9-сынып оқушылары жұрттың үрейін ұшырып, жалған хабарлама таратқан
Полиция жарылыс туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік бар екенін ескертті.

Әлеуметтік желілерде жасөспірімдер жарылыс, өрт және басқа да қауіптер туралы жалған хабарламалар таратқаны анықталған. Алматы облысында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасаған 9-сыныптың екі оқушысы ұсталған. Олардың Астана қаласы мен Алматы облысындағы осындай 14 дерекке қатысы бары анықталған.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының 9-сынып оқушысы желі қолданушыларымен арадағы жанжал салдарынан олардың атынан Шымкент қаласы әкімдігінің және Ақтау қаласындағы сауда үйлерінің бірінің электрон поштасына жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарлама жіберген. Қылмыс жасау кезінде олар аноним телефон нөмірлер мен электрон пошталарды пайдаланған.
"Бұл әзіл немесе қалжың болса да, мұндай әрекеттер - қылмыстық құқықбұзушылық. Жалған қауіп туралы хабарламалар адамдар арасында дүрбелең туғызып, шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді. Мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік қарастырылған", - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығының орынбасары Аман Әубәкіров.


