан да сұмдық. Яғни, қазір тақырыпты толық тарқатып, егжей-тегжейлі айтпай-ақ қояйық. Бірақ мәселе тауарлық көлемдегі, өнеркәсіптік деңгейде дайындалған ит еті туралы болып отыр. Дәстүрлі корей асханасы жайлы емес. Әңгіме қоғамдық тамақтану орындары туралы. Соның ішінде Астанадағы дәмханалар мен мейрамханалар туралы. Мұның бәрі сотпен дәлелденген", – деді Сергей Снегирев.
Қоғам белсендісі Сергей Снегиревтің айтуынша, екі жыл бұрын сот өтті. Онда белгілі франшизаларға дейін кіретін мейрамханалардың тізімі болған.
"Қоғамдық дәмханалар тұтас емес, аралас тартылған ет сатып алған. Қарапайым тілмен айтқанда, ит еті араластырылған фарш. Ал оны жеткізуші кім болды дейсіз ғой? Бұралқы иттерді аулауға кімнің мүмкіндігі, ресурсы мен құзыреті бар? Мұның бәрі сот қаулысында көрсетілген, дәлелденген нәрсе. Бұл өсек емес. Әңгімелердің аудиожазбалары бар, бақылау мақсатындағы сатып алу жүргізілген. Тергеу барысында құқық қорғау органдары жасайтын барлық шаралар жасалған. Барлық материалдар бар, қажет болса көрсетуге болады", – деді қоғам белсендісі Сергей Снегирев.
Сонымен қатар ол бақылау сатып алу кезінде 100 келі ет алынған. Сергей Снегиревтің сөзінше, аталған сан сатушы айтқан ең аз көлемдегі партия. Ал оның үйін тінту кезінде 750 келі ет тәркіленген. Соның ішінде қоспалар болған дейді қоғам белсендісі.
Сергейдің айтуынша, кейбір деректер толық дәлелденбегенімен, қаңғыбас жануарлар төңірегіндегі көлеңкелі схемалар туралы күмәнді жайттар аз емес. Оның сөзінше, бұл жүйеде қоғам біле бермейтін тетіктер де бар.
"Мысалы, бірнеше жыл бұрын Алматы облысының Қарасай ауданында волонтерлер өз беттерінше зерттеу жүргізіп, арнайы қасапхананы тапты. Біз ірі қара не ұсақ мал соятын орындардың барын үйреншікті нәрсе деп қабылдаймыз ғой, ал бұл жерде тек иттерге арналған қасапхана болған. Сол жерден өлтіруге дайындалып тұрған тірі иттерді тапқан. Олардың арасында иесі бар иттер де болған: қарғыбауы тағылған, мойынжібі бар. Қаңғыбас иттермен араласып жатқан. Бірақ бұл оқиғадағы ең сорақысы әрі ең ашынарлығы адамдар суреттерден өз иттерін тани бастағаны. Бір әйел волонтерлер түсірген фотоны көріп "Бұл менің итім ғой" деген. Содан кейін байқампаз адамдар "Тоқтаңыздаршы, анау қара-ақ итті көріп тұрсыздар ма?" деп, әлгі иттің қасапханаға қалай түскен жолын зерттей бастаған", – деді қоғам белсендісі Сергей Снегирев.
Маманның сөзінше, Қарасай ауданындағы аулау қызметі ол итті Қарасайда ұсталды деп тіркеген. Ал шын мәнінде, ол Алматыда ұсталған екен. Яғни, Алматының аулау қызметі итті ұстап, изоляторға қамап, соған бюджеттен ақша алған. Кейін Қарасай ауданынан келген аулаушылар Алматыдағы изолятордан сол итті алып кетіп, өздерінде қайтадан "ұсталды" деп тіркеген.
"Елестетіп көріңізші, осындай айналым. Ақырында қасапханаға тапсырған. Ал негізінде бұл бір ғана жүйе. Бұл жай кездейсоқтық емес, жүйе. Сондықтан мен мұның өнеркәсіптік ауқым екенін айтып отырмын. Қоғамда кейде: "Корей асханасында ит етін жейді екен" деген сияқты әңгімелер айтылады ғой. Бірақ шын мәнінде, ол етті бәріміз жеп жүрген шығармыз".
Еске салайық, бұған дейін Астанада заңсыз ет өнімдерін сатып келген екі кәсіпорын анықталғаны туралы жазған едік. Полиция мәліметінше, ет өңдеу жұмыстары рұқсатсыз әрі антисанитарлық жағдайда жүргізілген. Сонымен қатар 2023 жылы Ақмола облысында ер адамның иттерді аулап, кафелерге сатқан деген күдікпен ұсталғаны хабарланған. Ол кезде құқық қорғау органдары 750 келіден астам ит етін тәркілеген. Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, жануарларға қатыгездік жасау фактісі бойынша қылмыстық іс 20 ақпанда тіркелген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Астанадағы кафелердің бірі күдіктіден 150 келіге жуық ет сатып алған. Ол үшін 100 мың теңгеден астам қаражат төленгені белгілі болды.
Полиция ер адамның бұрын ветеринария саласында жұмыс істегенін және иттерді ату тәсілдерін меңгергенін хабарлады. Тінту барысында "Аделин-супер" препараты бар 26 улы ине (дротик), 190 улы ине салынған 19 пластина, ине орнатылған шприц пен арнайы құралдар тәркіленген. Сот шешімінен кейін олардың барлығы жойылған. Сонымен қатар полиция Шортанды аудандық полиция бөлімінің тергеушісі істі қысқа мерзімде аяқтағанын атап өтті. Төрт томнан тұратын қылмыстық материал екі апта ішінде сотқа жолданған. Шортанды аудандық сотының үкімімен күдіктіге 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 690 мың теңге айыппұл салынған. Полицияның хабарлауынша, айыппұл толық төленген.


