«Әділет» кімнің саяси жобасы?

Oinet.kz 13-05-2026

Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың жазуынша, Қазақстанның саяси кеңістігінде соңғы жылдары байқалған өзгерістер енді жаңа сапалық кезеңге аяқ басты. Бұған жаңадан жария болған «Әділет» саяси жобасы анық дәлел. Бұл партияның пайда болуы – жай ғана кезекті саяси ұйымның тіркелуі емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси философияның институционалдық жалғасы.

NrQ2Vdyt.png

Жаңа Конституция елдің саяси архитектурасын түбегейлі өзгертпек. Бұрынғы Сенат пен Мәжіліс, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ұлттық құрылтай, мемлекеттік кеңесші секілді институттардың орнына жаңа саяси конфигурация қалыптасады. Оның өзегінде Құрылтай, Халық кеңесі және Вице-президент институты тұрмақ.

Осы ауқымды өзгерістер аясында «Әділет» партиясының пайда болуы кездейсоқ емес. Бұл – бірнеше жылдан бері дайындалған саяси жобаның жария сатыға шығуы.

Партияның идеологиялық платформасы да президенттік реформалар логикасымен үндес. Онда «ескірген моральдық стереотиптер мен өткен дәуірдің саяси мұрасынан бас тарту» қажеттігі айтылады. Оның орнына әділеттілік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс сияқты құндылықтар ұсынылған.

Бұл ұрандар кездейсоқ таңдалмаған. Соңғы жылдары Президент жариялаған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы да қоғамның моральдық жаңғыруын, сана тазалығын және қоғамдық жауапкершілікті алдыңғы орынға шығарды. Осы тұрғыдан қарағанда, «Әділет» – биліктің жаңару философиясын саяси ұйым деңгейінде жүзеге асыру құралы.

Бұл жерде партия құрамындағы тұлғалардан бұрын оның жетекшісінің кім екені маңыздырақ. Өйткені Президент өзінің ең сенімді кадрларының бірі Айбек Дәдебаевты жаңа құрылымның басына әкелуі арқылы жобаның маңызын айқын көрсетті.

«Әділеттің» саяси сахнаға шығуы парламенттік кеңістікті қайта құрылымдау мәселесін күн тәртібіне қойып отыр.

Қазақстанда партиялық жүйе соңғы жиырма жылда бірнеше модельден өтті. 2007 жылы Мәжілісте жалғыз «Нұр Отан» болды. 2012, 2016 және 2021 жылдары үшпартиялық конфигурация орнықты. 2023 жылғы сайлауда бұл модель кеңейіп, алты партия Парламентке өтті.

Бұл әртараптандыру сырттай бәсекелестікті күшейткендей көрінгенімен, іс жүзінде барлық парламенттік партиялар президенттік реформалар төңірегінде топтасты. Тіпті бұрын өзін оппозициялық күш ретінде танытқан құрылымдардың өзі айтарлықтай белсенділік көрсете алмады.

Ең белсенді жұмыс «Аманат» партиясына тиесілі болды. Ол заң шығару қызметімен қатар әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобалар жүргізді. Сонымен бірге соңғы референдумдардың ақпараттық-насихаттық жүгін де негізінен осы партия көтерді.

Енді дәл осы электоралдық кеңістікке жаңа «Әділет» келіп отыр. Бұл жағдай орталықшыл сайлаушылар үшін де, «Аманат» белсенділері үшін де күрделі таңдау туғызуы мүмкін.

Саяси тұрғыдан қарағанда, бұл Тоқаев командасының «аға буын» және «жаңа буын» болып шартты түрде жіктелуі ретінде қабылдануы ықтимал.

Ал «Аманат»  қарсы шабуылға бармайды. Оның қолында қалыптасқан электорат, ұйымдастырушылық тәжірибе, кең аймақтық желі және нақты нәтижелер бар. Сол себепті алдағы кезеңде екі партия арасында ашық текетірес емес, үнсіз бәсеке жүруі ықтимал. Екеуі де президенттік реформалар аясындағы ортақ құндылықтарды қорғай отырып, әртүрлі электоралдық топтарға жұмыс істейді. Болжам бойынша, екеуі де сайлау кедергісінен сенімді өтеді және жаңа Құрылтайдағы жетекші позицияларға ие болады.

Саяси жүйе үшін бұл кезең үлкен сынақ болмақ. Өйткені Қазақстан алғаш рет жаңарудың бір орталықтан басқарылатын, бірақ көпвекторлы партиялық моделіне қадам басып отыр.

«Әділеттің» табысы немесе сәтсіздігі тек партияның өзіне емес, жалпы президенттік реформалардың қоғамдық қабылдануына байланысты болады.

Шымкенттік шенеуніктер Таразда сотталып жатыр
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу